Әлемді жүлде қорымен емес, медаль санымен таңғалдырсақ...

Әлемді жүлде қорымен емес, медаль санымен таңғалдырсақ...

Әлемді жүлде қорымен емес, медаль санымен таңғалдырсақ...
ашық дереккөзі
Қазір Бейжің Олимпиадасына қатысқан 90-ға жуық елдің қысқы спорт түрлеріне жауапты комитеттері төрт­жылдықты қорытындылап жатыр. Сол секілді біз де жуыр­да аяқталған Ақ Олимпиада­да­­­ғы қазақстандық атлет­тердің аяқ алысын бағамдап көруге тырыстық. Өкінішке қа­рай, бұл Олимпиададан Қазақстан құрамасы құралақан орал­ды. Жазғы Олим­пиада ойындарында үнемі алтын алқалап үйре­ніп алған біз алты ай бұрын Токиода өткен жазғы Олим­­пиадада тек қола жүлдені қанағат тұтуға мәж­бүр болғанбыз. Ал қысқы Олимпиадада қола ме­даль­ды­ алтыннан артық санайтын біз Бейжіңде сол қо­лаға да жете алмай қалдық. Осы Олимпиадада спорт­тың 87 түрінен бақ сы­на­ған 34 қа­зақ­стан­дық спорт­шы­ның көпшілігі бірін­ші сайыс кү­ні-ақ жарысты аяқ­т­ады. Ал бір­неше кезеңнен құрал­ған сайыс­тан сүрінбей өтіп, финалға жет­кен шорт-трек­ші Абзал Әжі­ға­лиев жүлдеге бір табан жетпей, төртінші орынды місе тұтты. Бұл төртінші орынды та­ри­хи жеңіс­ке теңеген қазақ­стан­дықтардың реакциясын көр­ген Азбал сұхбат берерде ала­­­­сапыран күй кеш­ке­нін бай­қа­дық. Кейін ол Олим­пиа­дада көр­­­сет­кен жоғары көр­сеткішімен құт­тықтап, жеделхат жолдаған Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­қа алғыс айтып, «Көңілім құла­зып, салым суға кет­кенде сіз­дің маған арнаған жедел­ха­тыңыз спортшылармен әр­дайым бірге екеніңізді жет­кізді. Осын­дай сәтте, әсіресе жеңі­лісте айтылған жылы сөз­дер­ден асқан қолдау жоқ» деп ри­зашылығын білдірді. Абзал се­кілді алыптармен арпалысып ақ­тық сынға өткен фристайлшы Ақ­маржан Қалмырзаева жарыс­ты 11-орынмен аяқтады. Ал фрис­тайл-могулдан Қазақстан құра­масының үздігі саналатын, 2018 жылғы Пхенчхан Олим­пиа­дасының қола жүлдегері Юлия Галышева ақтық сынға өте алмай, 11-орынға табан тіреді. Соң­ғы күні жарысқа араласқан ко­нькиші Надежда Морозова фи­налға өткенімен, қарсылас­та­рын басып оза алмай, 15-орынға жайғасты. Төртжылдықтың басты додасы саналатын Ақ Олим­пиадада Қазақстан құра­ма­сы­ның медальсыз қалуы бірінші рет емес. Бұған дейін ұлттық құ­ра­ма мықтылары екі Олим­пиа­да қатарынан, атап айтсақ, 2002 жылы Солт-Лейк-Сити (АҚШ) мен 2006 жылы Туринде (Ита­лия) өткен Олимпиада ойын­дарында да қоржынға тіпті қо­ла жүлде түсіре алмап еді. Елі­міз­де қысқы спорт түрлеріне де­ген қамқорлық кемшін екенін жақ­сы түсінетін көпшілік спорт­шы­лардың Токио мен Бейжіңдегі ба­бын бағамдап, ел спортына тү­бегейлі реформа керек деп са­най­ды. Ал кейбірі Олимпиада сайын үздік үштікке еніп жүрген шетелдік құрамалардың дайын­дық жұмысын үлгіге алған абзал екенін алға тартады. Үздік үштік дем­екші, беделді The Economist ба­сылымының мамандары ал­дын ала болжағандай, Бейжің Олимпиадасында жалпыко­ман­далық есепте Норвегия құра­ма­сы­на тең келер ешкім табылмады. Халқының саны 6 миллионға да жет­пейтін Норвегия елінің мық­ты­лары 16 алтын, 8 күміс және 13 қола жүлде еншілеп, рекорд ор­­натты. Бұған дейін қысқы Олим­пиада тарихында ешбір ел­дің құрамасы бір Олимпиадада 16 алтын медаль иелене алмаған. Бір қызығы, Норвегия құрама­сы­ның қоржынындағы 16 алтын ме­дальдің 5-еуін биатлон спор­ты­ның бес түрлі сайысында еш­кім­­ге дес бермеген 28 жастағы нор­вегиялық атлет Йоханнес Бё сал­ды. Ал 12 алтын, 10 күміс жә­не 5 қола медаль алған Германия ко­мандасы екінші орынды ие­лен­се, 9 алтын, 4 күміс және 2 қо­ла жүлде иеленген жарыс қо­жайын­дары қытайлықтар үздік үштікті түйіндеді. Ал 27 құра­ма­ның көрсеткіші тізілген жалпы­ко­мандалық есепті шаңғы жары­сын­да 1 қола жүлде алған Латвия құрамасы қорытындылайды. бұл есепке ілінбеген, бірде-бір жүл­де иеленбей қалған 64 құра­маның ішінде біздің елдің аты тұрғаны өкінішті-ақ. Қош делік, 2008 жылы жаз­ғы Олимпиаданы абы­роймен өткізіп, арада 14 жыл өт­кен соң қысқы Олимпиаданы да жоғары деңгейде ұйым­дас­ты­рып, әрі жазғы әрі қысқы Олим­пиа­да ойындарын өткізген тұң­ғыш қала – Бейжіңде жолымыз бол­мады. Тіпті, 16 күн бойы әлем на­зарын өзіне аударып, 16 алтын ме­даль алған норвегиялықтар секілді әзірше топ жара алмас­пыз. Алайда Олимпиадашыларға беретін жүлде қорының сомасы жа­ғынан жаһан алдында келеміз. Әй­гілі CNBC агенттігі ұсынған мә­ліметке сүйенсек, қомақты жүл­де қоры тағайындалған ел­дер тізімінде Қазақстан екінші орын­да тұр. Бірақ көш басында тұрған Сингапур үкіметі (1-орын­ға – 737 000 доллар, 2-орын­ға –396 000 доллар, 3-орын­ға – 184 000 доллар) бюд­жеттен әлем таңғалатын сома бөлуді жоспарлағанымен, син­гапурлық спортшылар іріктеу сайыстарында Олимпиада жол­дамасын ұтып ала алмай, Бей­жің­ге бармады. Ал алтын жүлде үшін 250 000 доллар, күміске 150 000 доллар, қола медальға 75 000 доллар көлемінде сыйақы бекіткен біздің ел туралы әлемдік БАҚ өкілдері «Бәрінен қымбат жүлде қоры Қазақстанда» деп жарыса жазды. Ал 8 алтын, 10 кү­міс, 7 қола медаль көрсет­кіші­мен жалпыкомандалық есепте 4-орынға жайғасқан АҚШ атлет­тері 1-орынға 37,500 доллар, 2-орын­ға 22,500 доллар, ал үшін­ші орынға 15,000 доллар төлейді. Әр елдің жүлде қорын салысты­рып шыққан шетелдік журналис­тер америкалықтардың қазақ­стан­­дық атлеттерден 7 есе аз сыйа­­қы алатынын ерекше атап өтті. Forbes журналында жария­лан­ған мәліметке сенсек, Бейжің Олимпиадасына қатысқан 91 елдің тек 32-сі ғана жүлдегерлерге қаржылай сыйақы ұсынады. Бір қызығы, жалпыкомандалық есеп­­те көш бастап тұрған, мық­ты­лығын «біз шаңғымен туамыз» деп әсірелейтін Норвегия құра­ма­­сы мен бұл есепте 6-орынға та­бан тіреген Швеция коман­да­сына үкімет тарапынан ешқан­дай сыйақы берілмейді. Оларға де­меушілермен жасасқан келі­сім­шартқа сәйкес берілетін жүл­де қоры ғана ұсынылады.  width= Белгілі болғандай, Бейжің Олимпиадасында үздік үштікке ілінбесе де, ел на­мысын қорғаған 34 спортшының түгеліне қаржылай сыйақы бері­леді. Мысалы, Олимпиадада төр­тінші орынға табан тіреп, шорт-трек сайысында Қазақстан тари­хын­да бұрын-соңды болмаған жетістікке жеткен, ту көтеріп шығу мәртебесіне ие болған Аб­зал Әжіғалиевқа 40 000 доллар (17,1 миллион теңге) көлемінде сыйақы беріледі. Абзалмен бірге ара­лас эстафетада жүгіріп, 5-орын­ға тұрақтаған Денис Ни­ки­ша, Әділ Ғалиахметов, Ольга Тихонова мен Яна Хан 10 000 дол­лар (4,1 миллион теңге) сыйа­қы алады. Дәл осындай сома Олим­пиадада баптап өсірген шә­кірттері 1-6 орындар иеленген бап­керлерге де беріледі, бірақ бұл сома жеке, мемлекеттік және бас бап­кер арасында бөліске салы­на­ды. Бірақ командалық сайыста үз­дік алтылыққа енген қазақ­стан­дықтардың үш бапкеріне де дәл осындай сома төленеді. Бей­жің Олимпиадасының қоры­тын­дысы бойынша, спортшылар мен бапкерлерге республикалық бюд­жет есебінен жалпы сомасы 140 000 доллар (60 миллион тең­геге жуық) болатын сыйақы бері­леді. Жазғы және қысқы Олим­пиада ойындарының жүл­де­герлеріне тағайындалатын жүл­де қорының сомасы Үкімет­тің 2014 жылғы 19 желтоқсанда шығарған №1435 үкіміне сәйкес реттеледі. Әр қысқы Олимпиада сайын 1994 жылы Лил­леха­­­­мерде (Норвегия) өткен қыс­қы Олимпиада ойындарында ал­тын медаль иеленіп, осылайша тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бірінші Олимпиада чемпионы атан­ған шаңғышы Владимир Смир­новтың есімін жиі атаймыз. Қысқы Олимпиада тарихында Қа­зақстанға егемендік алғалы жал­ғыз алтын медаль әкелген Смир­новтан соң 28 жыл ішінде оның ерлігін қайталай алатын мық­тыны қайтсек баптап шыға­мыз деп бас қатырамыз тағы. «Бәрінен қымбат жүлде қоры Қа­зақстанда» деп жарыса жазған әлем­дік БАҚ біздің атлеттердің қыс­қы Олимпиада ойындарында ал­тын алғанын алаулатып, алты құрлыққа қашан жар салары бел­гісіз.