Зейнелхан МҰХАМЕДЖАН: Бұл – төзімділікті қажет ететін өнер

Зейнелхан МҰХАМЕДЖАН: Бұл – төзімділікті қажет ететін өнер

Зейнелхан МҰХАМЕДЖАН: Бұл – төзімділікті қажет ететін өнер
ашық дереккөзі
Қазақ халқында ұмыт бола бастаған қолө­нер түрлері көп. Солардың бірі бізбен кесте тігу өнері болатын. Суретші Зейнелхан Мұха­мед­жанұлы – халқымыздың осы бір дәстүрін қайта түле­тіп, заманауи көркем өнермен ұш­тастырған өнер иесі. Ол Моңғолияның Баян-Өлгей айма­ғын­да дүниеге келген. 1992 жылы атажұртқа бір­жола қоныс аударған соң, өнердегі өзі ұстан­ған бағытты барынша дамы­тып, қазір біз кес­те өнерін халық арасында на­сихаттап жүр. Зей­нелхан біз кестемен тоқылған туын­ды­лары арқылы әлемнің көп­теген ел­індегі көр­мелерге қатысып, көрер­мен­дер мен өнердегі әріптестері тарапынан жоғары баға алған. Қа­зір Қазақстанның әр өңірінде кес­­те тігу өнеріне бейім жастарға дәріс беріп жүр­­ген суретшіге ха­барласып, сұхбаттасқан едік. – Зейнелхан мырза, сіз халқымыз­дың байырғы дәс­түрлі қолөнері біз кестені қайта жаңғыртып, за­манауи бей­нелеу өнерімен ұштастырған маман еке­­ніңізді білеміз. Басқа да сурет және бей­нелеу өне­рімен салыстырғанда бұл ба­ғыттың қандай құн­дылығы бар? Артық­шылығы мен қиындығы не? – Иә. Осы жерде сәл шегініп, өткенімізге бір көз са­лайық­шы. Қазақ халқының тари­хын­да бейбіт тіршіліктен гөрі ат жалы мен түйе қомында, арпалыста өткен кезеңі көп бо­лыпты. Сондай күрделі кезеңдерден өтіп, бү­гінге жет­­кенше салт-дәстүр, өнер, мәде­ниет­тен жоғалтқа­ны­мыз аз болмағаны бел­гілі. Заман ағымына қарай салт-дәстүріміз де өзгеріске ұшырады, кейбірі ұмытылды де­гендей. Сол киелі өнеріміздің бірі де біре­гейі – біз кесте өнері. Соңғы уақытта біз кес­те Қазақстанда жақсы сұра­нысқа ие бо­лып келеді. Кесте – дәстүрлі қолөнер түрінде және бейнелеу өнері саласында, сосын көр­кем кесте жанры ретінде қалыптасты. Мен бұл кесте өнерімен айналысқаныма 30 жыл­дан асып барады. Біз кесте өнері өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап қазақ елінде күнделікті қолданыстан шығып, ұмытыла бастады. Сол кездегі саяси жүйе ұлтсыздандыру, дәстүрлі құндылықтарды жоспарлы түрде жою сияқты жүйелі жұ­мыс жүргізді. Бір көңілге демеу болары ұлттық өнері­міз бен салт-дәстүріміздің біразын шетелдегі қан­дас­тарымыз сақтап қалды. Соның бір көрінісі – осы біз кес­­те өнері. Бірақ осы біз кестемен тігілген тұскиіз, ала­шалар Қазақстанның музей қорларында көптеп сақталып қалған. Бұл бұйымдар ою-өрнекпен кестеленген, көздің жауын алар шеберліктің шыңы, қолөнердің классикалық үлгі­лері. Бір ғана әттегенайы осы жауһарларды көрген қара көздеріміз басын шайқап, бір тамсанып алып, кете бе­реді. Бұл қандай техникамен орындалған дүние еке­ніне бас қатырмайды. Себебі қазіргі адамдардың түсі­ні­гін­де «біз кесте» деген ұғым жоқ. Бұл өнер түрі аз уақыт ішін­де санадан өшіп үлгерген. Мен бұл жерде өзіме жақын біз кесте өнері жайлы ғана айтып отырмын. Алғаш 90-жылдардың ортасында Алматыдағы көрмелерге кестемен жасалған еңбектеріммен қатыса бастадым. Сонда көбісі қазақта мұндай өнер болған жоқ, сен моңғолдардың бірдеңелерін алып келіп, көрсетіп жүрсің деген. 90-жылдардың ортасы 2010 жылдары аралығында Алматыда көрмелер жиі болушы еді. Ол кезде Алматыда галереялар өте көп болды. Күніне демейін, аптасына 4-5 суретшінің жеке немесе топтық көрмелері болатын. Соның бәріне барып үлгеретін едік. Бас қосып, пікір алысып талқылайтын едік. Сол қиын кезеңдердегі абыр-сабыр ортадан көптеген суретші шынығып шығып, қазір тәуелсіз еліміздің бейнелеу өнеріне үлесін қосып жүр. Қазақпен бірге жасасқан күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылған көрке­мөнеріміздің көбі санадан өшіп, қолданыстан шығып, музей экспонатына айналды. Араға уақыт салып біз кесте қазақпен қайта қауышты. Енді ол күнделікті тұрмыстағы безендіруші емес қазіргі заман бейнелеу өнерінің қай саласымен болсын иық тіресе алатын «Көркем біз кесте» деген жаңаша келбетпен оралды. Ойлы да күрделі терең мағыналы шығармалар жасауға болатынын дәлелдеп, жаңа тынысын аша келді. Қазақтың белгілі өнер зерт­теушісі, өнертану ғылымының докторы Райхан Ерға­лиева менің жұмыстарыма арналған зерттеу мақала­сында «ХХ ғасырдағы өнердің барлық ізденістерінен кейін сыналған, шыңдалған мына уақытта, тапталған көп жолдардың арасынан өз шығармашылық жолыңды табу, қазіргі заманғы мәдениетке жаңа ағым, бағыт жасау іске аспайтын сияқтанып көрінеді. Десек те бүгінде Зейнелхан Мухамеджанұлының кесте өнері – ең сирек кездесетін өнердің бірі және суретшімен көне дәстүр байланысы, ең бір қайталанбас үлгі. Суретші халықтың көне қолөнер үрдісін қазіргі заманғы бейнелеу өнер әдіс-тәсілдерімен шебер ұштастыра білді. Ең негізгісі ав­тордың шығармашылық ізденістері, бейнелеу өнер деңгейінде кестемен сурет салудың негізін қалады, кестенің жаңа мүмкіндіктері мен тынысын ашты» деген болатын.  width=– Шетелдегі көптеген көрмеге туынды­ларыңыз қойылған екен. Өзіңіз қайта түрлендірген біз кесте өнерін әлем жұрты қалай бағалайды? – Әртүрлі көрмелермен шет елдерде болдық. Бірақ көп­шілік ойлайтындай бәрі жақсы болады, алып барған затыңның бәрі өтіп, қалтаң толып келеді деу артық болар. Бұл жерде біраз дүниені айқындап алу керек. Мем­лекетаралық мәдениет күндері, мәдениет өнер алмасу суретшілердің біріккен және жеке көрмесі, халықаралық өнер фестивальдары, конкурстарға қатысу – әрбір сурет­шінің арманы, мақсаты. Жолың түсіп шетелге шығып жат­саң ел, жер көресің, басқа елдің өнерімен, өркение­ті­мен танысасың, өзіңнің болмысыңды, мүмкіндігіңді ба­ғамдайсың. Сенің өнерің өз еліңде сараланып, ба­ға­ла­нып, өнер зерттеуші, сарапшылардың тезінен өткен соң өне­ріңе басқалар мойын бұра бастайды. Шетелге шығу деге­німіз негізінде тәжірибе жинақтау, алдыңғы қатарлы өнер жетістіктерімен танысу, біліміңді кеңейту, ше­бер­лігіңді арттыру. Еуропалықтар дейміз, Америка дейміз, Азияның көптеген дамыған елдеріндегі суретшілерінің өмірі бізден әлдеқайда жоғары. Көптеген артықшылығы бар. Ең бастысы, оларды мемлекеті қорғайды, мүмкін­дік­тер жасайды дегендей. Бізде де таланттарымыз жетеді. Мақсатың үшін тер төксең, шыққан биігің айқындала береді. Бір сүйем ғана біз кергіштегі матаның бетінде өрнек­тер кестелеп, өнердің шексіздігін көрсетті. Кестеленген тұс­киіздің әдемілігіне, шеберлігіне таңданып, көзі шара­сынан шығып кеткен талай шетелдікті көрдім. Сонымен қатар бұл өнерге сенімсіздікпен қараған шетелдіктер де бол­ған. Мәскеуде өткен көрмеде менің жұмыстарымды көріп, мұндайды тек қана қолмен тігу мүмкін емес, станок немесе машинамен орындалған дегендер болды. Мен ренжіп дәлелдемекші болғанымда қасымдағы суретшілер басу айтып, «сен мақтануың керек, бұл таң­ғалулар сенің шеберлігіңнің қандай екенінің көрсеткіші» деген еді.  width=– Біз кесте кезінде қазақ әйелдері тұрмыста қолданатын заттарға арналып салынатын бедерлер жиын­тығы болатын. Сіз мұны күнделікті тұрмыс­тық деңгейден биік өнер деңгейіне көтердіңіз. Біз­дің елімізде өнеріңіз қай деңгейде бағаланып отыр? – Қазақ шебер халық қой. Иә, әрине, кестемен тек әйел­дер айналысты. Үй іші тұрмыстық заттары, киім-ке­шек­терді кестемен түрлендіріп отырды. Кейбір керемет дү­ниелеріміз уақыт өте келе өзгеріске ұшырап, негізгі рөлінен ауытқып, орын ауыстырды. Мысалы, тұскиізден бастап, қазақ үйдің ішіне сән беріп, түрлендіріп тұратын тө­сек жапқыш, кестелі шымылдық тағы басқа асыл жауһарларымыз музейге экспонат болып орнықты. Кей­бірі мүлдем ұмытылып, көзден таса болды. Осы дү­ние­леріміз тұрмысымызға жаңғырып қайта оралғанда бас­қа­ша көрініс берді. Міне, сондай өнеріміздің бірі – біз кес­те. Қазақтың қыз-келіншектері бір сүйем ғана бізді кер­гіштегі матаның бетіне жібек жіппен іліп тартып, сан алуан өрнектер кестелеп құлпыртады. Бұл кесте өнері маған кішкентай кезімнен таныс. Ба­ла күнімізде ауыл болып бірге жайлауға шығатын едік. Одан соң күзеу, қыстау деп ағайынның іргесі сөгілмей, бір­ге болатын. Қай үйге барсаң да қолдары босай қалса жи­налып ән шырқап, кесте тігіп отырған қыз-келін­шек­терді көретін едік. Есейдік. Оқыдық, өнер жолын қудық. Шығармашылық жолында әртүрлі ізденіс жасадық. Сон­дай кезеңдердің бірінде біз кесте есіме оралды. Қы­зығу­шылығым қарқынды басталды. Алдымен кестелеп үйрену керек болды. Біраз уақыт алды, біртіндеп үйрен­дім. Алғашқы тырнақалды туындым кішкентай көлемде натюрморт болды. Оны 1986 жылы республикалық жас суретшілердің көрмесіне жібердім. Бір ай өткенде жұмы­сымды республикалық көрме дирекция қоры сатып ал­ғаны жөнінде хабар келді. Жас суретшінің жаңа ба­ғыты, сәтті қадамы деп өнер зерттеушілер баға берді. Сол сәт­тен бастап өнердегі шығармашылық жолым айқын­дала бастады. Кестенің бұрынғы даңғыл жолымен ескіні қайталап, жақсы дүние жасай алмайтынымды түсіндім. Жауһарлар жасалып қойған, олардан асып, жақсы дүние жасау мүмкін емес сияқты. Сондықтан өз жолым­ды, өз бағытымды жасаймын деп шештім. Бір-екі жылдан кейін атамекенге көш басталды. Алғашқы көшпен келіп, осында қоныстандық. Біз кесте өнері атамекен топыра­ғын­да қайта мәуелеп, «Көркем біз кесте» болып жаңарып, қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік орнын алды. «Біздің елде өнер қандай дәрежеде бағаланады?» де­ген сұраққа жауап айту да қиындау. Алдымен өзім ара­ласып жүрген бейнелеу өнері туралы аздап пікір айту­ға болатын шығар. Өнерді тудыратын және қалып­тастыратын сол мамандығына жан-тәнімен берілген аз ғана топ суретшілер. Ал солардың еңбектері ары қарай қанат жайып кең көлемде таралуы, насихатталуы, ай­налымға түсуі, авторларға қамқорлық, демеушілік көр­сетілу жұмыстары үкімет тарапынан атқарылуы керек. Бірақ іс жүзінде тәуелсіздігіміздің 30 жылында бейнелеу өнеріне деген жылылықты сезе алмадық. Бірақ сонда да суретші қауым өз күштерімен қазақ өнерін алға сүйреп келеді. Еңбегінің жемісін көре алмай қанша таланттар өмірден озды. – Сіз өзіңіз ұстанған өнер бағытымен тұрақты айналысып қана қоймай, оны үйренгісі келетін­дерге шеберлек сабағын өткізіп жүрсіз. Бұл өнерді игеруге ынталы жастар көп пе? – Әрине, кесте өнерін жетілдірумен қатар Қазақ қо­лөнер шеберлері одағы демеуімен жан-жақты үйрету ісі қолға алынып келеді. Шеберлер одағы құрылғалы он шақ­ты жылдың көлемінде жүздеген шеберге үйреттік. Демеушілер көмегімен облыс орталықтары, оқу орын­дарына бір апталық шеберлік сабағын өткізу арқылы үйретеміз. Өкінішке қарай, барлығы кестеші болып кетпейді. Қазір адамдардың ішкі жан дүниесі, менталитеті қатты өзгерген. Көбісі көз майын тауысып, қиналып шар­шап ақша тапқысы келмейді. Ауырдың асты, жеңіл­дің үстімен жүріп, әп-сәтте бірден қарық болғысы келеді. Енді бәрін кінәлай алмайсың. Бірақ та осындай түсінік қалыптасқаны шындық. Күнделікті рухани нәр алатын те­леарна саласы даңғырлаған айқай-шу мен шоуға айнал­ды. Ұлттық құндылықтар ысырыла бастады. Соған орай адамдардың ой-санасы да бейімделіп кетті. Деген­мен көп болған соң жақсыға ұмтылып, келешегіне үміт, сеніммен қарайтын жастар да бар. Кесте өнерімен шы­ғар­машылық жұмыстар атқарып, республикалық көр­мелерге тұрақты қатысып танылып жүрген жастар бар­шылық. Олардың қатары күннен-күнге молайып, өсіп келеді.  width=– Туындыларыңыздың ішінде ең қымбат бағаға сатылған қандай еңбекті атай аласыз? Жалпы, өте көп уақыт жұмсап жасаған туындыңыз қаржылық тұрғыдан өзін-өзі ақтай ма? – Туынды, шығарма дейміз, өнер иесінің ішкі жан дүниесінің қиналысымен пайда болатын құбылыс. Бір шы­ғарма үшін өнер иесі уақытын, қажыр-қайратын жұм­сайды. Шаршап-шалдығып, қиналады. Сондай арпа­лыспен келген туынды өз бағасын алып, қомақты қар­жыға сатылып жатса, бұл керемет қой. Өкінішке қарай, өмірде олай емес. Талай автордың керемет туын­дылары арзан бағамен шетел асып кетіп жатыр. Автор материал алу керек, отбасын асырау қажет дегендей. Кейде кейбір еңбектер амалсыздан күнкөріс үшін арзан­ға сатылады. Ол шеберге де қаржы қажет дегендей. Мем­лекет ондай құндылықтарға ақша бөлмесе, жылы шырай танытпаса, суретші не істейді? Тиынға сатады, басқа амал жоқ. Ең қымбат бағаға сатылған жұмысым болды. Бірақ ол өз елімізде емес. Осыдан көп жыл бұрын еліміздегі ба­лаларға арналған беделді қорлардың бірі Лондондағы Кристи S аукцион үйінде қазақстандық суретшілердің қайырымдылық көрмесін ұйымдастырды. Қатысқан суретшілердің барлығының жұмыстары жақсы бағаға сатылды. Сол көрмеде менің бір жұмысым 35.000 фунт стерлингке сатылды. Өкінішке қарай, ол ақшаның бәрін қор алып қойды. Маған тигені 300 000 теңге болды. 300 000 теңгеден артық сатылған ақшаны қорға береміз деп алдын ала келісімшартқа қол қойдық. Бұл жерде біз аукцион тәртібін білмегендіктен алдандық. Негізінде қандай жағдай болмасын, авторға сатылған бағаның қанша сомасы төленуге тиіс екенін соңынан білдім. Уақыт өтті, кетті. Сол адамдар әлі арамызда жүр. Шебер­дің әрбір жұмысын толық аяқтауына уақыт керек. Мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап «Ұлы дала» атты туындымды 9 ай жасап бітірдім. 9 ай көтеріп толғатқан ана сияқты. Ол еңбек ойымдағыдай шықты. Қазір өзімде сақтаулы. Негізінен суретшінің өзінде жұмыстарының таң­даулы бөліктері сақталуы керек. Ол бір жағы ұрпа­ғыңа инвестиция, екінші жағынан ішкі жан дүниеңді толықтырып тұрады.  width=– Сіздің көптеген туындыңызда далалық мә­дениеттің ұшқыны сезіліп тұрады. Еңбектеріңіз­ге идеяны қайдан аласыз? – Әрине, жұмыстарымда далалық мәдениеттің сары­ны бары рас. Себебі мен өзімді сол ұлы далалықтардың жалғасы, мұрагері сезінемін. Жастайымнан қазақтың зарлы да мұңлы сағынышқа толы қара өлеңін тыңдап өстім. Сол ұлы даладан ата-бабаларымыздың жанкешті арпа­л­ысының ізін көрдім. Тау-тастағы таңбаларымен сыр­ластым. Сол далада жүріп ойға шомып, өткенді елес­тетуге ұмтылдым. Сонымен қатар қазақтың жыр-эпос­тарын тыңдап өстім. Сондықтан да менің жұмыстарым дала өмірінен сыр шертеді. Көптеген туындымның далалық мәдениетпен, ондағы шексіздік және тазалықпен тығыз астасып жататыны сондықтан.

Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ