Есті ел тарихын тәлкек етпесе керек

Есті ел тарихын тәлкек етпесе керек

Есті ел тарихын тәлкек етпесе керек
ашық дереккөзі
Әдебиет үшін жазушының еңбек еткен жыл­дарының аз-көбі емес, оның қаламынан ту­ған шығармалардың сапасы маңызды. Бұл тұрғыдан алғанда, ғұмыр-сәттің сексен белесінен асып бара жатқан көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және өзге де бірне­ше сыйлықтардың лауреаты, көрнекті жазушы Молдахмет Қаназ – ұлтының көркемсөз әлемінде орнын тапқан қаламгер. Қазақи болмысты әспеттейтін, көркемдік деңгейі биік туын­ды­лары әдеби ортадан да, оқырмандардан да лайық­ты бағасын алған. Бүгінгі сұхбатымызда оның әдебиетке көзқарасын көрсетіп, шығар­ма­шылығына қатысты ерекшеліктерді ашуға тырыстық. – Молдахмет аға, жарты ғасырдан аса уақыт әдебиетке еңбек сіңіріп келесіз, өмір жолыңыздан да, шығармашы­лы­ғыңыз­дан да қазақ халқы хабардар деп ой­лаймын. Сондықтан сізді дәстүрлі сұ­рақтармен мезі етпей, негізінен әде­биет туралы пікірлеріңізді білгім келіп отыр. Сіз әдебиетке ең алғаш ІІ дүние­жүзі­лік соғыс кезіндегі балалар өмірін ар­қау еткен шығармалармен келдіңіз. Әде­би ортадан да, оқырман қауымнан да жақсы бағасын алған бірнеше хи­кая­тыңыз жарық көрді, дегенмен одан кейін­гі дәуірде ересектерге арналған әң­гіме, повестер жазып келесіз. Балалар мен жасөспірімдердің бүгінгі өмірі ту­ралы жазу ойыңыз жоқ па? – Әдеби ортаға «Чикамен» түскендіктен бо­лар, көбіне маған сауалдар осы тараптан ке­леді. Ең алғаш, ұмытпасам, 3-курста «Қызыл көй­лек» деген әңгіме жазғам. Инс­ти­тут­­тың әдеби үйірмесінде талқыланып, Керім­­бек Сыздықов ағайымыз жетелеп алып барып, облыстық радиодан оқытқан. Мұғалім ке­зімде «Сонар» деген повесть жазғам. 1971 жылы балалар мен жасөспірімдерге ар­налған үздік шығармаларға әйгілі жабық кон­курс жарияланды. Енді ой түсіп, өзімнің аз­ғантай көрген-білгендерімді қазбалағам. Тыр­наққа ілінетін бірдеңе бар тәрізді. Мені қатты қинаған болашақ шығарманың пішімі бол­ды. Содан ойлана, толғана келе осы ық­шам пішінге мықтап тоқтадым. Оның үстіне шығарма бірінші жақтан баяндалады, демек, өріс шектеулі. Қалайда жас оқырманның қа­был­дауына оңтайлы болуы керек. Қазалыдан жазу машинкасы табылмай, Аралға барып бас­тырғам. Шығарма үшінші орынға ілік­кенін білесің. Титімдей повесть жалғыз қал­ды. Өзім көрген, түйсінген жайттарды одан әрі қазбалап едім, «Ақ тайлағым-ай» шықты. Кі­тап шығаруға бұл да аз. Кейін «Қияндағы күн нұры» жазылды. Бұлардың барлығы да өзің айтып отыр­ған­дай, соғыс кезіндегі жайттар. Бала­ға трагизм жүрмейді. Олардың ұғымына сыйым­сыз. Кішкентайларды тұңғиыққа ите­­рудің қажеті де жоқ. Сондықтан бұл по­вес­тердің барлығы титімдей болса да үмітті оптимизммен аяқталады. Бәрібір бала үшін ауыр тақырып. «Арғы ауыл мен бергі ауылдың балаларының» жазылу себебі сол. Кішкентай оқырмандарды сергіту. Тура мағынасында бір шығарма ендігі бір шығармаға жетелеп әкелді. Кейін Кеңес үкіметі кезінде балаларға «Ақ қанат», «Жайлауы келісіп жатқан бейғам ба­тыр Бидастың жайбасар майтабан қол­бас­шы бастаған сарбаздар мен Асаталасат атты кү­легеш аждаһаға не себептен аттанғаны жай­лы» екі ертегі жазылды. Сонымен біздің балаларға арналған шығармаларымыз тәмам. Бұл жайттарды еске алып отырған себебім – мен балалар жазушысы емеспін. Адам балалар жазушысы болып туады, дүниеден балалар жазушысы болып өтеді. Өзге де себептерін тізбей-ақ қоялық, мен бүгінгі балалар мен жа­сөспірімдерден алыстап кеткенмін. Оның үс­тіне бұлар – қалада өскендер. Көп жайтқа қанық емеспін. Өздерің «Бидас батыр» дайын тұрған мультфильм деп айтқансыңдар да. Пә­ленбай жыл болды, бұл тараптан хабар бол­ған емес. Айтпақшы, осы ертегінің Фариза «әде­мі» деп қол қойған алғашқы нұсқасы мен­де сақтаулы тұр. Әсіресе, бүгінде балалар әде­бие­тін­де қалған үлкенді-кішілі қалам­дас­тарыма ілтипатым зор. Олардың еңбектері адал, қандай да құрметке лайық. – Көркем прозадағы жетістіктер қа­лам­гер дарынының ғана емес, көп оқу мен үздіксіз ізденудің жемісі екені бел­гілі. Сіз әңгіме жанрын игеруде неге сүйен­діңіз, сізге қайсы ел қаламгер­лері­нің шығармашылығы әсер етті? Қазақ әң­гімесінде өз қолтаңбаңызды қалып­тас­тыру жолында қандай эксперимент­терге бардыңыз? – Ешкімнен де үйренген емеспін десем, Алла алдындағы күнә, адам алдында ұят. Мектепте екі пән: қазақ әдебиеті мен тарихқа ынталы болдым. Институтта әдебиеттен көзімді ашқан Әбіш Байтанаев деген ісіне берілген кеңқолтық қазақы ағайын. Одан әрі орыс классиктері оқытыла бастады. Сәл көз ашылған соң өз бетімізше ізденіп оқи бас­тадық. Барынша ықшамдап айтқанның өзін­де Л.Толстой, И.Тургенев, А.Чехов, К.Бунин, Пришвин, Достоевский, Булгаков, И.Бальзак, Эмил Золя, Сартр, Мопассан, Джек Лондон, Марк Твен, Хорхе Луис Борхес, Альбер Камью, Хулио Котасар, Андерсен Миксе, Хэмингуэй, Роулинг, Мо Янь болып кете береді. Осы тұлғалар бір қазанға түскенде сорпа бетіне қайсы халық шығар еді? Оны­сын екеуміз де білмейміз, мен де дәп ба­сып айта алмаймын. Орыс әдебиетінен маған ең жақыны – К.Паустовский. Бұл жазушыға ауық-ауық оралып тұрамын. Ал қалғандары көңіл күйге байланысты. Жазу үстіндегі ең басты мақсатым – қа­лай да ойыма алғандарды асқақ­тат­пай, дабыралатпай, тым келте де қайыр­май мазмұнды көтере алатын дәрежеде орын­дап шығу. Қай маңда жүргенімізді анықтау – сыншылардың шаруасы. – Бізде өткен ғасырдағы (қазір де бар) жазушылардың арасында тарихи та­қырыпқа қалам тербемеген жазушы аз. Сіздің «Кек» повесіңізден өзге шығар­ма­ларыңызда тарихи тақырыпқа бару жоқ есебі. Бұны қалай түсіндіресіз, та­рихи тақырыпта шығарма жазудың қиын­дығынан қашасыз ба әлде басқа се­бептері бар ма? – Әр сөзіңе қарауыл қарап отырған Кеңес дәуірінде, оның үстіне тарихшы да емес, әде­биет пәнінің ботатірсек мұғалімінде сон­ша­лық ауыр, соншалықты жауапты шаруаға кірі­сіп кететіндей жүрек пен тәжірибе қай­дан болсын. Әрине, жазылмайды. «Кекті» «қазаннан» қақпақ кетіп, жа­зар­мандар жамырай бастағандықтан соларға ес­керту болар деп еріксіз жазғам. Алайда тоқ­тау болған жоқ. Дайын тақырыпты қал­пақпен ұрып алатын дәлдүріштер құрамы молайып кетті. Атамзаманнан арпалыста келе жатқан қа­зақтың бас бұйдасы өзіне тиген соң тари­хы­на сусап қалған халықтың ынтасы ерекше. Өзді-өзін танып-білгісі келеді. Тарихи тақырыпқа барған қаламгер алдымен тарихтың өзіне, сонан кейін таң­дап алып отырған кейіпкерінің аруағына, үшін­шіден, оқырман алдында жауапкер. Әбден зерттеп білу керек, құрметтеу ләзім. Сон­да бұлардан оқырман сенімін аяқасты ет­пеу жауапкершілігі шығады. Тақырыптың темір төзім мен тәжіри­бені талап етері 10-сыныпты «очно» бітірген жұрттың бәріне түсінікті. – Бүгінгі қазақ әдебиетінде роман аз деп жатады, бұған не дейсіз? Соңғы жар­ты ғасырда әдебиеттің ірі жанрында жа­­­зылған туындылар арасынан көңі­ліңіз толған қандай шығармаларды атар едіңіз? – Роман деген «сөздің» өзі дәрежеңді ас­қақ­татып тұратындықтан, нобайлап айт­қан­да, махаббат, сатқындық, тайталас, пси­хо­ло­гия тақырыптарында жаза беруге ешкім бө­ге­сін болып тұрған жоқ бұл кезде. Бізде ро­ман тапшы деп жүргендердің аңсары өткен шақтағы халқымыздың тағдырының болу-болмау сыни кезеңдегі дәуірді бейнелеуді күту деп түсінемін. Қажығалиша айтсақ, «сүйек­ті шығармалар». Оқи алмаған алмаған авторлар айыпқа бұйырмас, бұл тұрғанда есіме еліміздің тағдырлы кезеңдеріне ар­нал­ған Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парызы», Ә.Ке­кіл­байдың романдар сериясы, М.Мағауиннің «Ала­сапыраны», Қ.Жұмаділовтің «Дарабозы», Д.Досжанның «Жібек жолысы», К.Мұхан­бет­қалиұлы­ның «Тар кезеңі», С.Жұбатырұлының «Абыржысы» түсіп отыр. Көріп отырсың, Қазақстанның барлық шаруасы түгенделіп болып, бұдан бы­лайғы тағдыры тек Шыңғысханға қарап қал­ғандай-ақ, шыңғысханшылдар күпінің би­тіндей көбейіп кетті. Ал біздің жайдақ тү­сінігімізде, Шыңғысханды бауырға басу әре­кеті дұшпанды молайта түседі. Мәселенің ол жағында шаруасы жоқ жазармандарға керегі «бұл шіркін Шыңғысхан туралы да жазған» де­ген атақ. Шын мәнінде Шыңғысханның күні бізге қарап, біздің күніміз Шыңғысханға тәуелді еместігі түсінікті жайт. Белгілі бір тарихи адам туралы жазыл­ған дүниенің бәрі тарихи шығарма бола бермейді. Қажығали Мұханбетқалиұлы Исатай мен Махамбеттің өлімін ұйым­дас­тырушылардың бірі Баймағамбет Айшуақов туралы «Бас жұтқан бас» атты көлемді по­весть жазды. Оқиға тарихта болған, кейіп­кер­лердің бәрі де өмірдегі кісілер. Соған қара­мастан жазушы шығармасына «тарихи» де­ген ен таққан жоқ. Бұны біз тарих алдын­дағы жауапкершілік деп түсінеміз. Есті ел тарихын тәлкек етпесе керек! – Ғұмыр бойы ұлт азаттығы үшін күре­сіп өткен халық батыры Жанқожа Нұр­мұхаммедұлының өмірін, оған қа­тыс­ты оқиғаларды көп зерттедіңіз. Әдеби-публицистикалық шығармалар­дан тұратын «Ел қорғаны – Ер Жәкем» атты кітабыңыз елдің сұранысына орай бірнеше рет қайта басылып шықты. Со­нымен бірге 2014 жылы Жанқожа ба­тырдың туғанына 240 жыл толуына орай тарихи құжаттар мен зерттеу еңбектерді, мақалаларды жинақтап «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты кітап шығар­дыңыз. Бүгінге дейін батыр туралы жиыны 30-ға тарта мақала, зерттеу­лері­ңіз жарияланыпты. Сұрайын дегенім, бұл тарапта қамтылмаған жайттар әлі бар ма? – Бар! Солардың біріне ғана тоқталайын. Жанқожа Нұрмұхаммедұлы – тірі кү­нін­де тағдыры қандай қиын болса, өмірден кет­кен соң да оның атының, қылған ерлігінің дәріп­телуі сондай кедергіге тап болған тұлға. Оның ерлігі туған халқына қанша жақын болса, өз тұсындағы Патша өкіметіне де, оны қиратып тарих сахнасына шыққан Кеңес өкіметінің саясатына да сонша жат болды. Се­бебі, «езілген елдің мұңын мұңдап, зарын тың­даушы» қызыл большевиктер құрған мемлекет елді тапқа бөліп, байды шеттетіп, кедейді бауырына басқанымен орыстан өзге ұлттарға шовинизммен қарап, өздерін жарыл­қаушы, «өркениет таратушы» ретінде сом­дағысы келді. Сондықтан ұлттық респуб­ли­калар халқына «орысқа өз еркімен қо­сылған» деген тұжырымды зорлап таңуды мақ­сат тұтты. Міне, осы кезде әлгіндей саясат жүр­гізуге қолбайлау болатын факт алдарынан шықты, яғни, өзгелермен бірге қазақты Р­е­сейге «өз еркімен» қосқысы келгендер қазақ тарихында Ресей империясына қарсы соғыс­қандар барын біліп, олар туралы шындық тұғырынан түспей тұрғанда зымиян мақсат­тары іске аспайтынын жақсы түсінді. Енді оларға не істеу керек? Әрине, қаралау керек және ондай масқара тірлікті Қазақстанның өз қолымен жасау керек. Осылайша, Ермахан Бекмахановтың 1948 жылы Мәскеуден шыққан «Казахстан в 20-40-годы ХІХ века» кітабы мен Тілеуқажы Шойынбаевтың 1949 жылы Алматыда жарық көрген «Восстание сыр-дарьинских казахов под руководством Джанкожи Нурмухамедова (1856-1857 гг)» кітаптарын бекерлеу науқаны басталып кетті. Өйткені әлгі кітаптардағы Кенесары хан мен Жанқожа батырдың тұлғасы империялық пиғылға тосқауыл еді. 1951 жылы «Правда» газетінде Т.Шойын­баев, Х.Айдарова, А.Якуниннің қол қойған мақаласы шығып, онда Е.Бехмахановтың ең­бегі мансұқталды. Содан көп ұзамай Бек­маханов университеттегі жұмысынан қуы­лып, партиядан шығарылды, 1952 жылы қыр­күйек айында қамауға алынды. Осылай бір істі тындырған большевиктер енді Т.Шойын­­­баевтың Жанқожа батыр туралы мо­нографиясын да жоққа шығаруға белсене кіріс­ті. Сөйтіп, 1952 жылы қазан айының 10-ы мен 17-сі күндері аралығында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бюросы залында Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған қазақтар көтерілісінің себептері мен сипатын анықтауға арналған Казақстан КП ОК хатшысы М.Сужиковтың басқаруымен құпия мәжіліс өтті. Мәжіліске Тарих, архео­логия және этнография институтының ди­рек­­торы С.Покровский, Экономика инсти­ту­ты­ның директоры С.Толыбеков, тарихшы ға­лымдар Х.Айдарова, Т.Шойынбаев, Ә.Тұр­сынбаев, М.Ақынжанов, Т.Елеуов, А.Нүс­іпбе­ков, В.Шахматов, В.Савосько, Республикалық орталық архивтің директоры И.Чумак, партия қызметкерлері Пыхтин, Я.Пильгук қатысты. Бүгінде ол мәжілісте не айтылғанын толық біле аламыз. Оның стенограммасының түпнұсқасы (орыс тілінде) 2018 жылы тарих ғылымының докторы А.Ахметтің дайындауы­мен Атырау қаласынан кітап болып басылып шықты. Онда айтылғандарды, қатысқандар­дың Жанқожа көтерілісінің ұлт-азаттық сипатын теріске шығару үшін айтқан жала сөздерін оқығанда денең түршігеді. Мысалы, іс жүзінде бес мың шаруа қатысып, төрт-бес айға созылған Жанқожа бастаған халық кө­тері­лісі туралы И.Чумак «...Национально-осво­бодительное восстание предпологает обя­зательное участие масс, а массы здесь не учас­твует» деп көтеріліске халықтың қа­тынас­қанын бекерлесе, Т.Елеуов «...основные массы сыр-дарьинских казахов не поддер­жали Джанхожу, а кучка феодалов, султанов, возглавляемая Джанхожей, была легко разбита» деп өтірікті қолдағанымен тұрмай, өзі де өтірік үстейді. Ал Ә.Тұрсынбаев болса, «Джан­хожа – инициатор движения орен­ти­ро­вался на среднеазиятских ханов, за спиной ко­торых стояли Англия и Турция» деп өмі­рінде ағылшындар туралы түсінігі жоқ ба­тыр­дың ісін сонау Еуропаға дейін созып әке­теді. Дегенмен аталған талқылауда жарыс­сөздің соңында сөйлеген Жанқожа туралы ғы­лыми еңбектің авторы Т.Шойынбаев «ал­ғаш­қы еңбегі болғандықтан оның кемші­лік­тері бар екенін, таптық күреске мән берме­ге­нін «мойындай» тұра Жанқожа бастаған қоз­ғалысты ұлт-азаттық қозғалыс» деп ба­ғала­ғанын, енді оны «отаршылдыққа қарсы көтеріліс» деп бағалайтынын айтады. Бірақ мәжіліс қорытындысында Жанқожа көтері­лі­сінде ұлт-азаттық сипат жоқ деген тұ­жырым­ға келеді. Сөйтіп бұдан кейінгі дәуірде мерзімді баспасөзде, ғылыми кітаптарда Жанқожаның атын атауға тыйым салынды. Міне, осы мәселе туралы мақала дайын, тек бірер деректермен толықтыру қажет. – Жоғарыда атап кеткен Жанқожа туралы еңбектеріңіз батыр жайында жа­­­­замын деген авторларға мол мәлімет берері анық. Бүгінгі әдебиетте Жанқожа ба­тыр туралы қандай шығармалар көзге тү­седі? – Аяқасты жазармандар көбейді. Батыр­дың атына екі-үш бумадан тұратын жазбалар жарияланды. Бұларда бабамыздың аты бар, алай­да тірі әдеби кейіпкерлер түгілі бас кейіп­кер Жанқожаның ең алдымен адам, қай­раткер, ретті жерінде сүйінетін де күйі­не­тін өзі жоқ. Бұл күндері әр ауылда, әр аудан­да, әр облыста жазармандардың өздері шы­ғарып жатқан кітаптардың сапасын қарай­тын бір мекеме не бір пенде жоқ. Тарих дегенді зерттеп, әбден біліп ба­рып жазу керек. Алайда жеткілікті зерт­телмей, іс-әрекеттердің түп-төркіні ба­ғам­далмайды. Кейбіреулер жарияланған де­рек­терді ғана малданады. Ал әдеби кейіпкер жа­­­саудың тәсілдері ұшан-теңіз, онымен шаруасы жоқ. Аяқ астынан тап келген жазар­ман­дар өзі жазады, өзі шығарады және өз жа­қындарына дәріптеткізеді. Тіпті, бүгіндері батыр атағын сатып, мал табуға көшкендер көп. Шығарма тарихи аталуы үшін сол дәуірдің жай-жапсары, әлеуметтік ахуал­дар, ең бастысы, кейіпкердің іс-әрекет­тері, оның сөздік қоры, болмысы, түгелдей не керек, сол кезеңнің түбегейлі оқиғаларын сұрып­тап, дәуірдің көлемді полотносын беру­ге міндетті. Атқа мініп шауып жүрген тұ­мақ­ты төрт-бес қазақ әрекеттері тарихи шығарма бола алмайды. Жазарманда табиғи талант болма­ған­нан кейін жазушы болмақшы кісі – кәдімгі еңбек торысының әдеби сауаты, әде­­биет теориясынан хабары болғаны абзал. Жазушының ең басты «жаналғышы» – оқырман. Жазарман ең алдымен соған жүгінеді. Оқырманның қолында сені мүлде оқымай қоятын құдірет бар. Ал Жанқожа туралы жазылған шығарма­лар туралы айтар болсақ, ол тақырыпқа бұ­рын да, кейін де өлең-дастандар біршама жа­зылды, қазір де жазылып жатыр. Ал про­залық шығармаға келсек, кеңестік кезеңде бел­гілі ақын Зейнолла Шүкіровтің екі том­дық «Сыр бойы» романы шықты, сондай-ақ жазушы Бегділдә Алдамжаровтың «Ұлы сел» атты үш кітаптан тұратын романында да ба­тыр жайлы кейбір оқиғалар енгізілген. Бі­рақ оларда қызыл өкіметтің цензурасы «орыс­тың қас жауы» деп санаған Жанқожа тура­лы кең көсіліп, еркін сілтеуге мүмкіндік бол­мады. Соңғы кезде жазушы ініміз Бегабат Ұза­қовтың «Жантаза» атты әңгімесі жарық кө­ріп, кітабына кірді. Әңгіме батыр бабамыз жайын­дағы аңыздарға сүйене отырып, фэн­те­зи стилінде жазылған. Жаңа бағытта туған бұл туынды бүгінде еліміздегі орыс мектеп­тері­­не қазақ тілі мен әдебиетін үйрететін «Бәй­шешек» оқулығына және Ташкенттен ба­сы­лып шыққан «Қазақ-қарақалпақ әдеби бай­ланыстары» кітабына енгізілгенін есіттім. Демек, қазір Жанқожа туралы жазылған көркем шығармаларға оқырмандар тарапы­нан қызығушылық солғындаған жоқ. – Жазушылар туралы әркім әртүрлі ай­тады, бірақ сөзінің салмағы бар кісі­лер­дің пікірі әрдайым елеп-ескеруге тұрар­лық. Сіз туралы мен өз құлағыммен естігенімді айтайын: күні кеше фәниден ба­қиға көшкен қазақтың классик жазу­шысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 90 жасқа тол­ған күні – 2014 жылдың 22 қазанында өзіңізге еріп ақсақалға сәлем бере ба­рып, ол кісінің үйінен дәм татып, қай­тар кез­де қонақтарын шығарып салып тұр­ған Әбеңнің «Молдахмет өзімнің інім ғой, үлкен жазушы» деп ризалықпен айт­қан сөзін естіп қалған едім... – Әбе, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз – өт­кен ғасырдан қалған халқымыздың же­ке­мен­шік классиктерінің соңғы тұяғы. Тәуір жазу­шы боламын деп қалам ұстаған кейінгі ұрпақ­қа ол кісіден талдап, таңдауға, мүлдем кү­­­­мәндануға жатпайтын екі бірдей үлгі – бірінші, қалай жаман жазбау керек те, екін­шісі өмірінің ақырғы сәтіне дейін қасиетті қазақ сөзіне деген жанкешті еңбек үлгісі қал­ды. Ол – аса еңбекқор, сол еңбегінің арқа­сында жеткен сөз өнерінің шебері. Есте қалмапты, айтса айтқан болар. Ауыз­ша сөз желге ұшады да кетеді. Біреу сенеді, біреу сенбейді. Көп жағдайда сен­бейді. Өзін көтеру үшін айтып отыр деп ой­лайды. Кітаптарым шығып, араласып жүріп көңілі түзу-ау деген ағаларымның бір де біреуіне пікір айтыңыз деп көрген емес. Шын­дығында, өздері көріп, біліп отырған соң әлдеқандай өтініш айтуды намыс көрдім. Әде­б­иетке жаңа келген таланттарды демеп, алғы сөз жазып баспаға ұсыну дәстүрі бола­тын. Кейін ұмытыла бастады. Тұңғыш повесім облыстық газетке жариялануы үшін сол кездегі дәстүр бойынша Зейнолла Шү­кіровтен алғысөз сұрадым, жазып берді. Кет­ті. Әлдеқандай конкурсқа ұсыну үшін пі­кір керек екен, Қадекеңе бардым. Жазып берді. Әбеңді мен туралы жазбады, пікір айт­пады деп титімдей де кінәлаған емес­пін. Бауыр басып кетпегенмен, ағаны құрмет тұт­тым. Шындығына келсек, Әбекең өзінен кейінгі жазушыларға сирек пікір айтатын. – Жазушы адам жазбай тұра алмайды ғой, кейінгі кезде не жазып жатырсыз? Ал­дағы кезде ағаларыңыз бен тұстас­тары­ңыз туралы қандай естелік, эссе­леріңіз­ді оқып қалуымыз мүмкін, қан­дай әңгіме, хикаяттарыңызды жария­ла­ғалы жүрсіз? – Тірі пенденің тағдыр-талайы бар, іс-әре­кеті түгелдей Алланың қолында. Менің айт­қаным емес, Алланың дегені болады. Өмір­лік тәжірибеде әлі болмаған істі алдын ала айтып дабыралау, оның үстіне кесіп айту біздің дәстүрде жоқ. Ондай істерімнің бәрі сүрініп жатады. Мүлде құрдымға кетуі де мүм­кін. Екінші жайт – шығармашылық деген жағ­дай мен көңіл күй («шабыт» деп әсіре­лемей-ақ қояйық) таңдайтын сәби тәрізді шамшыл нәрсе. Қазір бар, қазір жоқ. Бүгінгі жазғаныңды ертең жыртып тастай бересің. Сон­дай-сондай себептермен бұл тараптағы шаруаларды насихаттау ауырға соғады.

Сұхбаттасқан Ахмет Өмірзақ