Субсидияның сұрауы кімнен?

Субсидияның сұрауы кімнен?

Субсидияның сұрауы кімнен?
ашық дереккөзі
Елімізде ауыл шаруашылығы саласына аз көңіл бөлініп отырған жоқ. Бөлінетін субсидия жыл санап көбеймесе, азайған емес. Дегенмен бұл қаражаттың игілігін ел емес, ебін тапқан пысықтар көріп жүргені де анық нәрсе. Жалпы мал шаруашылығының өнім­ділігін және өнім сапасын арт­тыруға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін төленетін мемлекет кө­мегі – субсидияны заңсыз иеленіп, мақ­сатсыз пайдалану деректері тыйылар емес. 11 қаңтарда өткен Мәжіліс отыры­сын­да Мемлекет басшысы да ауыл шаруа­шы­лығын субсидиялау мәселесіне ерекше тоқ­талып, олқылықтың орнын тез арада тол­тыруға тапсырма берген болатын. – Субсидияны тұрақты беруге қатысты мә­­селе жиі көтеріледі. Мен бұған дейін суб­сидиялау тәсілдерін қайта қарау қа­жет­тігі туралы тапсырма берген бола­тынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуы керек. Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қам­тамасыз етуге тиіспіз, – деді Президент. Ауыл шаруашылығы саласындағы жүйе­сіз жұмыстар мен қаперсіздіктің сал­дары былтыр жазда қатты байқалған еді. Құрғақшылықтан қырылған мал мен бос қалған азық-түлік қоймалары, бақылауға көнбей кеткен баға ақыры ведомствоның бас­шысын отставкаға кетірді. Жаңа ми­нистр жұмысты жүйелеуге тырыс­қанымен, кереметтей нәтиже байқала қойған жоқ, әрине мұндай ушыққан мәселенің шешімі бір ғана ведомство жұмысына ғана байла­ныс­ты емесі бұрыннан айтылып келеді. Ауыл шаруашылығы министрі субсидия мә­селесін реттеуге күш салып жатқанын мә­лімдеді. – Жұмыс топтарының қорытындылары бойынша өңірлерден, салалық одақтар мен қауымдастықтардан, жұмыс тобы мү­ше­лері­нен агроөнеркәсіптік кешенді субси­дия­лаудың жаңа жүйесіне қатысты көп­те­ген ұсыныс пен ескерту келіп түсті. Олар жүйелендіріліп, негізді ұсыныстар мен ескертулер субсидиялау жүйесін пысықтау ке­­зінде ескерілетін болады. Алдағы нау­рыз­да субсидиялау жүйесін жетілдіру бойын­ша түпкілікті өзгерістер топтамасын Үкіметтің қарауына енгіземіз. Бұдан бөлек ми­нистрлік субсидиялаудың бірыңғай интеграцияланған мемлекеттік ақпарат­тық жүйесін әзірледі. Ақпараттық жүйенің көр­сетілетін қызметтері субсидия алушы­лар үшін тегін болады. Ол Ақмола облы­сын­да қанатқақты режимде тестілеуден өт­кізіледі, – деді Е.Қарашөкеев. Дегенмен бұл шаралар әбден тамырланып кеткен «бар­мақ басты, көз қыстыны» тоқтата ала ма, ол жағы белгісіз. Жемқорлардың жемсауына айналған сала Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агент­тігінің 2021 жылғы мәліметіне сәй­кес, ауыл шаруашылығы жемқорлыққа бат­қан салалардың көшін бастап тұр. Нақты деректерді алға тартсақ, соңғы 5 жыл ішінде елімізде ауыл шаруа­шылығын субсидиялауға 2 триллион тең­ге бөлінген. Осы жылдар ішінде ше­неу­ніктерге қатысты сыбайлас жемқорлыққа қа­тысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, аграрлық сектор бойынша 960 қыл­мыс тіркелген болса, оның жартысынан аста­мы (54 пайызы) бөлінген субсидияны жым­қырумен байланысты қозғалыпты. Ең алдымен жемқорлық жасау күдігіне ше­неу­ніктер мен кәсіпкерлер ілініп отыр. Мәселен, өткен жылдың соңғы айын­да Қаржылық мониторинг агент­тігінің Шымкент қаласы бойынша ау­мақ­тық департаменті бюджет қаражатын жым­қырған қала тұрғынын әшкерелеген. Тергеу көрсеткендей, заң бұзушы 1 жыл бойы асылтұқымды ірі қара сатып алу үшін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен жал­ған мәміле жасап келген. Осыдан кейін суб­сидия алу үшін Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына шарттар ұсынған. Заңсыз әрекеті арқылы ол 400 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған. Ал Шығыс Қазақстан облысында 140 мил­лион теңгеге мемлекеттік субси­дия­лар­ды заңсыз алу дерегі анықталған. Кәсіп­кер­лердің бірі «Асылтұқымды мал шаруа­шы­лығын дамыту, мал шаруашылығының өнім­ділігін және өнім сапасын арттыру» мем­лекеттік бағдарламасы аясында суб­си­дия алуға өтінім берген кезде жалпы со­ма­сы 140 миллион теңгеден астам субси­дия­ны заңсыз алған. Қылмыстық схеманы ұйым­дастырушы үлестес кәсіпорындармен 1000-нан астам асылтұқымды ірі қара мал сатып алу туралы жалған шарт ұсынған. Түр­кістан облысында шаруа қожалықтары суб­сидияға берілген 380 млн теңгені қал­таға басқан. Бұл – 2021 жылы тіркелген қылмыс­тар­­дың бір парасы ғана. Анитикор де­ре­гінше, дәл осындай қылмыстың істің 60-тан астамы сотта қаралып жатыр. Субсидиялау қағидаларына 47 рет өзгеріс енгізілген Сыбайлас жемқорлық схемаларын құ­руға, оны ұйымдастыруға лауа­зым­­ды қызметкерлер мұрындық болып кел­гені де анықталды. Мәселен Нұр-Сұлтан, Шымкент қа­ла­ларының және Ақмола, Түркі­стан, Жамбыл облыстары, Шығыс Қазақ­стан, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе об­­лыстарының әкімдіктерінің лауазымды тұл­ғаларынан тұратын қылмыстық топтар әшкереленді. Олар субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырумен айналысып, кә­сіпкерлерден жүйелі түрде пара мен заң­сыз сыйақы алудың жемқорлық схемасын ұйым­дастырған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың айтуынша, қарапайым фер­мерлер субсидия алуға өтінім беру қа­шан басталатынынан да бейхабар болып кел­ген, оған қоса нормативтік база түсі­нік­сіз, оны шаруалар түсіне алмайды. – Фермерлер өтінімдерді қабылдаудың қашан басталатыны туралы ақпарат қол­же­тімсіз дейді. Бізге түскен шағымның көбі осыған қатысты. Субсидиялар «кім үлгерді, сол алды» қағидаты бойынша әділетсіз бө­лі­неді. Ал өтінімдерді қабылдау мерзімі қа­ражат бөлінген күнге тікелей байла­ныс­ты. Демек, қаражаттың қашан түсетіні тура­лы инсайдерлік ақпарат сатылуы мүм­кін. Салдарынан субсидияны белгілі бір топ­тар ғана алады. Шаруалар өтінім бере­тін Qoldau жүйесінде кезекке тұрудың ашық­тығы қамтамасыз етілмеген. Бұдан бөлек заң бойынша өтінім беруге қатысты қызметтердің бәрі тегін болса да, түптеп келгенде осы үшін ақша алатындар бар. Се­бебі нормативтік база қиындатылып жа­зылған. Оны қарапайым фермер түсін­бейді. Осы күнге дейін субсидиялау қағи­да­ларына 47 рет өзгеріс енгізілген. Бірақ жаңа нормаларды түсіндіру жұмыстары бірде-бір рет жүргізілмеген, – дейді Марат Ахметжанов. Одан бөлек, ет өндіру саласына 5 жыл ішінде 465 миллиард теңге бөлінген. Он­дағы мақсат – ет өнімдеріне ішкі сұра­ныс­ты қанағаттандыру. Алайда бұл салаға бө­лінген қаражат та ұстағанның уысында, қармағанның қолында кеткен. Сыбайлас жемқорлық схемаларының басым бөлігінде мал басы туралы дерек­тер түзетіледі, есептік деректер қол­дан жасалады және қайталанады екен. Бұл әрекеттер жоқ малды субсидиялау, бел­гі­лен­ген критерийлерді айналып өту, бір мал басына екі рет қаражат алу үшін жасалады екен. Өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын құруға, халыққа ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағада ұсынып, ел экономикасын көтеруге жұмсалуға тиіс қыруар қаражаттың талан-таражға түскені қынжылтады, әрине. Әлеуетіміз зор болғанымен, «әдетіміз» қалмай тұр. Қорыта айтқанда, субсидия мәселесі – жаңа Қазақстанның жедел шешімін табуы тиіс күрделі мәселесі.