Өзгерістер қарсаңында

Өзгерістер қарсаңында

Өзгерістер қарсаңында
ашық дереккөзі
18 ақпан күні партия Төрағасы Қ.Тоқаев кезектен тыс XXII съезді 1 наурызда өткізу тура­лы шешім қа­былдады. Съезде партия жұ­мы­сын жаңғырту талқыланбақ. 1 наурыз – «Nur Otan» партиясының құрыл­ған күні. Биыл партияның құрылға­нына 23 жыл толып отыр. Партияның құрылу, қалыптасу тарихына үңілсек, 1999 жылғы 1 наурызда жаңа партияның І құрылтай съезі өтіп, онда Тұңғыш Президент партияның Төрағасы болып сайланды. Одан бөлек, Саяси кеңес пен Орталық тексеру комис­сия­сының құрамдары бекітіліп, партияның Жар­ғысы қабылданды. Сондай-ақ съез делегаттары «Отан» республикалық саяси партиясы, Қазақ­стан­ның Халықтық бірлік партиясы, Қазақстан демокра­тия­лық партиясы, Қазақстан либералдық қозғалысы және «Қазақстан-2030 үшін» қозға­лы­сының бірігуі туралы резолюцияны қабылдады. Осы жылы 18 тамызда «Отан» РСП-ның кезек­тен тыс II съезі өтті. 2000 жылғы 4 қаңтарда «Жас Отан» Жас­тар қанаты құрылды. Содан бері партияның жастар қанаты елдегі жастар саясатына белсене араласып келеді. 2001 жылғы 20 сәуірде «Отан» РСП-ның III съезі өтіп, партияның доктринасы қабыл­дан­ды. 2002 жылғы 9 қарашада «Отан» РСП-ның ке­зектен тыс IV съезі өтті. Съезде шағын және ор­та кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2003-2005 жылдарға арналған партиялық бағ­дар­лама бекітілді. Қазақстанның Халықтық-коопера­тивтік партиясы, республикалық сая­си Еңбек партиясы «Отанның» құрамына кірді. 2005 жылғы 31 мамырда «Отан» пар­тия­сы Орталық аппараты Алматыдан Астанаға көшті. 2006 жылғы 4 шілдеде «Отан» РСП-ның ке­зектен тыс IX съезі өтіп, «Асар» партия­сы­мен бірікті. Осы жылғы 22 желтоқсанда «Отан» РСП-ның кезектен тыс Х съезі өтіп, Азаматтық және Аграрлық партиялар қосылды. Сонымен қа­тар «Отан» РСП-ның атауы «Нұр Отан» Ха­лықтық демократиялық партиясы болып өз­гертілді. 2007 жылғы 11 қыркүйекте «Nur Otan» ХДП-ның Парламентаризм институтын құру (қазіргі – «Нұр Отан» ХДП-ның Стра­тегиялық бастамалар институты) баста­масы көтерілді. 2008 жылғы 3 наурызда партия жанын­дағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес құрылды, 14 мамырда «Жас Отан» Жастар қана­тының I съезі өтті. Ал 25 қарашада пар­тия­ның Орталық аппаратының Партиялық ба­қылау комитеті құрылды (қазіргі – Партия­лық бақылау қызметі). 2010 жылғы 26 мамырда «Нұр Отан» ХДП-ның Жоғары партия мектебі құрылды (қа­зіргі партияның Саяси менеджмент ака­де­миясы) 2011 жылғы 12 қаңтарда «Қазақстан – 2020» Демократиялық күштердің жалпыұлт­тық коалициясы құрылды (қазіргі – «Қа­зақ­стан 2050»). 2013 жылғы 18 қазанда «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс XV Съезі өтті. Партия докт­ринасын қабылдау. Партия ребрендингі «Нұр Отан» ХДП атауын «Нұр Отан» партия­сына ауыстыру болды. 2019 жылғы 27 ақпанда «Nur Otan» пар­тия­сының XVIII съезі өтті. Партияның 2030 жыл­ға дейінгі «Әл-ауқаттық қоғам: онжыл­дық­тың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасы қа­былданды. 23 сәуірде «Nur Otan» партиясының ке­зек­тен тыс XIX съезі өтті. Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партия­сы­ның атынан Президенттікке кандидат ре­тінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынып, оны 623 делегат бірауыздан қолдады. 21 тамызда Партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. «Сенім. Диалог. Бо­лашаққа нық қадам – «Nur Otan» партия­сы­ның 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйе­лі жандандыру бағдарламасы жария­ланды. 2020 жылғы 25 қарашада «Nur Otan» пар­тиясының ХХ съезі өтті. Партияның «Өз­геріс­тер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы қа­был­данды. 11 желтоқсанда «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» Жастар қанатының V съезі өтті. Жас­тардың өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік жағ­дайын арттыруға бағытталған 2025 жылға дейінгі «Jastar Otanga» бағдарламасы қа­был­данды. 23 қарашада «Nur Otan» партиясы Саяси кеңе­сінің кеңейтілген отырысы. Партия Төра­ғасы «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағи­дат­тар жиынтығын жария етті. Партияның кезектен тыс ХХІ съезінде Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев партия Төра­ғасы болып бекітілді. – Еліміз дамудың өте күрделі кезеңіне аяқ бас­қанын түсіне отырып, «Nur Otan» пар­тия­сын басқару ұсынысын ризашылықпен қа­был­даймын. Бұл шешім партияны транс­фор­мациялау және бүкіл қоғамды ұйыстыру жұ­мыстарына кірісуге дайындықты білдіреді. Осы ретте мен Мемлекет басшысы ретінде ашық және әділ саяси бәсекелестік бо­ла­ты­нына кепілдік беремін. Менің консти­ту­ция­лық міндетім – барлық билік тармағының ке­лі­сілген іс-әрекетін және мемлекеттік ор­ган­дардың халық алдындағы жауапкершілігін қам­тамасыз ету. Әрине, бұл жағдайлар Прези­дент­тің кез келген партия мен қозғалыс­тар­дың қызметінен белгілі бір дәрежеде ал­шақ­тауын талап етеді. Сондықтан біраз уақыттан кейін, бәлкім осы жылдың ішінде, «Nur Otan» партиясына одан әрі төрағалық етуімнің орын­дылығы туралы мәселеге қайта орала­мыз. Мемлекет басшысының тең қашық­тық­тағы мәртебесі саяси реформалардың ауқым­ды топтамасында біржола бекітілуі керек, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев. 2021 жылғы 31 қаңтар күні партияның Сая­си кеңесінің қаулысымен (Жарғының 9.4. тар­мағына сәйкес) «Nur Otan» партиясының Сая­си кеңесі Бюросының жаңа құрамы жа­сақ­талды. 2022 жылғы 2 ақпан күні «Nur Otan» пар­тиясының Төрағасы Қасым-Жомарт То­қаев­тың қаулысымен партияның Атқарушы хат­шысы болып Асхат Оралов тағайындалды. Ал 18 ақпан күні партия Төрағасы Қ.Тоқаев кезектен тыс XXII съезді 1 наурызда өт­кізу туралы шешім қабылдады. Партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов еліміздің барлық өңірінде Саяси кеңес отырысы өткенін, олардың қоры­тындысы бойынша кезектен тыс XXII съезге 399 делегат сайланғанын хабарлады. Сонымен қатар съез онлайн форматта өтетіні белгілі болды. Съезде пар­тия жұмысын жаңғырту талқыланбақ. Осы­ған байланысты кезектен тыс съезден не күте­тіні туралы сарапшылар­дың пікірін біл­ген едік. Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: Партияға жан бітіру, халыққа жақындату мәселелері күн тәртібінде тұр – Партияның өткен жолғы кезектен тыс съе­зінде жаңа Төраға сайланып, Саяси кеңес­тің құрамы қайтадан жасақталған болатын. Бас­шылық ауысып, партия жаңарып жатыр. Мұның барлығы – қаңтар оқиғасынан кейін бол­ған өзгерістер. Ал осы 1 наурызда өтетін ке­­­зектен тыс съезде мәселелердің шешімі ре­­­тінде нақты бір жауап берілмек. Бұл жөнін­де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де айтты. Біз Жаңа Қазақстанды құруға бет алдық. Көптеген мәселе қордаланып қалған еді. Осындай үлкен дағдарысқа әкеліп соққан себептердің біразы әлі сақталып отыр. Әлеу­меттік-экономикалық мәселелер, ел бай­лы­ғының халыққа теңдей бөлінбеуі, солайша жалғаса береді. Одан бөлек партияның өзі де талай нәр­сені уысынан шығарып алды. Халықтың билеуші партияға деген сенімі де жоғары емес. Енді осы сенімді қайтару мәселесі бойын­ша бірқатар тың шешім қабылданатын шы­ғар деп үміттенемін. Бұған дейін де бір­талай ұсыныс болды: партияға өзгеріс керек, атын өзгерту керек, жаңадан партия құру керек деген сияқты. Менің ойымша, Пре­зидент осындай мәселелерге жауабын бер­ді. Қызбалыққа салу, асығыс шешім қа­былдау артық қыламын деп тыртық қылуға әкеп соғады. Сондықтан менің ойымша, съез­де ұстамды әрі нақты, қажетті шешімдер қа­был­данады. Ұнасын-ұнамасын, мойындау керек, қазір сая­си алаңдағы күштердің ішіндегі бірегейі, ықпалдысы, ұйымдастырушылық мүмкіндігі бары – жалғыз «Nur Otan». Мұны мойындау керек. Басқа саяси партиялардың аты бар, заты жоқ: әлі толыққанды қалыптасып үлгермеген. Олар да кереметтей бір халық сеніміне ие деп ай­та алмаймыз. Осындай жағдайда «Nur Otan»-ның орны бөлек. Жалақы төленбей жатса, дағ­дарыс болса, ешкім «Ақжолға» бармайды, еш­кім «Ауыл» партиясына бармайды, бар­лығы арызын, базынасын «Nur Otan»-ға ай­тады. Енді осы партияға жан бітіру, ха­лық­қа жақындату сияқты мәселелер күн тәртібінде тұр. Нақты қандай ұсыныс болатынын бол­жамай-ақ қояйын, бірақ нобайы түсінікті. Саяси-экономикалық, әлеуметтік-эко­но­микалық. жағдайды халыққа қызмет етуге ба­ғыттау, олигархтардың ақшасын халыққа бөліп тарату ғана емес, жалпы халықтың жағ­дайын оңалтудың мүмкіндіктерін қарас­тыру сияқты маңызды мәселелерге басты на­зар аударылады. Нақты қалай боларын 1 нау­рызда көреміз. Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты: Партиядағы құрылымдық өзгерістер жалғасын табады деп ойлаймын – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қаң­тар күні Мәжілісте сөйлеген сөзінде сая­си ре­формалар жасалатынын және осы ба­ғытта жұмыс істеліп жатқанын айтқан бо­латын. Пар­тияда, Парламентте құрылым­дық өзге­ріс­тер болатыны да айтылды. Сол өзгерістер басталып кетті деп ойлаймын, жүйелі түрде жүзеге аса бастады. Мәселен, Мем­лекет басшысы партия Төрағасының бірін­ші орынбасары деген қызмет Атқарушы хатшы деген лауазымға ауыстырылатынын айт­қаны есте. Сол айтылған мәселе орында­лып, партияға жаңа Атқарушы хатшы та­ғайын­далғанын өздеріңіз де білесіздер. Енді алда партиядағы құрылымдық өз­геріс­тер жалғасын табады деп ойлаймын. Ре­фор­малар күтіп тұр. Енді нақты қандай өз­геріс болатынын алдын ала болжамай-ақ қой­ған жөн, әлі ертерек деп ойлаймын. Мемлекет басшысы берген тапсырмалары жә­не партияның бағдарламалары мен жос­пар­лары, сонымен қатар Үкіметтің «орын­дал­ды» деп берген есебі шын мәнінде толы­ғы­мен орындалды ма, орындалмады ма деген сияқ­ты мәселелер де кезектен тыс съезде кө­терілетін болар деп ойлаймын.