Утиль алымы 50 пайызға арзандады. Не өзгерді?
Утиль алымы 50 пайызға арзандады. Не өзгерді?
Қаншама жылдан бері халықтың наразылығын тудырып, шешімін таппай келе жатқан мәселе – утиль алымы мәселесі. Онсыз да көркі қашқан көлік нарығының көсегесін көгертпей тұрған түйткіл деп талай рет мінберлерде айтылған бұл дау қаңтар оқиғасы кезінде де көтерілді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы арнайы тапсырма да берген болатын.
Елімізде жеңіл көліктерге арналған утилизациялық алым 2016 жылы енгізілген болатын. Ал 2019 жылы ауыл шаруашылығы техникасына қолданыла бастады. «Оператор «РОП-тың» бес жылдық жұмысы нәтижесінде 579 миллиард теңгенің утилизациялық алымы төленді. Ал 19 қаңтарда Үкімет «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның («Оператор РОП») қызметін тоқтату туралы қаулы қабылдаған еді. Оның қызметін мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» АҚ орындайтын болды.
Үкімет: Утиль алымын толықтай алып тастауға болмайды
Экология министрі Серікқали Брекешев 23 ақпан күні ауыл шаруашылығы техникасы мен автокөлік транспорттарына утиль алымының мөлшері қанша болатыны жарияланады деп мәлімдеген еді.
– Ауыл шаруашылығы техникасы мен автокөлік транспортының мәселесі халықты қатты алаңдатып отыр. Оған қатысты көптеген дау мен ұсыныстар болды. ИИДМ-дағы әріптестерімізбен бірге автокөлік және ауыл шаруашылығы транспортына утиль алым мен коэффициентімен байланысты жұмысты аяқтаймыз. 23 ақпан күні оның мөлшері қанша болатынын ресми түрде жариялаймыз, – деген Серікқали Брекешев.
Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Үкімет утилизациялық алымның көлемін 50-ға азайтқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Үкімет ұзақ келіссөздерден кейін,автокөліктің барлық түріне, яғни, жеңіл автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникалары үшін утилизациялық алымның мөлшерін 50 пайызға арзандату туралы шешім қабылдады. Қазақстандықтар наурыз айында утиль алымын жаңа мөлшерлеме бойынша төлейді.
Бұған дейін утиль алымын толықтай жою туралы ұсыныстар да болған еді. Роман Скляр мұндай шешім неліктен қабылданбағанын былайша түсіндірді:
– Біз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында 4 немесе 5 рет келіссөз өткіздік. Біз утилизациялық алымды толықтай жойсақ, елге ескі автокөліктер кіріп кетеді. Сондай-ақ отандық автонарықты ынталандырудың өзге де жолдарын талқыладық, – деді ол.
Ал қоғам белсендісі, «Нет утильсбору» қозғалысының өкілі Нұраддин Садықов бұл пікірмен мүлде келіспейтінін айтады. Оның айтуынша, бұл шешімді өзгеріс деп айтуға келмейді, яғни бұл ұйғарым көлік нарығына қандай да бір жаңалық әкелмейді.
Нұраддин САДЫҚОВ,
қоғам белсендісі:
Қоғам пікірін ескере отырып қабылдаған шешім деп айтуға ешқандай негіз жоқ
– Вице-премьер Владимир Скляр утиль-алым мөлшеріне қатысты Үкімет қандай шешімге келгенін айтты. Айтты дегені болмаса, бұл шешімді өткенде Индустрия министрі Қайырбек Өскенбаевтың аузынан естіп, келіспейтінімізді айтқанбыз. Бұдан бұрын біздің пікірімізді тыңдауға әзірміз деп айтқандарымен, дайындаған ұсынысымызды назарға алмаған.
Өзіміздің есептерді негіздейтін сараптама құжаттарын бердік. Бірақ ол есептерді қабылдаған Индустрия министрлігі саясат комитетінің басшысы Ілияс Оспанов тарапын да, басқа жауапты тұлғалар тарапынан да кері байланыс болған жоқ. Осы күнге дейін Оспановқа жеке хабарласып утиль мөлшеріне байланысты жауап алуға тырыстым. Алайда маған жауап берген жоқ. Демек, олар әу баста диалогқа келуге құлықты болмаған. Сонымен қатар олар талқылау кезінде утиль алымын 50 пайыз мөлшерлемені қайдан, қандай негізге сүйене отырып белгілегендерін дәлелдеп, сараптап бере алған жоқ.
Сондықтан бұл қоғамның, қоғам белсенділерінің пікірін ескере отырып қабылдаған шешім деп айтуға ешқандай негіз жоқ.
Бұл өзгеріс көлік нарығына еш әсерін тигізбейді, көлік бағасы арзандамайды. Тіпті, өзгеріс те, шешім де көріп тұрған жоқпын.
Сондықтан біз бұл шалажансар шешімге байланысты ертең сағат 12:00-де баспасөз конференциясын өткіземіз деген шешім шығардық.
7 жылға 4 пайыздық несие беріледі
Сонымен қатар вице-премьер жеңілдетілген автонесиенің жаңа бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінетінін айтты.
Роман Скляр қаңтарда «Жасыл даму» мемлекеттік ұйымына берілген 200 миллиард теңгеден астам қаражатты халықтың игілігіне жұмсау туралы шешім қабылданғанын жеткізді.
– Оны қалайша халық игілігіне жұмсаймыз? Біз осы қаражаттың 100 миллиард теңгесін отандық автокөлікті несиелендіруді субсидиялауға беретін болдық. Оның ережесі мынадай болады: алғашқы жарнасыз жылына 4 пайызбен 7 жылға несие беріледі, – деді ол.
Одан бөлек, Роман Скляр жаңа бағдарламаны бұрынғы бағдарламамен салыстырып өтті.
– Осыған дейінгі бағдарламада жылдық пайыз – 20, бастапқы жарна 4 пайыз болса, қазір жылдық пайыз – 4, бастапқы жарна 4 пайыз болады. Бұл 7 жылға есептеледі. Әрине, 7 жыл көп уақыт болмағандықтан көбіне арзан көліктер берілетіні түсінікті. Дегенмен 71 мың азамат жаңа көлікті қолжетімді бағамен сатып ала алады, – деді Роман Скляр.
Ал бұрын бұл бағдарлама бойынша халық көлік бағасының 20 пайызын алғашқы жарна ретінде салуы керек еді.
Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автонесиенің 2 нұсқасы қарастырылып жатқанын мәлімдеген болатын. ИИДМ автомобиль құрастыру басқармасы көлік құны 10 миллион теңгеден асырмау мәселесі қарастырылып жатқанын о баста айтқан еді. Көліктердің тізімі де жарияланды.
Сонымен қатар жеңілдетілген автонесие үшін де осындай 10 миллион деген шекті бағаны белгілеу жоспарланған. Бұдан қымбатырақ көлік сатып алғысы келгендерге айырмашылықты өз қалтасынан төлеулеріне тура келеді.
Ведомство қазір 15 мыңнан астам қазақстандық жеңілдетілген автонесиеге кезекте тұрғанын да атап өткен болатын.
Ал автонарық сарапшысы Сұңқар Жұртбай жеңілдетілген несиенің игілігін халық емес, автокөлік өндірушілер көреді деген пікір айтады.
Сұңқар ЖҰРТБАЙ,
«Колесо-Астаны» газетінің директоры:
Айтарлықтай өзгеріс болмайды
– Бұл шешімнен кейін аса қатты өзгеріс болады деп айта алмаймын. Біріншіден, қазір көлік нарығына шетелден көлік әкелінбей жатқанының бірден-бір себебі – кедендік баж салығы. Сондықтан утильалымды алып тастағанның өзінде көлікті Ресейден әкелу пайда әкелмейді. Ары кетсе бағасы 300-500 мыңға түсуі мүмкін. Бірақ Ресейдің өзінде де көлік бағасы қымбаттап жатыр. Сондықтан айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды. Утильалымның кеміген 50 пайызы сол Ресей мен біздің арамыздағы баға айырмашылығын ғана теңестіреді. Бірақ айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды.
Ал жеңілдетілген несие мәселесіне келер болсақ, ол ең алдымен халыққа көмек емес, ол автокөлік құрастырушы фирмаларға көмек, былайша айтқанда көлік сатуға жеңілдік. Ал сатып алатын адам несиеге алған соң, әрине оңай болмайды. Көліктің бағасы қымбат болғандықтан, 4 пайыздың өзі әжептәуір ақша. Яғни, бұл да ешқандай өзгеріске әкелмейді. Оған қоса дәл қазір мұндай жеңілдетілген несиемен көлік беру еш мағынасыз болып тұр. Өйткені көлік нарығында дефицит бар. Ал несие бөлу бұл дефицитті одан әрі ұлғайтады. Отандық көлікке сұраныс артады, бірақ негізінен нарықта айтарлықтай өзгеріс болмайды.
Көптен күткен мәлімдеменің жаңалығы осы екі мәселе болды.
Дегенмен сарапшылар да, қоғам белсенділері де бұл жаңалықтар еш өзгеріс әкелмейді деп отыр.
Ал еліміздегі көлік нарығын қордаланып қалған мәселелерден тазартатын әбжіл қимыл, ұтымды бастамалар керек екені уақыт өткен сайын анық байқала бастады.
Ділда УӘЛИБЕК