«Банкротпын!»: жаңа заң халықты банктің бұғауынан босата ала ма?

«Банкротпын!»: жаңа заң халықты банктің бұғауынан босата ала ма?

«Банкротпын!»: жаңа заң халықты банктің бұғауынан босата ала ма?
ашық дереккөзі
Мемлекеттік кірістер комитеті «Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заң жобасын» әзірлеп, қоғам талқылауына шығарды. Жалпы, мұндай заң қабылдануы керек деп бұдан бұрын бірнеше рет айтылған. Нақты ұсыныстар да болды, бірақ заң қабылдау кейінге қалдырылып келген еді. Бізге бұл заң керек пе? Ең алдымен бізге бұл заң керек пе деген сұрақ­қа жауап іздеп көрсек. «Бірінші кре­диттік бюро» базасынан алынған мәлі­мет­­ке сәйкес, тек 3 миллион қазақстан­дық­тың ғана несиесі жоқ. Бұл – 100 адамға шақ­­­­­қанда әрбір 94 адамның банк алдында боры­шы бар деген сөз. Ал берешек халықтың қарызы 11 триллион теңгеге жетіп қалған. Оған ел азаматтарының салық берешегін қо­сыңыз (2022 жылғы 1 қаңтарда 16,2 мил­лиард теңгеден асыпты). Одан бөлек, 791,1 мың адамның бюджетке 20 миллиард теңге мөлшерінде басқа да қарыздары бар екен. Ал сот орындаушылары 3,8 миллион атқарушы құ­жаты бойынша азаматтардан 3,9 триллион тең­г­е өндіріп жатыр. Несиесі барлардың барлығы банкрот деген сөз емес, дегенмен өткен жыл­ғы қарашадағы мәлімет бойынша, еліміздегі әр­бір 12 адам несиесін 3 айдан бері төлемеген. Не­сие бюросының дерегіне сүйенсек, жалпы қа­рызын бірнеше айдан бері өтемегендер са­ны 1 миллионнан асады екен, қарыз – 994,8 мил­лиард теңге. Мұнда банктердің балан­сын­дағы борыштар және баланстан тыс қарыз­дар (есептен шығарылған) ескеріледі. Алай­да кей сарапшылар проблемалық қарыз­дары бар қазақстандықтардың саны 2 мил­лион адамға жетеді деп есептейді. Демек, жағ­дай статистикадағыдан да күрделі болуы мүм­кін. Экономист сарапшы Мақсат Серәлінің пі­кірінше, заң қабылданар болса, елімізде банк­рот болған азаматтар саны 1,5-2 мил­лион болуы мүмкін екен. Ал экономист Бауыржан Ысқақов бізге бұл заң керек екенін, қабылданар болса, үл­кен қауіптің алдын алатынымызды айтады.
– Бізге бұл заң керек, себебі қазір елдегі эко­номикалық белсенді азаматтардың әрбір екін­шісінде несие бар. Олардың 45 пайы­зы­ның несиесінің мерзімі өтіп кеткен. Негізінен дамушы қоғамда осындай жайт байқалатын болса, ол мемлекеттік сыртқы инвестициялық климатына әсерін тигізеді. Егер мемлекет осы заң­ды қабылдайтын болса, алдағы уақытта болуы мүмкін әлеуметтік жарылыстың алдын аламыз. Өйткені дәл қазір халыққа ешқандай шек­теусіз несие үлестіріліп жатыр. Бұл жерде банк­тердің де кінәсі бар. Біздің екінші дең­гейлі банктердің барлығы да бизнеске несие бер­геннен гөрі тәуекелі көп тұтынушы не­сие­сін беруді әбден жолға қойып алған. Ал әлем­дік статистикадағы пропорция бойы­н­ша, банктер тұтынушылық несиені 35 пайыз­дан асырмауы керек. Қалған 65 пайызы биз­­неске берілетін несие болуы керек.
Ұсынылып отырған заң жобасының механизмі қандай? Ұсынылып отырған заң жобасына сәй­кес, қарызын төлей алмай жүрген аза­­мат несиесі кешірілуі үшін өзін банкрот­пын деп жариялап, өтініш беруі керек. Мәселені сотсыз немесе сот арқылы ше­шуге болады. Егер берешек аза­мат­тың қарызы 300 мың теңге мен 5 миллион тең­генің аралығында болса, мәселені соттың кө­мегіне жүгінбей-ақ реттеуге болады. Ал егер қарыз 5 миллион теңгеден асып кеткен болса, істі сот қарайды. Оған қоса борышкер не­сиесін 5 жыл бойы төлей алмаса ғана өті­ніш бере алады, атында ешқандай мүлкі бол­мауы, табысы ең төменгі күнкөріс дең­гейінен (38,4 мың теңге) аспауы керек. Ста­тистика бюросының мәліметіне сүйенсек, та­бысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінен тө­мен халықтың үлесі 5,3 пайыз екен. Бұл көр­сеткіш кедейлік деңгейі деп те аталады. Бі­рақ кедейлік деңгейі деген мәселеге келген­де, де-факто ахуал статистикадағыдай емес еке­нін тағы бір ескерте кету керек. Бұл тура­лы мінберлерде де айтыла бастады. Мәселен 2 ақпан күнгі Мәжіліс отыры­сын­да депутат Ерлан Саиров Қазақ­стан­дағы күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі екенін, көрсеткішіміз Нигерия, Ан­гола, Венесуэла және Габон елдеріндегімен бір­дей екенін айтқан болатын. Банкротпын деп өтініш жазғаннан не­сие кешіріліп, іс бітпейді. Банкрот деп тануды сұрап отырған азамат жарты жыл бойы бақылауда болады. Осы жарты жыл ішін­де азамат қандай да бір мүлік иеленсе, не­месе төлем қабілеті жақсарып, берешегін өзі өтей алатын болса, банкроттықты тоқтату ту­­ралы өтініш беруге міндетті. Ал 6 айда жағ­дайы реттелмесе, ол адам банкрот деп та­ны­лады. Банкрот болған азаматқа қойылар талап­тар мен шектеулер бар. Ең алдымен сот азаматтың төлем қа­бі­ле­тін қалпына келтірудің жоспарын жа­сайды. Банкроттың мүлкі қаржы басқару­шы электрондық аукцион өткізу немесе тікелей сату әдісімен сатады. Түскен ақша қар­жы басқарушы ашқан арнайы банк шо­тын­да болады. Содан соң ақша борышкердің бере­шектерін өтеуге жұмсалады. Қаржы бас­қарушы кредиторлармен есеп айырысу ке­зінде мүліктік массаны сатудан түскен ақша қара­­жатын, сондай-ақ борышкердің (банк­рот­тың) кірістерін пайдаланады. Банкрот бол­ған азаматтың жалғыз баспанасы өндіріп алуға болатын мүлікке кірмейді. Борышкер зей­нетақы алса, оның жартысынан астамын ұстап қалуға болмайды. Сот жоспарды бекіт­кен соң борышкер оны орындауы қажет. Бо­рыш­керге жоспарда көзделмеген мәмі­ле­лерді жасауға тыйым салынады. Борышкердің мүлкіне шектеу алынады. Алынған қарыздар бойынша сыйақыны есептеу тоқтатылады. Мәселен несиесі кешірілген азаматқа 5 жылға дейін несие берілмейді, тауар ақысын бөліп төлей алатын банк қыз­мет­терін қолдана алмайды. Сондай-ақ ем­делу, жақын туысын емдетуге апару немесе жер­леуге баруды қоспағанда, шетелге шығуға 3 жылға шектеу қойылады. Ешкімге кепіл болу­ға болмайды. Бір рет өзін банкротпын деп жариялаған азамат бұл мүмкіндікті 7 жыл­дан кейін ғана қайта пайдалануға құқы бо­лады. Қаржы вице-министрі Марат Сұлтан­ға­зиев басқа да шектеулер барын жет­кізген еді.
– Бүгінде бұл мәселелер талқыланып жа­тыр. Негізі кейбір сарапшылар қарызы ке­шірілгендер мемлекеттік қызметте жұмыс істе­месін, заңды тұлғаның құрылтайшысы бол­масын деп ұсынысын айтты. Мұның бәрі тал­қыланып жатыр. Бүгінде заң жобасында тек несие алумен, шетелге шығуға шектеу қою мәселесі қарастырылған, – деді ол.
Оған қоса, несиесін төлей алмағандар ту­ралы мәлімет ашық болмақ, яғни кім­дердің банкрот болғанын барлығы біле алады. Егер банкрот болған азаматтың али­мен­ті немесе өзгенің денсаулығына зиян келтіргені үшін төлеуге тиіс борышы бол­са, мұндай міндеттемелер алынып тастал­май­ды. Одан бөлек, ипотекасын төлей алма­ған азаматтар өздерін банкрот деп жариялай ал­майды, не төлеу керек, не жылжымайтын мү­лікті қайтаруға тиіс болады. Әдетте адамның болсын, жеке ком­па­ния­ның болсын өз-өзін банкрот деп жариялауы – ешқандай амал-тәсіл нәтиже бер­мегенде баратын соңғы қадам. Кез келген сот процедурасы сияқты, азаматтарды бан­крот деп тану да күрделі әрі ұзақ процесс бол­мақ. Әйтпегенде, екінің бірі өзін банкрот деп жарияламасына кепіл жоқ. Оған қоса, бан­кроттық дегеніміз тек қана қарыз жауып беру деген сөз емес, бекітілген шартты мерзім ішін­де банкрот болған жеке тұлғаның төлем қа­білеті қалпына келіп, қалыпты өмірге ора­лу­ға мүмкіндік алуы керек. Демек, банкрот деп танылу үшін тек несие төлей алмау жет­кіліксіз: заң жобасының талаптарына қара­ған­да, тек шынымен тығырыққа тірелген адам ғана көмек ала алады. Дегенмен бұл шешімнің салдары қан­дай болуы мүмкін? Ескерусіз қалған жайттар бар ма? Әлі де қарастырылуы керек мәселелер бар ма? Ең алдымен тоқталатын мәселе, заң жо­басында жеке тұлғаның өтінішін сот арқылы және соттың көмегінсіз қарау ұсы­нылып отырғанын айттық. Екінші жағ­дайда іс жеке сот орындаушыларының құ­зыре­тіне берілмек. Ал біздің қоғамда жеке сот орындаушыларына қатысты жағымды пі­кір қалыптаспағанын тағы бір айта кету керек. Оған себеп те жоқ емес. Екінші мәселе, банкрот болған азамат 5 жылдан кейін мүлік, ақша иеленетін бол­са, үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүм­кін. Сол кезде бұрын өзін банкротпын деп жа­­­­риялаған азамат мүлкі мен ақшасы қалай кел­генін дәлелдеуге тиіс болады. Дегенмен сарап­шылар дүние-мүлікті жақын туыс­тары­ның атына аудару сияқты әртүрлі әдіс қол­данылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұған сыбайлас жемқорлық мәселесі қосылса, тіптен қиын. Үшіншіден, банкрот болған азамат 5 жыл­да ешқандай несие, шағын несие, бө­ліп төлеуге тауар сатып ала алмайтынын айт­­тық. Бұл жерде назар аудару керек тағы бір нәрсе бар сияқты. 2021 жылдың қоры­тын­­дысы бойынша, елдегі инфляция деңгейі 8,4 пайыз болды. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өткен жылғымен салыстырғанда 8,4 пайызға, оның ішінде азық-түлік – 9,9 пайыз­ға, азық-түлік емес тауарлар 8,5 пайыз­ға қымбаттаған. Айлығын азық-түлікке әрең жеткізетін халық тұрмыстық техника мен киім-кешекті бөліп төлеуге алатыны жа­сы­рын емес. Яғни, тұрмысқа қажетті техника мен етік, қысқы күрте сияқты киім-кешек ке­рек бола қалса, банкрот деп танылған адам­ның оны сатып алуға қалтасы көтермесі анық. Одан бөлек, Қаржы вице-министрі Ма­рат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жаңа заң жобасында банкрот болған жеке тұл­ға мемлекеттік қызметтен және қаржы ме­кемесіндегі жұмысынан шектелуі мүмкін. Төртінші мәселе, банк төлем қабілет­те­рін мұқият тексеріп, екінің біріне несие бермеуі мүмкін. Себебі кешірілген не­сие банктің шығыны болып есептеледі, оған бюджеттен қаражат аударылмайды. Мұн­дай жағдай болуы мүмкін екенін экономист сарап­шы Бауыржан Ысқақов та растап отыр. Ал заңгер маман Бақдәулет Құрманбаев заң­ды әлі де тиянақтау керек екенін айтады. – Қазіргі нұсқа бойынша банкроттық қоз­­ғалады, ол бойынша 6 ай бойы қарас­тыра­ды, табысын зерттейді. Егер болмай жатса, сіздің қарызыңызды кешіреді. Сондықтан заңды әлі де қарастыру керек. Себебі бұл жер­де банктердің, кредиторлардың құқығы бұ­зылып тұр. Жалпы, бізде заңды тұлғалардың банкроттығы бар. Бүкіл әлемнің тәжірибесі бойынша жеке тұлғалардың банкроттығы заңды тұлғалардың банкроттығымен сәйкес келеді, – дейді ол. Жалпы, жеке тұлғалардың банкрот­ты­ғ­ы әлемдік тәжірибеде бар, әсіре­се АҚШ-та кең тараған. Мұнда жыл сайын өзін банкрот деп жариялайтын азаматтар са­ны миллиондап саналады екен. Бір қызығы, банкроттыққа ұшырағандар арасында Дональд Трамп, Майк Тайсон секілді танымал әрі табысты тұлғалар да бар. Заң жобасы қоғам талқылауында, сондықтан әлі де жетілдіріліп, кем-кетігі саралануға тиіс. Егер жетілдірілсе, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді деген болжам бар. Бізге мұндай заң аса қажет екені айтылды, сондықтан оның барынша мінсіз болуы әрі халық мүддесіне жұмыс істеуі өте маңызды. Заң солқылдақ болса, олқылықтың орны толмасы анық.