«Түсік тастадым»: Түркістанда «завуч» жүкті мұғалімді соққыға жыққан (ВИДЕО)
«Түсік тастадым»: Түркістанда «завуч» жүкті мұғалімді соққыға жыққан (ВИДЕО)
Түркістан облысында директордың орынбасарынан өлердей қорқамыз деген мұғалімдер шу шығарды деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Тіпті, жиналыста аяғы ауыр мұғалімді ұрып, түсік тастатыпты-мыс. Бірақ таяқ жегенін жазып, ұжым болып шағымданғанымен, Шардара ауданында оған тұсау жоқ көрінеді.
Айта кетсек, Шардара ауданындағы Көксу ауылында жалғыз мектеп бар. Мұғалімдердің көпшілігі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына шағымданған. Райгүл Мұсалиева қыркүйекте директор кабинетіндегі жиналыста көптің көзінше жүкті әйелді соққыға жыққан. «Содан түсік тастадым» деген Сандуғаш Жақыпова болған оқиғаны кабинетте көрсетіп берді.
«Мына жерде отырғанмын, итеріп жіберді. Тапталып қалдым. Шашымнан жұлып, басымнан ұрды. Ол екі ортада былапыт сөздер айтты. «Аузың әжетхана, сұрқия, бетбақсың. Сен мектепті 3-ке бітіргенсің, жезөкшесің» деген әңгіме айтты», - дейді мұғалім.
Ұстасқан ұстаздарды ер мұғалімдер әзер ажыратып алған. Осыдан кейін «өзіңді үйіңмен қоса өртеймін» деп доқ көрсетіпті. «Осыған дейін үндемедік» деген ұжым ақырында директор орынбасарына қарсылық білдіріпті. Себебі, жұмысқа туған-туыстарын тартқыш деген Райгүл Мұсалиева мектеп ісінен бастап, отбасымыздағы тірлікке дейін араласады әрі қорқытады дейді.
«Сағат бөлуге осы кісі араласып, барлығын өзі шешкісі келеді. Араласпайтын ісі жоқ. Отбасымызға да араласады. Дәл осы жағдайда біздің құрбымыз, көршіміз болғандықтан, «ол кісімен араласпайсыңдар, аралассаңдар, бүкіл жамандықты көретін боласың» деді», - дейді мұғалім Бибігүл Исаева.
Ал Райгүл Мұсалиева «мұның бәрі жала» дейді. Алғашында «мүлдем төбелеспедім» деген директордың орынбасары кейін «ұрғаным рас, бірақ түсік тастауына қатысым жоқ» деді. Ол туралы сараптаманың қағазы да бар екен. «Ұжымдағы былықты ашық айтатын тік мінезім үшін қолдан жасалып жатқан жала» дейді ол.
«Мен бұл жерде мектептегі сыбайлас жемқорлықты, орынсыз әрекеттерді айтқаным үшін жақпадым, әңгіменің ашығы сол. Бұл жерде, мысалға, негізсіз ұстайтын бір күндік, екі күндік деген қаржылар. Мектептің жөндеу жұмысы, содан кейін вакансия жоқ, адам қабылдайды мектепке. Мен соны айтам», - дейді Т. Айбергенов атындағы мектеп-гимназия директорының орынбасары Райгүл Мұсағалиева.
Қазір мектептегі 100-ге жуық мұғалім директордың орынбасарын қызметінен алу туралы облыстағы білім басқармасына шағым дайындап жатыр. Шардара білім бөлімі мектеп мұғалімі басшысына қатысты қорлау дерегімен сотқа бергенін, сондықтан әзірге ештеңе айта алмайтынын жеткізді.
Ұжымның пікірінше жұдырығы жуан басшыдан құтқаратын шенеунік Шардара көлемінде жоқ көрінеді. Себебі Сандуғаш Жақыповадан бөлек, өзге мұғалімді де ұрғаны үшін директор орынбасары 60 мыңнан сәл астам айыппұлмен құтылған. Райгүл Мұсалиева да өз кезегінде ұжымын «директормен бірге тексерсін» деп құзырлы орындарға шағымданбақ.