Жаңалықтар

Жол азабын тартқан мәжілісмен «қыр астындағы» ауылға 8 сағатта жеткен

ашық дереккөзі

Жол азабын тартқан мәжілісмен «қыр астындағы» ауылға 8 сағатта жеткен

Қызылорда облысында ел аралап, халықпен кездесуге барған Парламент Мәжілісінің депутаты батпаққа батып қалды. Жол талғамайтын көлікпен сапарға шықса да, депутат Геннадий Шиповских 8 сағаттан астам батпақты жолдың азабын тартқан деп жазды turkystan.kz. Қазір депутат Қазалы мен Арал аудандарын аралап жүр. Оның айтуынша, елде шешімін таппай жүрген проблемалар жетерлік. Ауыл халқының тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай жасалмаған. Жол талғамайтын қос көлікпен іссапарға шыққан Геннадий Шиповских әбден батпаққа батып, 120 шақырым жердегі ауылға әрең жеткен. «Қазалы ауданының ең шалғай елдімекені – Сарыбұлақ ауылдық округіне бардым. Ауыл аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Жол өте нашар. Халықты қабылдап, оларды толғандырған мәселелерін тыңдайын деген едім. Батпаққа әбден батып, әрең жеттік. Аудан орталығынан Сарыбұлақ округіне барып-қайту үшін тек жолға 8 сағаттан астам уақытымыз кетті. Ауылдағы Мәдениет үйі ескірген, апаттық жағдайда тұр. Ауылда жастардың саны аз емес. Алайда олардың баратын жері жоқ. Әйтеке би кентінен ауылға қатынайтын жол өте нашар. 500-ге жуық адам тұратын шағын ауыл тұрғындарының аудан орталығына қатынауы қиын», - деді Мәжіліс депутаты.