Ердорған Түркияны 2029 жылға дейін билеуі мүмкін

Түркияда Р.Ердоғанның президенттік мерзімін 2029 жылға дейін ұзартатын заң жобасы әзірленуде. Конституцияға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілер болса, елдің бүгінгі басшысы әлі 13 жыл билік құрмақ, деп хабарлайды  The Guardian.

Дереккөздің жазуына қарағанда, Түркияның билеуші партиясы заң шығарушы органның назарына Конституцияға Ердоғанды президент тағында 2029 жылға дейін қалдыруға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізу туралы референдум өткізу жөніндегі заң жобасын ұсынбақ. Құжатта премьер-министр лауазымын алып тастап, президентке екі орынбасар тағайындау және мемлекет басшысының шешім қабылдау мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі қаралған.

Үкіметтік шенеуніктер Түркияны Франция мен АҚШ іспетті президенттік республикаға айналдыруды көптен бері қолдап келеді. Ал парламенттегі оппозиция өкілдері мұндай өзгерістерге түбегейлі қарсы.

Айта кетейік, Р.Ердоған 2019 жылы өтетін президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынып, өз билігін жалғастыруға ниетті. Егер сайлауда жеңіске жетер болса, елдің бүгінгі конституциясы бойынша ол 2024 жылға дейін мемлекет басқара алады.

 

 

Back to top button