Депутаттар Атыраудағы қордаланған проблемаларды талқылады
Депутаттар Атыраудағы қордаланған проблемаларды талқылады
Мәжіліс депутаттары Нұрлыбек Ожаев, Дүйсенбай Тұрғанов және Сәлімжан Нақпаев Атырау облысына сапар барысында «Химик-Атырау» бау-бақша қоғамы елдімекенінің тұрғындарымен кездесті. Депутаттар жергілікті халықпен әлеуметтік ахуалды оңалтуға қатысты қордаланған проблемаларды талқылады.
Тұрғындардың басты мәселесі – әлеуметтік қолдау түрлері. Яғни, ең алдымен, елдімекенге нақты мәртебе беру. Жоғары кернеулі желі жүргізу, көше жарығын қондыру. Сондай-ақ, балалар үшін ойын алаңдарын салу.
Нақты ахуалмен танысқан Мәжіліс депутаттары аталған проблемаларды назарға алып, шешу жолдарын қарастыратындарын айтты.
Кездесуде Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов аталған мәселелерге нақты кім жауапты екенін анықтап, жұмыстың аяқталар мерзімін, қандай нәтижеге жететінін белгілі болатындай жүйелі жұмыс жасау керектігін айтты.
Ал, мәжіліс депутаттары арнайы барған «Химик» бау-бақша қоғамының көлемі – 64 га, 597 учаске. Бұның ішінде игерілгені – 540 учаске (450 тұрғын үй, 90 саяжай). Игерілмегені – 57 учаске (4,5 га). Былтыр аталған елдімекенді қолдау бағытында көмек түрлері көрсетілген. Яғни, демеушілер есебінен ұзындығы 30 м Ø 315 суару құбыры берілді.