Жаңалықтар

Студенттер депутаттан маңызды мәселелерді шешуге ықпал етуді сұрады

ашық дереккөзі

Студенттер депутаттан маңызды мәселелерді шешуге ықпал етуді сұрады

Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттерімен кездесіп, жастар арасындағы өзекті мәселелерді талқылады деп хабарлады turkystan.kz. Студенттер депутатқа ойларын еркін жеткізіп, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, Ербол Тілепаев Таразға келіп, білім алып жатқан шетелдік, яғни Түрікменстаннан, Моңғолиядан және Қытайдан келген студенттерге қосымша жұмыс істеуге рұқсат берілмейтінін, рәсімделген виза бойынша оқудан басқа, еңбек етіп, табыс табуына мүмкіндігі жоғын сөз етті. Өз кезегінде Жасұлан Есеней студенттік кәсіпкерлік мәселесі туралы, оның ішінде бизнеспен айналысамын деген жастар үшін ғимарат пен жерді жалға алу барысында жеңілдіктер қарастырылса деген өтініш айтты. Ал Маржан Төлеген білімді жастардың шет елге көшіп кету мәселесіне тоқталып, депутаттың осыған қатысты пікірін сұрады. Кездесу соңында университет ректоры Талғат Ешенқұлов Дулати жастарының қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамайтын белсенді екендіктерін атап өтті. Мәжіліс депутаты аталған проблемаларды назарға алып, тиісті деңгейге көтеретінін жеткізді.