Петропавл тұрғыны ұлт араздығын қоздырғаны үшін сотталды

Петропавл тұрғыны ұлт араздығын қоздырғаны үшін сотталды

Петропавл тұрғыны ұлт араздығын қоздырғаны үшін сотталды
ашық дереккөзі
Әлеуметтік желілерде ұлт араздығын қоздырған Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылды деп жазды turkystan.kz. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің назарын Петропавл тұрғыны аударған. Оның Facebook-ке орналастырған материалдарынан және қалдырған жазбаларынан ұлт араздығын қоздыру әрекеті байқалған. Жедел-іздестіру шарасы нәтижесінде, облыс орталығының 37 жастағы тұрғыны анықталды. Ер адам Facebook-тен басқа Instagram мен ВКонтакте әлеуметтік желілеріне де сол сарындас жазбалар қалдырып келген. Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаевтың айтуынша, жүргізілген филологиялық сараптама бұл жазбалардың экстремизм сипатына ие екендігін дәлелдеген.
«Биыл өңірдің екі тұрғыны сотталды. Біреуінің бас бостандығы 3,5, ал екіншісінікі 4 жылға шектелді. Сондықтан ұлт араздығын қоздырғандарға, ол мейлі әлеуметтік желі болсын, қатаң жаза бар екенін еске саламыз. Заң бойынша ірі мөлшерде айыппұлдан бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Егер де оның қылмыстық топ құрамында әрекет еткені дәлелденсе, жаза 20 жылға дейін ұлғаяды», - деді Руслан Жарасбаев.
Сөйтіп, Петропавл қалалық соты ер адамды кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімі заңды күшіне енді.