Жаңалықтар

Петропавл тұрғыны ұлт араздығын қоздырғаны үшін сотталды

ашық дереккөзі

Петропавл тұрғыны ұлт араздығын қоздырғаны үшін сотталды

Әлеуметтік желілерде ұлт араздығын қоздырған Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылды деп жазды turkystan.kz. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің назарын Петропавл тұрғыны аударған. Оның Facebook-ке орналастырған материалдарынан және қалдырған жазбаларынан ұлт араздығын қоздыру әрекеті байқалған. Жедел-іздестіру шарасы нәтижесінде, облыс орталығының 37 жастағы тұрғыны анықталды. Ер адам Facebook-тен басқа Instagram мен ВКонтакте әлеуметтік желілеріне де сол сарындас жазбалар қалдырып келген. Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаевтың айтуынша, жүргізілген филологиялық сараптама бұл жазбалардың экстремизм сипатына ие екендігін дәлелдеген. «Биыл өңірдің екі тұрғыны сотталды. Біреуінің бас бостандығы 3,5, ал екіншісінікі 4 жылға шектелді. Сондықтан ұлт араздығын қоздырғандарға, ол мейлі әлеуметтік желі болсын, қатаң жаза бар екенін еске саламыз. Заң бойынша ірі мөлшерде айыппұлдан бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Егер де оның қылмыстық топ құрамында әрекет еткені дәлелденсе, жаза 20 жылға дейін ұлғаяды», - деді Руслан Жарасбаев. Сөйтіп, Петропавл қалалық соты ер адамды кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімі заңды күшіне енді.