«Қаптаған одақ кімге керек?!» – күйші-композитор Нұрлан Бекенов

«Қаптаған одақ кімге керек?!» – күйші-композитор Нұрлан Бекенов

«Қаптаған одақ кімге керек?!» – күйші-композитор Нұрлан Бекенов
ашық дереккөзі
Белгілі өнерпаз, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің дирижері, күйші-композитор, мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов желіде еліміздегі қаптаған өнер одақтарына қатысты өз пікірін білдірді деп хабарлады turkystan.kz.
- Өзім өнер саласында жүргендіктен, кейбір нәрселерді көріп, ішім ашиды да қояды. Айтпайын десең, сөздің атасы өледі дегендей, айтпасақ бізге сын. Қазір ән мен күйімізді қырыққа бөліп, өз басына ошақ құрғыштар көбейгенін көпшілік біледі. Кеңес дәуірінде Қазақстан Композиторлар одағы деген үлкен мекеме болды. Ол композиторларды елімізге ғана емес, бүкіл әлемге дәріптейтін ұйым еді. Сол одаққа кірудің өзі қиямет-қайым болатын. Тіпті, аса танымал Шәмші Қалдаяқовтың өзі кіре алмаған еді. Осы одақты кезінде аға буын композиторлар - М.Қойшыбаев, Е.Рахмадиев соңына қарай С.Еркімбеков, бертін келе Балнұр Қыдырбек басқарды. Одақтың өзінің офисі мен бірнеше гектар жері де болған еді. Қазір бар ма, жоқ па, белгісіз, – дейді ол.
Осылай дей келіп, ол қазір сол одақтың екіге бөлінгенін айтады. Оный айтуынша, астанадағы Композиторлар одағын С.Әбдінұров басқарса, Алматыдағы Композиторлар федерациясына Артық Тоқсанбаев жетекшілік етеді.
– Екі ұйымның да илегені бір терінің пұшпағы. Бірақ, бір-біріне бағынбай, бөлек жұмыс істейді. Бітпейтін бір талас жалғасып келе жатқан секілді. Мәдениетімізге қандай пайда келтіріп жатқаны да түсініксіз, – дейді өнерпаз.
Одан әрі ол «Күйшілер одағы» деген тағы бір одақтың құрылғанын, оған қолына домбыра алғанның бәрі кіріп болды-ау деп ашынады.
– «Домбырашылар одағы» деген отау тікті. Ол-ол ма? Жақында Қостанай өңірінің Композиторлар одағы деген тағы бір одақ шықты. Сөйтіп, енді әр өңір өзінің одақтарын құрып алып, бөлек-бөлек өз қазандарында қайнап жататын кез де алыс емес сияқты, – дейді Нұрлан Бекенов.
Осы тұрғыда өнер жанашыры көпшілікке бір сауал қойғысы келетінін, алайда сол қырық түрлі одақтың әрқайсысы алақан жайып, әкім-қараның есігін тоздырумен уақыттарын өткізіп, демеуші іздейтінін ескертеді.
– Солар берсе майланады, бермесе тағы бірде болар деп жайланады. Бәрінің айналдырғандары сол баяғы екі ішекті домбыра. Құдіретіңнен айналайын «қара домбыра», неткен аруақты едің деп кейде айғайлағым да келеді.... Қорыта келгенде айтарым, қырыққа бөлініп өнерді алға салғанша, Президентіміз айтқандай, «бірігіңдер» демекпін! Ұлттық өнерімізді халықтың игілігіне жаратуға бірігіп атсалыссақ ұтамыз! Ал, үй ішінен үй тіккенді қояйық ағайын! – деп қорытынды жасайды.