Ақын Есенқұл Жақыпбековты еске алды
Ақын Есенқұл Жақыпбековты еске алды
Артына өшпес мұра қалдырған, бір қазақтың емес, бар қазақтың ұлына айналған дара ақынды ардақтауды, мол мұрасын жастарға насихаттауды мақсат тұтқан кешке өнердегі қаламдас достары, шәкірттері, ақынның өмірлік жары Меңсұлу Сұлтанқызы, елімізге белгілі айтыскер ақындар, эстрада әншілері, арулар ордасының өнерпаз жастары, сонымен қатар, тұлғаның туған жері – Алматы облысы, Жамбыл ауданынан құрметті қонақтар келіп қатысты.
Кешті Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева ашты. «Есенқұл Жақыпбеков – халқымыздың ұлттық әдебиеті мен мәдениетінің мәртебесін биіктеткен, ақындық өнердің көрнекті өкілі, бірі емес, бірегейі. Есағамыз – ақындық өнерімен бірге, айтыс өнерін қатар тізгіндеген жан. Ол – жыр алыптары Сүйінбай мен Жамбылдың ізін жалғап, өнерін өрістеткен суырыпсалма айтыскер, қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан талантты ақындардың қатарынан ойып тұрып орын алған айтулы тұлға. Оның халық арасындағы асыл қазынасы, артына қалдырған мұрасы – мәңгі өлмейтін мөлдір жырлар», деп атап өткен Д.Нөкетаева кештің құрметті қонағы, ақынның жары Меңсұлу Сұлтанқызына қазақы дәстүрмен сый-сыяпат көрсетіп, ақ орамал мен оқалы камзол кигізді және гүл шоғын табыс етті.
Ақтаңгер жанның шығармашылығына арналған кеште жүрекжарды жырлары оқылып, ақын сөздеріне жазылған «Қара күз», «Алдай-ау», «Біздің елдің жігіттері», «Аққуым», «Сен ұмытпа», «Сен жалынсың», «Есіл дүние», «Тұманды күн», «Өмір өтті-ау зырғып ағып» әндері әуелете шырқалды. Халық жадында сақталған жауһар әндерімен қатар кеште ақынның «Қаныбек» термесі, «Барады өтіп келте өмір» толғауы орындалды. Университетінің мәдени-тынығу жұмысы мамандығының студенттері «Ақын өлеңдерінен композиция» атты театрландырылған қойылым көрсетіп, ақын өлеңдерін сөйлетсе, ұстаздарын сағынышпен еске алған шәкірттері «Ұстазыма», «Қош, Есаға!» атты арнау өлеңдерін оқыды. Ақын өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнефильм көрсетілді.