40 мыңнан астам тұрғыны бар Арқалықта 2-ақ автобус жүреді

40 мыңнан астам тұрғыны бар Арқалықта 2-ақ автобус жүреді

40 мыңнан астам тұрғыны бар Арқалықта 2-ақ автобус жүреді
ашық дереккөзі
Бұл туралы журналист Ғанибет Ғалымбекұлы өзінің Facebook-тегі парақшасына жазды. Оның айтуынша, алдағы аптада Арқалыққа сапарлап барғалы отырған Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы осы мәселені де көтеруі керек-ақ деп хабарлады turkystan.kz.
«Бұл қалада 2 жыл тұрғанбыз. Сондықтан мұндағы түйткілдерді аз білмейміз. Әсіресе, қаланың ең басты проблемаларының бірі – қоғамдық көлік. Бүгін арқалықтық тұрғынның маған айтқан мына бір өтінішін Арқалық қаласы әкімдігінің есіне салмауға болмайтын секілді. Ал енді құй сен, құй сенбе, 40 мыңнан асатын тұрғыны бар қалада 2-ақ (!) автобус жүреді екен. Оның өзінде ескі-құсқы болған соң жиі бұзыла беретін болса керек. Тұрғындар бір жерге бару үшін аялдамада бір сағаттан артық уақыт тұруға мәжбүр. Аязды күндері тіпті қиын дейді. Оның өзінде үлгерсең жақсы. Әйтпесе таксимен жүресің. Ал мұндайды қалт-құлт етіп отырған қарапайым тұрғындардың қалтасы көтермейтіні айдан анық» деп жазды әріптесіміз.
Сондай-ақ ол «Егер қоғамдық көліктің санын көбейте алмаса, қала басшылығы әр тұрғынды арқалап жүрсін» деген уәжін айтты. Сол-ақ екен, қала әкімдігі жазба астына дереу жауап жаза қойды.
«Қалаішілік бағыттағы жолаушылар тасымалы қызметіне жарияланған байқауға бір ғана кәсіпкерліктің өтініш беруіне байланысты байқау қайта жарияланды (талапқа сай екі немесе одан көп қатысушы болуы керек). Қала әкімі бүгінге дейін бірнеше рет автобусы бар азаматтармен кездесіп, байқауға қатысуға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Алайда кәсіпкерлер бұл қызметпен айналысу өздеріне пайда әкелмейтінін айтады. Осы мәселені қала басшысы облыс көлемінде көтеріп, қоғамдық тасымал қызметімен айналысатын кәсіпкерлерге субсидия төлеуге қол жеткізілді», - делінген әкімдік жазбасында.
Жауапқа сенсек, бұл мәселе қала басшылығының жіті қадағалауында көрінеді. Қайта жарияланған байқауда жеңімпаз кәсіпкер анықталған жағдайда, әкімдік олардан автобус санын көбейтуді және аралық уақытын сақтауды талап етпек.