«Ел қазынасын 30 жыл бойы опырған олигархтар байлықты қайтаруы керек» - депутат
«Ел қазынасын 30 жыл бойы опырған олигархтар байлықты қайтаруы керек» - депутат
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса өзінің Facebook-тегі парақшасында еліміздегі соңғы саяси өзгерістерге қатысты пікір білдірді деп хабарлады turksytan.kz.
«Басты мақсат мемлекетті сақтап қалу болды. Қазір әлеуметтік желілерде «Ереуілде террористер де, содырлар да болған жоқ» деген, Президент не айтса да, «шын сөзін жоққа шығару» синдромы жүріп жатқанын да байқаймыз. Бұндай «лаңкестер де, содырлар да болған жоқ» деп соғып отырғандар бұл жауапсыз сөздерінің бейбіт ереуілшілерге жабылған жала екенін ойлануы тиіс. Содырлар, лаңкестер жоқ болса, онда 19 полицей мен сарбазды кім өлтірді, екі полицейдің басын кесіп алғандар кімдер? Өз жұмысымен кетіп бара жатқан жеткіншекті, жастарымызды кім өлтірді? Бейбіт ереуілшілер ме?» - деді ол.
Депутат атап өткендей, әлеуметтік желілерде әкімдік пен мемлекеттік органдарды өртеп, шабуыл жасағанда бақылау камераларын атып түсірген сұрмергендердің бейбіт шерушілерге де оқ жаудырғаны туралы ақпараттар да жүр.
Тағы оқи отырыңыз: «Ақорда ешнәрсе шешпесе, алаңда шешілер барлығы!» – Мәжіліс депутаты
«Олардың бәрі анықталып, жазаға тартылуы тиіс. Сол ас үйінен шықпай-ақ, диванда жатып алып жазып жатқандар полицияда қызмет етіп жүрген немесе әскерде ел қорғап жүрген ұлдарын террористер өлтіріп кеткен, боздағын жоқтап боздап отырған әке-шешеге барып, «ешқандай содырлар жоқ, лаңкестер жоқ» деп айтып көрсінші, не болады, не естиді екен сонда?! Лаңкестер мен содырлар деген бір жақтан арнайы іссапармен келетін, содыр не лаңкес деген анықтама куәлігі бар қылмыскерлер ғана емес, осы елімізде, ішімізде жүргендер де адам өлтірсе, мемлекеттік ғимараттарды өртесе, олар да лаңкестер мен содырлар. Кім болса да, лаңкестік пен содырлық жасаса, солар содырлар мен лаңкестер болады. Жазықсыз жандарды атып, арандатушылық жасаған күштердің шабуылынан қазіргі олардың интернеттегі іріткі салып, арандатулық шабуылдары да ешбір кем соғып жатқан жоқ», - деді Қазыбек Иса.
Оның айтуынша, олар өздерінің шабуылынан қаза тапқандарды енді мемлекетке қарсы интернеттік гибридтік шабуылдарының нысанасы ретінде де пайдаланып жатыр. Яғни, полициямен, әскермен қақтығыста қалқан ретінде, арандату үшін пайдаланған қарапайым құрбандардың енді әруақтарын шулатып, оларды тағы да интернеттік шабуылдарының құралына айналдырып отыр. Ал мұны білмеген, алашапқын аттанға қосылған аңқау жұрт арандатушылардың қармағын қауып, шоттарын шауып жатқанын аңғаратын емес.
«Кейбір қарапайым жұрттың ешнәрсеге көзі жетпесе де, өзгенің жаласына сеніп, қолдау жасаған әр лайктары, әр айыптау сөздері арандатушы күштердің атқан оқтарына айналып жатқанын аңғармауда. Бұл туралы Президент те «мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғандар идеологиялық диверсияны жақсы меңгерген» деп атап айтты. Идеологиялық диверсия интернетте әлі жүріп жатыр. «Мемлекетке сатқындық жасады» дегендері де жалған, лаңкестік пен содырлықтар да жалған, әйтпесе, олардың үстінен қозғалған қылмыстық істер қайда?» - дегендерге кеше Президент қабылдаған Бас прокурор жауап берді», - дейді ол.
15 іс мемлекетке опасыздық жасау, өкілеттіктерді асыра пайдалану және билікті басып алуға әрекет ету бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарауында жатыр. 179 іс арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері бойынша тексеруде.
«Ал «жазықсыз жандарды тұтқындап, азаптағандар қатаң жазаға тартылуы тиіс» дегенді және жазықсыз тұтқындалғандарды босатуды, кінәлілерді жауапқа тартуды БАҚ-қа берген сұхбатымызда да талап еттік. Белгілі адвокат Абзал Құспан бастаған «Аманат» комиссиясы 100-ге жуық тұтқынды түрмеден шығарды. Енді, 173 іс құқық қорғау органдары қызметкерлерінің адам құқығын қорғау емес, қорлауы бойынша, яғни, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны туралы азаматтардың шағымдары бойынша жүргізуде», - деп айтты депутат Қазыбек Иса.
Депутат Бас прокуратура мен құқық қорғау органдары қолдарында бар дәлелдерді, бейне-фото материалдарды түгел жариялауы тиіс екенін айтты.
«Ел барлық шындықты өз көзімен көруі керек. Әйтпесе, бұл ақпараттық кеңістікті түрлі күмәнді бейне-фотолар мен фейк жазбалар толтыруда. Сондықтан әлеуметтік желілер мен ақпараттық алаңда мемлекеттік органдар мен ресми ақпарат құралдарының емес, олардың сөзі өтімді болып тұр», - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, Терроризмге қарсы орталықтың мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың аяғында Қазақстанда 20 мыңнан астам деструктивті діни идеологияны ұстанушы болған.
«Қаңтар қасіретінде Президенттің барлық жауапкершілікті өзі көтеруі мемлекетті сақтап қалды. Егер Президент осылай Мемлекет басшысы ретінде барлық ауыр жауапкершілікті өз мойнына алып, өткір шешімдер қабылдамаса, бәріміз «Президент неге әрекетсіз отыр?!» дер едік. Мемлекетті сақтап қалу үшін мұндай ауыр жауапкершілікті өз мойнына алу - өте ауыр шешім. Өйткені, мұндай жағдай - мемлекеттік төңкеріс қазақ тарихында, берісі біз білетін кейінгі жүз жылдықта бірінші рет болып отыр», - дейді Иса өз сөзінде.
Айтуынша, мемлекетті сақтау жолында Президенттің өзі де құрбандыққа барып отыр.
«Кез келген мемлекеттік төңкеріс құрбандықсыз болмайды, 227 адамның қаза тапқаны орны толмас ауыр қайғы. Таразыда тек мемлекетті сақтап қалу ғана тұрды. Бұл Президенттің қатал да болса, батыл шешімі - елді төңкеріс пен азамат соғысына ұрындырмай, мемлекетті сақтап қалған мәжбүрлі жалғыз жол. Енді, ел боламыз десек, әлеуметтік желілер мен ютуб арналарында билікке тәуелсіз болып келген, тіпті биліктің тұрақты сынаушыларына айналған белгілі қоғам қайраткерлері де ашық жазып жатқандай, мемлекетті сақтап қалуымыз үшін, Мемлекет басшысын қолдауымыз керек. Ал морадерлерді емес, бейбіт азаматтарды атып, арандатушылық жасаған полицейлер мен әскерлер анықталып, қатаң жазаларын алуы тиіс», - деп атап өтті Қазыбек Иса.
Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы қаңтар қасіретінен кейінгі тағы бір қайратты қадамы - экономикамызда жариялылықты жариялауы болды. Еліміздің бар байлығының жартысынан астамын (55 пайызын) 162 адам ғана иеленіп алғанын алғаш рет ашық мәлімдеді. Ал қалған 19 милионнан астам бүкіл халықтың жартысынан астамы кедей екені, бір миллионнан астам адамның жағдайы кедейлік шегінен де төмен екені алғаш рет ашық айтылды. Депутат атағандай, шет елдердегі оффшорлық аймақтарға кеткен 160 млрд долларды қайтару мәселесі Президенттің тапсырмасымен қолға алынып отыр.
Сыбайлас жемқорлық арқылы, соның ішінде көптеген оффшорлық компаниялардан алынған капиталды қайтару процедурасын белсенді түрде бастау қажет.
Биыл 2 ақпанда «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде Қазақстаннан шет елдерге ірі көлемде қаржы аударылғаны туралы ақпаратты талап етті.
«Жылына 6 миллиард долларға жуық халық қаржысын жымқырып отырған «Қорғас» кеденінің қожайындары тергелуде. Утильсбор төлемдері тоқтатылып, қазір қайта қаралуда. Заңсыз, салықсыз өмір сүріп келген «Алтын орда» базары жабылуда. «Екінші үкімет» рөлін атқарып отырған, ел қазынасын көбейтуге үлес қосады деген, бірақ қазынаны азайтып жатқан «Самұрық-Қазына» қорына реформа жасалмақ. Президент Қ.Тоқаев, тіпті, «реформалауға келмесе, жауып тастату керек» деп те кесіп айтты. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, «Самұрық-Қазына» қазынамызды толтырмақ түгілі, мемлекетке 18 млрд доллар қарыз», - деп айтты Қазыбек Иса.
Олигархтар заңсыз иеленген қаржыларын мемлекетке қайтаруы қажет.
«Әлеуметтік жағдайы төмендерге арналған «Қазақстан халқына» қорына байлардан жүздеген млрд қаржы түсуде. Бұл ел қазынасын отыз жыл бойы опырып отырған олигархтардан Отанға көмектесу арқылы қарпыған қаржыларын заңды қайтару жолы болса керек. Негізі, олигархтардан қайыр сұрағандай сұрап отырғанша, Менделеев кестесінің бәрі табылатын қазақ жерінің қазба байлығын, кенен кенішін түрлі құйтырқы заңсыз жолдармен қолға түсіріп байығандардан сол байлықтың, кемінде 80 пайызын, ал қазба байлық орындарын түгел қазынаға қайтаруды қатаң талап ету керек. Өйткені, ол қазба байлықтар олардың да, ешкімнің де ата-бабасынан қалған мұра емес, ол - қазақтың байлығы!» - дейді депутат.
Айтуынша, олигархтардан ұрланған ел байлығын қайтару әлемдік тәжірибеде бар. Бәрі заңды, дәлелді болған жағдайда оған ешқандай кедергі болмайды.
«Мысалы, Сауд Арабиясында қазынадан ұрланған қаржыны түгел қайтарғанша, ханзадалар мен миллиардерлер бірнеше ай үйқамақта отырған. Нәтижесінде мемлекетке 100 миллиардтан аса қаржы қазынаға қайтарылған. Ал Қазақстанның ұрланған қаржыларының көлемі Сауд Арабиясының «саудасын» ондаған есе орап кетері анық», - деп айтты депутат Қазыбек Иса.
Оның айтуынша, бейбіт шеруге ауыл жастары көп қатысты. Өмір бойы ауылда тұрса да, алақандай да жер ала алмай, жұмыссыз қалғандар. Депутат кезінде алапат ауқымдағы жер көлемін иеленіп алған ірі латифундистер жерінің 80 пайызын ауыл тұрғындарына, шаруалар мен фермерлерге қайтарымсыз беруі тиіс деп есептейді.
Қазынаға бай, кенге толы елде кедейлер болмауы тиіс!
«Тоқаев отыз жылдық қоғамдық-саяси жүйенің, экономикамыздың неге дамымай отырғанының, тамырымызды кеміріп, жегі құрттай жеп жатқан жемқорлықтың сүйекке сіңіп кеткен қауіпті ауруының диагнозын дәл қойып, тура тапты және оны елге ашық жариялады. Енді ол ауруды түбірімен емдеу керек. Емге көнбейтін кеселді кесіп алып тастау керек. Жалпы саяси жүйені өзгертіп, әлеуметтік-экономикалық әділеттілік орнауы тиіс. Сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою керек. Сонда ғана халық билікке сенеді. Бай мен кедейдің арасы әлемде қалыптасқан өлшемнен оншақты есе асып кетті. Қазақстандай қазынаға бай, кенге толы елде кедейлер болмауы тиіс», - деп айтты депутат.
Ұлттық концепция қабылдануы қажет! Ел көшеге пұл үшін ғана емес, тіл үшін де шықты…
«Қаңтардың қанды қырғынында көшеге шыққан жастардың көбісі ешнәрсе жоғалтпайтындар еді. Өйткені олардың қолында ешнәрсе болған жоқ. Басында баспана жоқ, «екі қолға – бір күрек» жұмыс жоқ. Жұмыс жоқ болғасын көретін күн жоқ. Өйткені, тауып жатқан пұл жоқ. Арызын айтып барса, мемлекеттік мекемелерде қазақша тіл жоқ. Осылай отыз жыл бойы жалған уәдеге тойып, булығып жүрген жастардың жарылысын, заңды шеруін бүлікшілердің қанды шеруге айналдырып жібергені өкінішті. Енді мемлекет халықтың талабын орындау үшін, біртұтас ұлт ретінде Ұлттық концепция қабылдануы керек», - деді ол.
Айтуынша, ең алдымен 30 жыл бойы қабылданбай келген Мемлекеттік тіл туралы Заң қабылдануы қажет.
«Бір тіл болғанда ғана бір ел, біртұтас қоғам орнайды!Тілі бірдің тілегі бір, мүддесі ортақ болады!» - деп айтты депутат.
Қасірет қайталанбауы үшін Ұлттық келісім жасалуы тиіс
«Әлемдік кеңістіктен тыс өмір сүру қиын екендігі белгілі. Сондықтан елімізге бұрынғы жайлы инвесторлық климатты қайтару үшін және бұл қанды бүліктің қайталанбауы үшін Ұлттық келісім қажет. Барлық заңсыз қамауға алынған демонстранттарды босатып, қайғылы оқиғаларды объективті түрде тергеуді, мемлекеттік төңкерістің басшылары мен қосшыларын, орындаушыларды, қарақшыларды және т.б. тұтқындап, қатаң жазалануы қажет. Енді түтіні түзу шығатын ел ретінде Үкімет пен барлық қоғам, элита бірлесіп, Ұлттық келісім жасалмаса, осындай бүлік шығару созыла береді. Жоғарыда айтылған олигархтар қаржысын мемлекетке қайтаруы мен латифундистердің жер телімдерін ауылдағы жерсіз, жұмыссыз шаруаларға беруі туралы мәселе осы Ұлттық келісім аясында заңды құжатпен жасалуы тиіс. Ұлттық келісімге келуде ұлттың зиялы қауымы үнсіз қалмауы тиіс. Мұнда Азаматтық қоғамның позициясы үлкен рөл атқарады», - деп айтты Қазыбек Иса.
Сөзінше, кезінде соғыстан кейін Жапония мен Германия осындай ұлттық келісімге келіп, біртұтас қоғамға айналуының арқасында мықты елге айналды.
«Барлық шындық ашық айтылуы тиіс. Кінәлілер қатаң жазалануы керек. Сонда ғана ел сенеді. Әйтпесе, бұндай бұлғақ жалғаса береді. Ел аман, жұрт тыныш болсын!» - дейді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.