«ҚАЗАҚТЫҢ ЖАУЫ ҚАЗАҚ» ПА?

«ҚАЗАҚТЫҢ ЖАУЫ ҚАЗАҚ» ПА?

«ҚАЗАҚТЫҢ ЖАУЫ ҚАЗАҚ» ПА?
ашық дереккөзі
Ұлт тұтастығы деген алып күш. Бүгінде жер жүзінде рухани жағынан ұлттық тұтастыққа жеткен елдер ғана мықты. Тұтастықтың түрі көп: тілдік тұтастық, аумақтық тұтастық, рух тұтастығы. Біздің қазақта осының алдыңғы екеуі анық бар, соңғысы да бар, бірақ әлсіз. Қазақстан деген ешкіммен шекара дауы жоқ ел, негізгі халқы – қазақтар алып аумақта шашырай қоныстанса да диалектісіз сөйлейтін, бір-бірін еркін түсінетін, дәстүр-салтында айырмашылық жоққа тән ұлт, тек қана рухани тұрғыдағы бірлікке толық қолы жетпей келе жатыр. Жан-дүние бірлігі болмаған ел – қашанда осал. Тайпашылдық инстинкттен арыла алмай келе жатуымыз жан дертіне айналғалы қашан. Бір-біріміздің жақсымызға қуанудан гөрі жаманымызды теріп, кемшілігімізді көріп мұқатуға дайын тұратын әдет қайдан пайда болды? Неге біз өзімізді тыңдаудан гөрі өзгеге құлақ салғышпыз? Қазақ деген бір тудың астына жиылып ел болған халық неге ұлт дегенде ұйысып, мемлекет дегенде бірігіп кете бермейді? Әрине, бір-бірімізбен соншалық қырбай да емеспіз, олай десек әділетке қиянат болар. Бірақ «анау ана ауылдың адамы», «мынау мына жақтың әдеті» деген күңкіліміз қалмай келеді. Ұлт тұтастығы үшін майда-шүйде нәрсеге мән беруден арылып, ортадан шыққан ірімізді ел-жұрт болып алқалауға жетер кезіміз қашан келеді? Неге бір қазақ өзі секілді бір қазақтан зәбір көрсе не қайбір жерде пенделікпен жолын кессе «Қазақтың жауы – қазақ» деп күллі ұлтық бетіне күйе жағуға дайын тұрады? Күллі қазақтың бір-біріне жау болғанын кім көрген?! Шынын айту керек, «қазақтың жауы қазақ» деген зымиян пікірдің бүгінгі қазақ санасына вирус болып кіргеніне аз болған жоқ, кемі 70-80 жыл. Оны әуел баста жұртқа «мәшһүр» қылғандардың кім екенін білмеймін, бірақ кім бастаса да халыққа жаны ашитын адам емес, қара басының қайғысына тұтас ұлтты кінәлағысы келген әлдебір міскіннің ісі болғаны анық. Егер осы пікір ақиқат болса, неге өзге ұлтта осындай «данышпандықтың» аналогы жоқ? Қазақтың тұлғалы жаушысы Мұхтар Мағауин айтады: «Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ. «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?». Ақиқат сөз! Анық әділетті сөз осы! Бірақ көбіміз осы сөздің шындығын білсек қой... Ниеті дұрыс болса шындықты іздеу әркімнің-ақ қолынан келетін іс, тұтас ұлтың үшін болмаса да қарақан басың үшін. Бірақ әділеттік дегенмен шаруасы жоқ пенде шындықты қайтсін, оған өзіне керек кезде қару қыларлық сөз керек, сондықтан оның анығына жетіп басын ауыртпайды. Бұндайды надандық дейміз ғой, бірақ оқыған, көзі ашықтарымыздың өзі әлдебіреулерше «Қазақтың жауы – қазақ» деп көкіп тұрса... онысын неге жатқызамыз? Надандық деген жарықтық білімің бар-жоғына қарамай қона кететін қасиет қой, расында! Өмірде талай жерде әлгі сөзді аса бір құштарлықпен рахаттана айтып тұрғандарды көрдік. «Ол қайдан шыққан сөз?» десең «Итім біліп пе, кім айтса да шындықты айтқан» деп кекірейеді. Ондай сұрбеттерге «ол сөз басында олай емес, былай айтылған» деп қалай дәлелдерсің? Дәлелдерсің-ау, бірақ әлгіндей зымиян пікір көкейіне пайғамбардың сөзіндей қонып қалған пенде сенің дәлеліңді қайтсін? Дегенмен дәлелдеу керек. Бүгінде кез келген адам өзін сауатты санайды, тіпті жоғары оқу орнын бітірмесе де. Жалғанда аз білгенін көптей көретін адамдардың надандығынан асқан не бар – білімдінің сөзін тыңдау олар үшін міндет емес, тіпті ондайлардың бетін тырнап, ісінен мін таппаса жеке басына тіл тигізіп жәбірлегенді жетістік көреді. Алайда шындықтың аты – шындық, бүгін болмаса ертең надандығыңды айдай әлемге әшкере етеді. Демек, сөздің түпкі мағынасын бұрмалау абырой әпермейтін қылық. Ал біз, басқа – басқа, Абайдың сөзін бұрмалап жүрміз! Өмірмен қыршын жаста қоштасса да артына өлмейтін сөз қалдырған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сөзі бар ғой: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» дейтін. Дұрыс сөз. Тек Абайды бірдеңе үйренейін деп қана емес, оның сөзін танып, жұрттың бұзып жүргенін білу үшін де оқу керек. Абайдың бұрмаланған сөзінің бірі – біз мақаламыздың тақырыбында келтіріп отырған сөз. Абай өзінің жиырма алтыншы қара сөзінде былай дейді: «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе,күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі - қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ – шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп қуанады екен? Жә, болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен?» Аққа қарамен жазылғанды көзі анық көретіндер үшін Абай осылай дейді. Ал енді осында әлдебіреулер тістене, кектене айтатын «Қазақтың жауы – қазақ» деген «тұжырымды» қайдан көріп отырсыз? Керісінше, «Айтушы мен тыңдаушы көбі надан, Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы» деген Абай күйінішінің шындық екенін дәлелдемей ме?! Қара сөзге зер салсақ, Абай қазақтың орынсыз бәсекелестігі мен қызғаншақтығын, соның кесірінен туатын күншілдік әрекеттерді  сынай келіп «Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек» деп кесірлі кесапаттың қайдан шығатынын көрсетеді. Демек, ақын «қазақтың жауы – қазақ» деп тұжырым жасамай, солай деп айтқызуға мәжбүрлейтіндер болатынын айтып отыр. Ал бұны арам ниетті біреулер контекстен жұлып алып, өзіне қажет жағдайда пайдаланған, соның кесірінен әу бастағы мағынасынан айырылған сөз күллі қазақтың бір-бірін жек көргенде тіліне тиек қылатын тәмсілге айналумен тынған... Тағы бір айта кететін сөз, «Абай қазақты көп сынаған» дегенге саяды. Иә, сынаған, бірақ жаңағыдай («қазақтың жауы – қазақ») деп қорламаған. «Қара сөздерінде» ұлт ретінде жіберіп жатқан кемшілігімізді сынап, өркениет көшінде өзгелерден қалып жатқанымызға ыза болып айтқан ащы сөздер бары рас, бірақ ол халқына жаны ашығандықты ғана білдіреді. Мәселен, «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді» (Он төртінші қара сөз). Осының несі өтірік? «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі — жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. (Қырық екінші қара сөз). Бұндайлар Абай заманында ғана емес, қазір де толып жүр. Ендеше ұлт ретінде кемшілігімізді айтып, содан құтыл деп отырған ақынның сөздерін бұрмалап, оны шын көріп жүрген біздің замандастарымыздікі ұят тірлік емей не?! Демек, ендігі жағында есі бар азаматтың бәрі «Қазақтың жауы – қазақ» дегеннің ақиқатты айтқан тәмсіл емес екенін біліп, жалған сөзге бас шұлғуды қою керек. Дұрыс айтқан сөзді бұрмалап, бір-біріне қару қып кезену – бүгінгі қоғам үшін хас надандықтан өзге ештеңе емес. Сөз соңында айтарымыз «Қазақтың жауы қазақ» емес, бірақ дұшпаны жоқ деп те ада-күде айта алмаймыз, Мұхтар Мағауиннің сөзімен айтсақ, «Қазақта жау бар. Қуатты, қатерлi жау. Күн озған сайын күш алып, тамырын тереңге жайып барады. Ақыры түпке жетсе, сол ғана жетедi. Ол қандай жау? Кiм? Кiм емес, не? Бүгiнгi қазақтың жалғыз-ақ жауы бар. Ол – ұлттық сананың кемдiгi. Өзiн-өзi қор тұту, өзiн-өзi кемсiту, өзiне тиесiлi сыбағаға ұмтылмау, былайша айтқанда – ұлтсыздық!» Сақтанатын жеріміз осы. Бір бірімізді жақын тартсақ қана мақсұтқа жетеміз. Сол үшін «Қазақтың досы да, туысы, бауыры да, жанашыры да, қорғаны да қазақ» деп ойлау, айту, сену ләзім.