Жаңалықтар

Актер Нұржұман Ықтымбаев пен паралимпиадашы Давид Дегтярев «Халықтың сүйіктісі» атанды

ашық дереккөзі

Актер Нұржұман Ықтымбаев пен паралимпиадашы Давид Дегтярев «Халықтың сүйіктісі» атанды

Елордадағы Rixos President Astana қонақүйінде дәстүрлі «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті деп хабарлады turkystan.kz. 2011 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқауда бұл жолы атақты актер, ҚР Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосқан аға буын өкілдеріне берілетін «Алтын дәуір» аталымының жеңімпазы атанды. Кеңес Одағының барлық дерлік киностудияларында ойнап, миллиондаған телекөрерменнің сүйікті актері Нұржұман Байжұманұлы былтыр 80 жасқа толды. Шара ұйымдастырушылары мен қазылар алқасы актердің мерейтойына орай беделді сыйлықты табыстау туралы шешім қабылдаған. Айта кетсек, бұған дейін «Алтын дәуір» аталымы Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосқан белгілі қазақстандықтар – Юрий Померанцев, Лаки Кесоглу, Мырзатай Жолдасбеков, Ирак Елекеев, Шөмішбай Сариев және басқа да көптеген азаматтарға табысталған болатын. 1994 жылы Тәжік-Ауған шекарасында бандалық құрылымдармен болған қақтығыста ерлікпен қаза тапқан қазақстандық Раджан Батырқанов «Ержүрек жүрек» аталымына лайық деп танылды. Түркіменстан мен Тәжікстан президенттері Раджан Батырқановты өз елдерінің жоғары наградаларымен марапаттаған болатын. «Халықтың сүйіктісі» марапаты батырдың анасы Қизат Батырқановаға табысталды. Сонымен қатар, отандық спорт жұлдызы, былтырғы паралимпиада ойындарының чемпионы Давид Дегтярев «Жылдың үздік спортшысы» аталымында алдына жан салмады. Ал «Жылдың үздік дәрігері» аталымында танымал қазақстандық хирург Юрий Пя жеңіске жетті.