Ішкі туризмнен түсетін пайда 3 пайызды ғана құрайды

Ішкі туризмнен түсетін пайда 3 пайызды ғана құрайды

Ішкі туризмнен түсетін пайда  3 пайызды ғана құрайды
ашық дереккөзі

Қазақстан қоржынына ішкі туризмнен түсетін пайда жалпы кірістің 3 пайызын ғана құрайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко мәлімдеді. «Бүгінгі күні Қазақстанда ішкі туризмнен түсетін табыс жалпы кірістің бар болғаны 3 пайызын құрайды. Ал дамыған елдерде аталған көрсеткіш шамамен 20-30 пайыз төңірегінде. Біздің ойымызша, қазір туризм инфрақұрылымын жетілдіріп, туристік саланы құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, туристік өнім құны көрсетілетін қызмет сапасына сай болуы тиіс», — деді ол. Депутаттың пікірі бойынша, туристік саланың дамуын қамтамасыз етудегі міндетті шарттардың бірі — туризмге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету. «Туристік қызмет ұлттық экономиканың құрамдас бөлігі саналады. Сондықтан оның түйткілдерін жүйелі әрі кешенді түрде шешу қажет. Осындай жұмыстар қолға алынар болса, онда туризм Қазақстанның дамыған салаларының біріне айнала алады», — деді Е.Тарасенко. Туризм Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың біріне айналуға табиғи ресурстан толық мүмкіндік береді. Десе де, оны бір жолға қою, елдегі туризм саласына басымдық беру мәселесі әлі мемлекеттік деңгеде қолдау таппай отыр.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше қазіргі кезде туризм әлемдік экономикадағы дамушы пайда әкелуші бірден бір негізгі сала. Туризм көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын құруға және сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етуші негізгі факторлардың біріне айналып отыр. Туризм индустриясының мемлекеттік бюджетке түсіретін валюталық түсімі, орта және шағын бизнеске көмегі, тауар мен қызмет көрсету нарығы арқылы аймақтардың экономикасының дамуына ықпалы өте зор.

Бұл саланы жолға қою үшін ең алдымен, кез-келген елде, Қазақстанда да туристік рекреациялық ресурстың болуы шарт дейді сарапшылар. Сонымен қатар, туризмге тура немесе жанама салалардың және кәсіпорындардың дамуы тікелей ықпал етпек. Бұл ретте қызмет көрсету секторының өсуі де рол ойнайды. Қазақстанда 400-ден астам туристік фирмалар қызмет етеді, 80 елдің туристік фирмаларымен келісім жасағандығы анықталып отыр. Туризмнің дамыған аймақтары -Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Алматы және Астана қалалары. Осы облыстардың және қалалардың туристік фирмалары қызмет көрсетудің 88%-ін құрайды. Бұл қалалардағы туристік нысандардың көбі дерлік жеке кәсіпкерлердің есебінен ғана «өмір сүріп» отыр.