Қосшы қаласының тұрғындары депутаттарға ауыз су мәселесін жеткізді

Қосшы қаласының тұрғындары депутаттарға ауыз су мәселесін жеткізді

Қосшы қаласының тұрғындары депутаттарға ауыз су мәселесін жеткізді
ашық дереккөзі
Мәжіліс депутаттары – «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Мәди Елубаев пен Юлия Кучинская Ақмола облысының Қосшы қаласына барып, оның алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Шаһардағы құрылыс қарқынын бағамдап, жергілікті тұрғындармен кездесті деп хабарлады turkystan.kz. Депутаттар ең алдымен «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасын іске асыру мониторингі шеңберінде Қосшы қаласында салынып жатқан 1200 орынға шақталған мектептің құрылыс барысымен танысты. «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының мәліметінше, құрылысы 2019 жылы басталған мектеп өз мерзімінен жарты жылға жуық уақыт кешіктіріліп тапсырылмақ. Себебі құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан жобалық-сметалық құжатты қайта түзету қажет болды. Уақыт оздырып алған мердігер енді мектепті наурыздың аяғында пайдалануға бермек. Бүгінде оған ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Фракция депутаттарының айтуынша, құрылыс материалдарының қымбаттау мәселесі өте өзекті. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, сыртқы экономикалық себептерге байланысты жалпыәлемдік нарықта да болады. Бүгінде Қосшы қаласында 3 бірдей мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Әрқайсысы – 1200 орындық. Оның екеуі биыл тапсырылады деп жоспарланса, 3-мектеп 2023 жылы пайдалануға берілмек. Сөйтіп, 3600 орындық 3 мектептің пайдалануға берілуі 3 ауысымда білім беретін нысандардың проблемасын толыққанды шешуге ықпал етпек. Депутаттар бір ауысымда 100 келушіні қабылдауға қауқарлы жаңа емхананың құрылысымен танысып, объектілердің уақытында тапсырылуын бақылауда ұстау қажеттігін алға тартты. Мәжілісмендер жергілікті тұрғындармен кездесу мақсатында Қосшы қаласының проблемалық мәселелері бар шағынаудандардың тұрғындарымен кездесті. «Diamond park» тұрғын үй кешенінің тұрғындары үйлерін заңдастыру мәселесін көтерді. Айта кетсек, аталған тұрғын үй кешенінің тұрғындары үйдің құжаттарын қолдарына ала алмай отыр. Құрылыс компаниясы мен жер иесінің өзара келіспеушілігінің салдарынан қарапайым тұрғындар зардап шегуде. Сондай-ақ Қосшы тұрғындары үздігіп берілетін ауыз су мәселесін көтерді. Жергілікті атқарушы орган өкілдерінің айтуынша, қолданыстағы сумен жабдықтау жүйесінің тиісті жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Нижне-Романовка кен орнынан Қосшы қаласына дейін су тарту құрылыстары мен су тартқыштың құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ Қаражар ауылының сорғы станциясынан Қосшы қаласына дейін су тартқыштың құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Демек, жыл соңына дейін қосшылықтарға су үздіксіз берілетін болады деп күтіліп отыр.