Жаңалықтар

«Қоғамның басты проблемасы  – халықтың әлеуметтік жағдайы» – С.Канкуров

ашық дереккөзі

«Қоғамның басты проблемасы  – халықтың әлеуметтік жағдайы» – С.Канкуров

Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Станислав Канкуров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбаты жөнінде пікір білдірді деп жазды turkystan.kz. «Сұхбатты басынан аяғына дейін тыңдап шықтым. Қысқа да нұсқа, мазмұнды әрі мағыналы сұхбат болған екен. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен қоғамның дамуына қатысты жаңа заман талап ететін өзгерістерді енгізу жайлы нақты және терең пікірлерін айтты. Қайғылы қаңтар оқиғасының себептері мен салдарлары жан-жақты және терең зерттеледі. Бұл біз үшін үлкен сабақ болғандығы тілге тиек етілді. Қазір тергеу барысында әрбір іс бойынша әділ шешім шығару керектігін атап өтті. Бұл Президент үшін басты принцип болып қалады. ҰҚКШ әскерінің уақтылы енгізілгендігі және бұл шешім үшін ешбір елге қарыздар еместігімізді, керісінше бұл келісімшарт аясындағы өзара көмек екендігі мәлімделді. Одақтас елдердің әскері Қазақстан ішіндегі тұрақтылықты сақтауға атсалысты», - деді депутат. Өз сөзінде Станислав Канкуров Президенттің шекара мен достық көршілік мәселесін де сарапталғанына тоқталып өтті. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара заңды түрде бекітілген. Бұл ретте Президент ресейлік кейбір азаматтардың Қазақстанның солтүстік облыстары Ресейге тиесілі деген пікірді қате ой екенін атап айтты. «Қоғамда қордаланған проблема – халықтың әлеуметтік жағдайының төмен екендігін білеміз. Осы ретте байлықтың басым бөлігі кішігірім топта шоғырланған. Бұл проблема тыңғылықты шешіледі. Монополия мен олигополияны жою мақсаты қойылған. Осымен бірге заңсыз жолмен қол жеткізілген және шет елге әкетілген қаражат елімізге қайтарылатын болады. Президент Үкіметке екі ай ішінде нақты ұсыныстарды енгізуді тапсырды. Қазақ жерінде табылған қаражат ел игілігі үшін қызмет етуі керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы Алматы қаласына ерекше тоқталып өтті. Сүйікті қаламыздың шабуылдан кейін қалпына келуі Президенттің жіті назарында. Қала басшысы ретінде еңбекқор және тәжірибесі мол Ерболат Досаевты осы мақсатта тағайындады. Әкім алдында қаланы қалпына келтіру, зардап шеккен кәсіпкерлер мен азаматтарға жәрдемдесу міндеті аса маңызды болады. Алматы мәслихатының депутаттары бұл арнадағы жұмысқа белсенді араласып келеді. Алдағы уақытта да бар күшін салады», - деді Станислав Канкуров. Сонымен бірге мәслихат хатшысы халқымыздың берекесін ұлғайту, тәуелсіз Қазақстанды нығайтып, нақты іспен дәріптеу маңызды екеніне тоқталды. Барша қазақстандықтарды Президенттің ой-тұжырымдарына қолдау көрсетіп, Жаңа Қазақстанды құруға бір адамдай атсалысуға шақырды.