«Бұл - қазақтың тілегі!» - Бақытхан Жаншаева

«Бұл - қазақтың тілегі!» - Бақытхан Жаншаева

«Бұл - қазақтың тілегі!» - Бақытхан Жаншаева
ашық дереккөзі
Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Бақытхан Жаншаева Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына берген сұхбатына қатысты пікір білдірді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасында Жайна Сламбекке берген сұхбатын мұқият тыңдадым. Көпшіліктің көкейіндегі, әлеуметтік желіде көтерілген сұрақтар қойылды. Басында бейбіт басталған шеруді қандықол қараниеттілердің пайдаланып, төңкеріс жасағысы келгендігін айтып, бұл іске шатысы барларға қатысты тергеудің аса құпия жүріп жатқанына тоқталды. Оны түсінеміз. Тек сол тергеудің әділ де шынайы, түпкілікті де терең зерттеліп жүргенін, шындықтың жариялануын қалаймыз, халық соны күтеді. Президенттің өз сұхбатында атап өткені бар, атамай кеткені бар, ел саясатында жіберілген ең ірі идеологиялық қателердің кесірі орасан, оны бірден түзеу де оңай емес екенін де білеміз. Қасіретті қаңтар ызғары әлі жанды қарып, жүректі сыздатып тұр. Оның үстіне «ақпараттық соғыстағы жеңілістен» , экономикадағы дағдарыстан, басқа да ауыр соққылардан есімізді жиып, ел іргесін  нықтау, елдігімізді сақтау тек өзімізге байланысты», - деді ол.
Сондай-ақ депутат Президенттің орыс тілінде берген алғашқы сұхбатына да пікір білдірді.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақшасы тым тәуір екен. Қазақ тілі туралы айтқаны көңілге қонымды. Егер тап осылай қазақша сұхбатты орысшадан бұрын бергенінде қатып кетер еді деп отырдым. Дегенмен, ештен кеш жақсы. Оның үстіне Тоқаевтың қазақ журналистикасына жақсы баға бергеніне қарағанда, алдағы уақытта Қазақ елінің Президенті ретінде қандай деңгейдегі жиын болмасын, өзі бас болып тек мемлекеттік тілде сөйлеп, басқаларға үлгі болса деген тілек бар. Бұл қазақтың тілегі!», - деді Бақытхан Жаншаева.