Кекілбаевтың «қол сүюіне» қатысты қауесетке нүкте қойылды (ВИДЕО)

Кекілбаевтың «қол сүюіне» қатысты қауесетке нүкте қойылды (ВИДЕО)

Кекілбаевтың «қол сүюіне» қатысты қауесетке нүкте қойылды (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Белгілі ақын Светқали Нұржанов Qasqa jol Youtube-арнасына берген сұхбатында қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолын сүйгеніне қатысты қауесетке қатысты нақты көзбен көрген айғағын алға тартты деп жазды turkystan.kz.
«Қазір Әбіш Кекілбаевтың жүрегінен, тілегінен, бүкіл арман-мақсатынан, күресінен, Тәуелсіздік үшін жасаған үлесінен, жазған еңбектерінен хабары жоқ бір тобыр-топан «Назарбаевтың қолын сүйді» деп жүр ғой. Ол кісі менің қолымнан да оншақты рет сүйген, мысалы. Оның маған жағынып сүйген ештеңесі жоқ қой. Ол толқыныс сәтте кез келген қазақ баласының жүрегінен сүйеді. Себебі, ол – кез келген енекөкірек үлкен кісілердің әдеті. Ондай бүкіл қазақ даласында болған. Біздің Маңғыстауда әлі күнге дейін үлкен кісілер үміт еткен, ықыласы құлаған адамдардың қолынан сүйеді. Сол жердегі жиында мен де болдым. Менің алдымда ардақты ұстазым, академик Рымғали Нұрғали отырды. Ол жерде ешқандай ерсілік болған жоқ», - дейді ақын.
Себебі, сол сәтте Елбасының өзі: «Тәуелсіздік үшін күресте Сіз Тәуелсіздікке және маған адал болдыңыз. Өзіміздің талай жетектеп әкелген адамдарымыз жау болып кетіп жатқанда, Сіз сол тауға ұқсаған қалпыңызда отырдыңыз» дегендей жүрекжарды әңгімесін айтыпты.
«Әбіш аға сөйлегенде: «Бұл Әлихан Бөкейхановқа, Ахмет Байтұрсыновқа, менің ұлтымның ұлы көсемдеріне бұйыратын атақ еді. Олардың бәрі мұндай «Алтын жұлдыз» емес, басқа «сыбаға» алып кетті. Енді бұл маған бұйырып тұр», - деп толқып тұрып, енекөкірекпен ана кісіге құрмет көрсетті. Бар болғаны сол», - дейді Светқали Нұржанов.
Сондай-ақ ол Әбіш Кекілбаевтың жер дауы кезінде Елбасына қасқайып қарап тұрып, ерлік танытқанын да ескертті.
«2001 жылы жер сату деген сұмпайы жоспар басталды. Сонда үлкен айқай болды. Сол айқайдың бірін көгілдір экраннан көрдім. Сол кезде Назарбаев: «Айналамызда басқа да елдер, мүдделер бар, жер бетінде жалғыз емеспіз. Бізге кім қалай қарайды? Оны да ескермесек болмайды», - деп сөйлеп тұр екен. Ал енді ол кісі (Әбіш Кекілбаев, - ред.) әлгі жер туралы дауда қатты ашу қысқанда өңі қарайып кетіп: «Нұреке, «Бізге кім қалай қарайды?» деп отыратын екеуміз сұлу қатын емеспіз! Екеумізде «Ертеңгі келетін қазақтың ұрпағы қалай қарайды?» деген жалғыз қайғы болуы керек», - деді. Ал осыны кім айта алды өйтіп?! Жүйе түбірімен жойып жібермесе, бір күні сол бейнежазбалары шығады. Солардың бәрі оған Құдайдың ескертуі еді», - деп түйіндеді сөзін Светқали Нұржанов.