Жаңалықтар

TikTok-тың Сингапурдағы кеңсесінде жұмыс істейтін Олжас әлемде жоқ жоба ашқысы келеді

ашық дереккөзі

TikTok-тың Сингапурдағы кеңсесінде жұмыс істейтін Олжас әлемде жоқ жоба ашқысы келеді

Трафикті бақылап, киберқауіпсіздік мә­селесімен айналысатын америка­лық Cloudflare компаниясының мәліме­тін­ше, TikTok 2021 жылы Google, Microsoft пен Facebook секілді гиганттарды басып озып, қол­данушылар саны ең көп интернет-ресурсқа айналды. Сондай-ақ әу баста қысқа видеолармен алмасуға мүмкіндік бере­­тін желі ретінде ашылған TikTok-қа ай сайын миллиардтаған адам кіретінін айтады. Әлемге TikTok-ты сыйлаған қытайлық ByteDance компаниясының қызметкерлерінің қа­тарында Олжас Қайырахмет бар. Ол ByteDance-тың Сингапурдегі халықаралық кең­сесінде деректер сақталатын бұлт қой­масы жүйесіне жауапты командада инженер бо­лып жұмыс істейді. Қазақстанда ашқысы келген стартап жо­ба­сына мамандар таба алмай жүрген Олжас­қа хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – IT алыптарының бас кеңсесінде өзіңіз секілді жұмыс істейтін қазақ­стан­­дықтар мектеп кезінде олим­пиа­даларға көп қатыса жүріп, осы салаға қы­зығушылығы оянғанын айтады. Сіз­де де солай болды ма? – Иә. Негізі, мен 6-сыныпқа дейін Ақ­тө­бедегі орта мектептердің бірінде оқыдым, со­сын қазақ-түрік лицейіне оқуға түстім. Сол кезде информатика пәнінен түрлі олим­пиадаға көп қатысатынмын. Бірақ анау айтқандай үлкен жетістіктерге жеттім деп айта алмаймын, көбіне қола жүлдемен ора­латынмын. Мектеп бітірген соң, шет­елде білім шыңдау мақсатын көздеген до­сым екеуіміз АҚШ-тағы колледжге құжат тап­сырып, оқуға түстік. Алайда ондағы оқу­дың сапасына көңіліміз толмаған соң, бірін­ші семестрден соң терең білім, сондай-ақ жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін басқа оқу орнын қарастыра бастадық. Сөй­тіп, Оңтүстік Кореяда ғылым мен техника са­ласында түрлі зерттеулер жүргізетін Уль­сан мемлекеттік ғылым және техника университетінің (UNIST) грантын ұтып ал­дым. Негізі компьютер ғы­лымдарының маманымын, бірақ онда менеджмент са­ла­сы бойынша қосымша білім алуға мүм­кін­дік бар. Кейіннен осы мамандық бойынша магистратура бөлімінде оқыдым. Оқып жүр­ген кезде деректер сақталатын бұлт қой­масына көп ден қойып, ғылыми зерттеу жа­зып шықтым. Содан соң осы зерттеуімді көп­шілікке ұсыну үшін Американың Бос­тон қаласында өткен конференцияға ша­қыртылып, ақырында жаныма жақын бұл тақырып бойынша ғылыми диссертация қор­ғадым. Оқу бітірмей тұрып жұмыс қа­рас­тыра бастағанымда келіп түскен бір­не­ше ұсыныстың ішінен Дублинде ірі ауқым­ды орталықтарға желілік жабдықтар ойлап та­батын Arista Networks компаниясын таң­дап, онда бағдарлама жасақтаушы бо­лып жұмыс істедім. – Қазақстандағы көпшілік TikTok-қа иелік ететін ByteDance компаниясы туралы көп біле бермейді. – ByteDance – Google, YouTube секілді бір­неше бизнесі бар Alphabet холдингі се­кілді ірі конгломерат компания. ByteDance ойлап тапқан өнімнің ішіндегі ең танымалы – TikTok әлеуметтік желісі. Не­гізі, TikTok-тың екі: қытайлық және шетел­дік нұсқасы бар. Қытайлық нұсқасын қы­тайлықтар ғана қолдана алады. Қытайдың құпиялылық туралы заңына сәйкес бөлінген бұл нұсқа Қытайдан тыс аймақта жұ­мыс істемейді. Оның бас кеңсесі Бей­жің­де орналасқан. Ал халықаралық заңдарға бағынатын шетелдік нұсқасы бойынша жұмыс істейтін негізгі кеңсе Сингапурде. Десек те Қытайдағы бірнеше маманмен үне­мі байланыстамыз, халықаралық мәсе­ле­лерге байланысты әлдебір кедергілер туын­дай қалған жағдайда олар бізге ха­бар­ласа­ды. ByteDance-тың TikTok-тан бөлек, Xigua, Toutiao, Lark, Helo секілді бірнеше сер­вистері тағы бар. Көпшілігі Қытай на­рығына арнайы жасақталғанымен, әлем бойынша танымалдығы артып келе жатыр. Де­генмен бізден талап етілетін жұмыс бас­қа болғандықтан, онда қандай өзгерістер бо­лып жатқанынан бейхабармын. – Сингапурдегі сіздің негізгі мін­де­тіңіз қандай? – Басты міндет – деректерді қам­титын бұлт қоймасының платформа­сын ұсыну, сондай-ақ қойма жүйесін оң­тайландыру, оны жылдам әрі тиімді ету. Осылайша, біздің өнім мен жүйені Cloud-native тә­сіліне көшіру. Жалпы, алдағы уақытта ком­пания бұлт қой­масына байланысты жо­баларға екі есе көңіл бөліп, көп өнім жа­сап шығармақ. Сол себепті алдағы уа­қыт­та жұмыс ауқы­мы екі есе көбеймек. – Сингапурды мамандар «Азиядағы Кремний алқабы» деп атайды. Әлемдегі ІТ саласының астанасы саналатын, алпауыт компаниялар шоғырланған Америкадағы алқапқа барудың қажеті жоқ дейді тағы олар. Расымен ин­вес­торларға қолайлы ел атанған Син­га­пур­дың сыры неде? – Әлбетте, Америкадағы Кремний ал­қа­бының бәсі бәрібір биік. Дегенмен салыс­тыр­малы түрде қарасақ, Сингапурда ІТ ма­мандар мен инвесторларға жағдай жа­сай­тын біраз ерекшеліктер бар. Ең алдымен мұнда төленетін салық сомасы әлдеқайда аз. Ірі компанияларға осында филиал ашу өте қолайлы. Сол себептен де Google, Facebook секілді ірі корпорациялар Шығыс Азия­дағы бас кеңсесін осы елден ашады. Одан бөлек, көптеген қаржы институттары да осы жерден филиал ашып алған. Син­гапурда блокчейн және криптоқаржыға қатысты көп стартап жоба іске асырылып жатыр. Бизнестің түр-түрі «қызып» жатқан соң, инвесторлар көп қызығады, елде жоқ, тың нәрсе іздеп табу үшін осында «ағылып» келеді. Тағы бір айта кетерлігі, Америкаға қарағанда Сингапурге жұмыс визасын алу оңайырақ. Америкада жұмыс істеуге рұқсат беретін H1B визасын алу үшін жарты жыл уақыт кетеді. Ал Сингапурде визаны небары 2-3 аптаның ішінде ала аласың. – Президент жуырда техникалық ба­ғыттағы мамандықтарға, әсіресе ІТ мамандығына көп назар аудару керек еке­нін айтқанын естіген боларсыз. Осы орайда болашағын сіз секілді ІТ са­ла­сымен байланыстырып, әлем таң­ғалатын жеке жобасын ойлап тапқысы келіп жүрген түлектерге қандай ақыл-кеңес айтасыз? – Олар алдымен жасап шығаратын өнім немесе платформасын жергілікті я ха­лықаралық нарықтың қайсысына бағыт­та­ған тиімді екенін түсініп алуға тиіс. Со­сын аудиториясын ажырата білгені жөн. Жал­пыға бірдей өнім жасап шығару қиын еке­ні айт­паса да түсінікті. Содан соң ІТ са­­ла­­сына бас сұғатын адам тұйық болма­ғаны абзал. Онда техниканы жаңғақша шағатын қабілетіңнен бөлек, адамдармен тіл табысуың да үлкен рөл атқарады. Қанша жерден ақылды болсаң да, стартап жобаңды жеке өзің құрастырып шықсаң да, идеяңды сата алмасаң, инвес­тордың ті­лін тауып, онымен сөйлесе алмасаң, онда тір­­лігіңнен түк өнбейді. Тектен-текке тыры­сасың. Алысқа бармай-ақ, қарапайым презента­ция­ны көпшілікке ұсына алмасаң, коман­дамен бірге жұмыс істеу қиынға тү­седі.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ