Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» мажар тілінде

Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» мажар тілінде

Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» мажар тілінде
ашық дереккөзі
Мажар оқырмандарының сұранысымен қазақтың классик қаламгері Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» деректі толғамы 2013 жылы мажар тілінде жарыққа шықты. Қазақ тарихының сүбелі тұстарын бірегей концептуалды тұрғыда, соны ұстаныммен саралаған берегей сарап тек қазақ оқырмандарына ғана емес, Тұран жұртының рухани сұранысына жауап берген бірегей туынды екені әмбеге аян. Сондықтан да бұл мажар оқырмандарының назарын өзіне аударды. Ақыры, сәтін салып, қаламгердің бұл еңбегін мажар тілінда шығып, жұрттың алқауына бөленді. Бұл істі қолға алып ұйымдастырған екі елдің байланысы саласында ұзақ жылдан бері сүбелі үлес қосып келе жат­қан «Барс» мажар-қазақ қоры. Ең­бек­ті орыс тілінен аударған – Бенкө Ми­хай, жалпы редакциясын басқарған – Гал Андраш. Еңбек мажарша басы­лы­мы Мажарстанның көрнекті қайраткері, жазу­шы, Мажар Парламенті төраға­сы­ның орынбасары Лежак Шандор мыр­за­ның алғысөзімен ашылған. Сол пікір­ді қазақтілді аудиторияға ұсынуды жөн санап отырмыз. Мажарша басылымға кіріспе Magauin, Muhtar: A kazah történelem ábécéje. Dokumentumregény [Қазақ тари­хының әліппесі. Дерек­ті толғам]. (Budapest, 2013. 206 бет). Менің айналамдағы үлкенді-кішілі ортада өткен онжылдық­тар аясында «Діңінен үзілген тамыр сол­ған шөпке немесе тікенекті арам шөп­ке айналады» «Szakadt gyökér csak kórót vagy szégyenfát nevel») деген ес­керт­пе, тіпті тәртіпке шақыратын қа­нат­ты сөз сансыз рет қайталанған. Өт­кен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жыл­дарында Орта Азия халықтарының поэ­зиясын тәржімалаумен айналысқан мәр­тебелі шайырымыз, Кошут атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Буда Фе­ренц Лакителекте* өтіп тұратын туыс­қан жұрттардың қаламгерлерінің қа­тысуымен өтетін кештерде бұл дана сөз­ді жиі тілге тиек ететін. Ресми кез­десу­лерден кейін исі аңқыған шарап көңіл күйге дем берген шақта көңіл шір­кін сан қилы шартарапты шарлап, шал­ғайға орағытып жататын. Мұндай кез­десулер менің жан сарайымды астан-кес­тең етіп, туыс халықтардың байырғы бай­ланысты дәріптейтін іргелі ең­бек­терді іздеуге қанаттандырды, тереңде бұғып жатқан көне әуен, орамды ой, орайлы сөз өрнегі, мақал-мәтел, жұм-бақ тұспал сөздер ойыма орала беретін. Менің жарым Тиса дариясының сағасындағы Кіші Құманиядан (мажарша – Киш-Куншаг), құман-қып­шақтар (мажарша-кун) жұртының ұр­па­ғы. Сондықтан құман-қыпшақтардың тари­хы мен көне әдет-ғұрыптары бұ­рын­нан қоныстанған халыққа сіңіп ара­­ласып кетуінің табиғи нәрсе екенін жақ­сы білемін. Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» атты іргелі туын­дысы менің жеке-дара қызығу­шы­лығымды тудыруының басты себебі де осындай ойдан өрбіді. Менің соңғы онжылдықта жи­нал­ған үздік-создық білімім мен тәжірибем енді атақты руханият ие­­сінің қаламынан туған ауқымды дерек­ті романмен толысып, жүйелетінін бек түсіндім. Тарих ғылымының дәйек­тел­ген жаңа жаңалықтары мен тұжы­рым­дарына тың көзқарастар мен батыл бол­жам ұсынып, соны түзетулер енгізуі та­биғи жайт екендігі сүйіндірді. Ма­жар­лар қазыналы Шығыстың тумалары еке­німізге, Орта Азияда ғұн-түрік тек­тілер­дің рухын сақтап отырған туыс, қан­дас бауырларымыз тұратынына бе­кер мақтанбаймыз. Мажар оқырмандарының на­зары­на ұсынылып отырған бұл ең­бек біршама өзгеше тың жаңалық­тармен таңғалдырады, бұған дейін құ­пия болып келген беймәлім оқиға­лар­дың, тіпті сан қилы қорқынышты жайт­­­­тардың бетін ашады. XIII ғасырда моңғолдардан батысқа қарай қашқан қыпшақтардың немесе құ­мандардың көпшілігі Мажар Король­дігі жеріне, Альфөлд деп аталатын Үл­кен Мажар ойпатына қоныстан­ды­рыл­­ды. Ол аумақ Киш Куншаг және Нойд Кун­шаг, яғни Кіші Құмания және Үлкен Құ­мания деген екі аймақ қыпшақтар ме­кеніне айналған. Мажар королi та­ғы­на, мұрагер де өзінің шығу тегін лақап есім орнына таңдаған IV Кун Ласло отыр­ды. Әсілі ол қыпшақтекті анасы Кун Ержебеттің сойын алды. Жыл­на­ма­шы­лардың жазуына қарағанда жау­жүрек V Иштван корольдің жұбайы қып­шақ қызы Ержебет нағыз қас сұлу­дың өзі болған. Мажар жұртын «екінші татар шап­­­қын­шылығы» аталған моң­ғол­дардың жойқын шабуылы 1285 жы­­лы шарпып өтті. Абырой болғанда Кун Ласло король сарбаздары Дунайға дейін ентелеп келген моңғол жасағы­ның бетін қайтарды. Елдегі он мыңдаған адамдардың сой есімі әлі күнге дейін «Кун» ныс­­­пы­сын арқалап жүргені аталмыш та­­ри­хи оқиғаның сорабы болса керек. Ай­та­лық, бұл санатта Чортан, Көнчөг, Күчик, Балмаз, Бардоц, Бузогань, Чамас, Чертан, Төртель, Төржөк сияқты сой есім­ге айналғанын елдегі азаматтық қал-актілерінің мұрағаттары айғақтай­ды. Бұған қоса тоқтала кететін тағы бір жайт – құман-қыпшақтар Еуропаның Ресей, Бұлгария, Румыния қа­тарлы бірнеше елінде қоныстан­ғаны­мен, тек Мажарстанда ғана Еуропадағы қып­шақ тілінің шынайы ескерткіші сақ­талып қалған, Жаратушы иеге жал­барыну дұғасын «Кун миатьианк», яғни «Құман-қыпшақ – біздің аталарымыз» деп атайтыны. Оның бірнеше нұсқасы өз­геше әңгіме. Мажарстандық құман-қып­шақтардың тікелей туыс-қандастары қа­зіргі кезде Қазақстан тұрғындарының бір іргелі тайпасы қышпақтар ғана емес, этносты құрайтын ең іргелі компонент екені тарихтан белгілі. Мажарстандық құман-қыпшақтардың жайына келсек, олардың байырғы түркі тілі ұмытылған, қазір мажар тілінде ғана сөйлейді; дегенмен, олардың шығу тегі айқын жә­не дала халықтарын тән біршама әдет-ғұрыптары сегіз ғасырдан астам уақыт бойы сақталып келеді. Өйткені оған өткен ғасырдың ортасына дейін құ­ман-қыпшақтардың басым бөлігі мал өсіруден қолын үзбегені себеп болған­дай. Олардың арасынан бірқатар ай­тулы түркологтар шыққан. Карцагтың ту­масы Мандоки Қоңыр Иштван 1970 жы­л­дардың ортасынан бастап Қазақ­стан­ға жүйелі түрде барып-келіп тұра­тын. Онымен арадағы сырларымыз бен әң­гімелерімізді сағынышпен еске алсам, ол құмандар мен қыпшақтардың, шын­туай­тында, құман-қазақ туыстығына әсіре ден қоятын. Ол совет заманында қа­зақ санасын ояту, қазақ ана тілін сақтау жолында қолынан келгенінше көп нәрсе тындырғаны менің жадымда. ХХ ға­сырдың 70-жылдары қазақ зия­лы­лары­ның көпшілігі бір-бірімен тек орыс тілінде қатынасатын. Совет заманын­дағы қоныстандыру мен қазақ хал­қы­ның үлесінің күрт кемуіне байланысты өз жерінде республикасы тұрғындары­ның алпыс пайызын өзге ұлт өкілдері, көбіне орыстар басты. Қазақ халқы со­лып, қурап бара жатқан халықтардың тағ­дырын кеше ме деген алаңдаушылық болды. Мандокидің Қазақ радио­сын­дағы, теледидарларындағы сұқбаттары мен газеттеріндегі жазбалары бүкіл қа­зақ журналда жарияланғандары көп адам­ға ой салып, оларға өз ана тілінде сөй­­леуге, отансүйгіштік пен ұлттық өзін­­дік сана-сезімін сақтауға шақыр­ғандай әсер қалдырды. 1992 жылы Ма­хач­­калада қапелімде көз жұмған Ман­доки Қоңыр қазақ топырағынан Алма­ты­дағы Кеңсай зиратынан мәңгілік ме­кен бұйырды, онда қазақстандық көр­некті қоғам қайраткерлері, суретші, жазу­шы, ғалымдармен бірге мәңгі ұйқы­да. Алматы қаласында көше, мектеп-гимназия Қоңырдың есімімен аталады. Өзім басшылық жасайтын Ла­ки­телек қоры бірнеше жыл бұрын Ман­доки оқып-үйрену мектебін (кол­ле­гиум) ұйымдастырды. Оның жұбайы қазақ қызы Оңайшамен бірлесе, байыр­ғы құман-қыпшақ салт-дәстүрлерін қал­пына келтіруге күш салып жатыр­мыз. Оңайша 1970-1980 жылдары күйеуі екеуі жазушы әрі ғалым Мұхтар Ма­ғауинмен жақсы байланысты бол­ға­ны туралы әңгімеледі. Мандоки Қоңыр өмірінің соңына дейін көп томға жүк бо­ларлық роман мен зерттеу жазып, қа­зақ тарихын әспеттеген жазушымен ете­не сыйластықта болған. Олардың мұра­тының тоғысқан тұсы қазақы­лық­ты ояту жолындағы күрес төңірігенде өрбіген көрінеді. Түрік халықтарының рө­лінің бүкіләлемдік маңызы және олар­дың тілдік, мәдени және тарихи ес­керт­кіштерін қорғаудың маңызы тура­лы көзқарастары тоғысқаны ай­қын. Үлкен жүректі, кемел руханият ие­сі Мұхтар Мағауин өзінің қандас түр­кітекті бауырларын ғана емес, ма­жарларды да өте жақсы көреді. Сон­дық­тан да ұлдарының біріне Мадияр деп есім беруі тегіннен тегін емес. Мажарстанда мүлдем жоғалып кеткен «жыраулар поэзия­сы­ның» [«regős költészet»] ауыздан-ауызға тара­лып, күллі қазаққа батыр баба­лары­ның тарихы мен ерліктерін жадында тұту­ға қызмет еткен тамаша үлгісін қа­зақтың көп баласының білетіні таң­ғал­­дырмай қоймайды. Сонымен, та­мыр­ларынан ажырамаған, қазақ халқының қайсарлығының арқасында, бар апат­тар­ды артқа тастаған елдің нығметі мен бере­кесіне дем берген туынды Мұхтар Ма­ғауин­нің еңбектері екенінде дау жоқ. Жетпіс жыл қысымға төтеп бер­ген тамаша құндылықтар, жек­пе-жек ойындары, ат спорты мен бәй­ге жарыстары Қазақстанда тіптен таны­мал болып келеді. Біздің мәдени және тарихи қаты­нас­тарымыз арамызды өте жа­қын­дастыра түсуде. Қазақтар мажар­лар­ды ең батыстағы қазақтар десе, ма­жар­лар­дың айтуы бойынша, қазақтар – ең шы­ғыстағы мажарлар. Еуропадағы көш­­пелілер мәдениеті мен салтанатына ар­налған ең үлкен дәстүрлі іс-шара есе­біндегі екі жылда бір рет өткізілетін ғұн-түрік текті халықтардың әскери-мә­­дени шеруі – Құрылтайда, мажар то­­пырағында, Бугац өңірінде классик қа­­ламгер Мұхтар Мағауинмен кездесіп әң­­гімелесудің бақыты бұйырды. Қазақ Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев 2007 жылы Мажарстанға жа­саған сапарында өзінің құрметіне ар­нал­ған салтанатты дастарқанда: «Еу­ропаның тарихы мен дәстүр-санасы жа­ғынан қазаққа ең жақын жұрт ма­жар­лар екені белгілі. XIII ғасырда қып­шақ тайпаларының бір бөлігі сіздердің ел­деріңізге қоныстанды және оның дамуына айтарлықтай үлес қосты. Бү­гін­де Мажарстанның жүз мыңға жуық тұрғыны өздерін қыпшақтардың ұрпа­ғымыз деп таниды. Мажар зерттеушілері қа­зақтың мадияр руы мажарлардың жақын туысы болып шығуы мүмкін де­ген болжам жасады. Бұл – біздің мә­де­ни-гуманитарлық қатынастарымызды одан әрі дамытудың маңызды негізі. Бүгін сіздермен бір тілде – достық пен се­нім тілінде сөйлесеміз. Белгілі болған­дай, бізде ортақ сөздер, мағынасы дәл­ме-дәл келетін мақал-мәтелдер де көп. Мә­селен, қазаққа да, мажарға да ортақ ма­қал бар: «Болатты сындырудан гөрі оны майыстыру оңай». Бұл біздің ха­лық­тарымыздың қайтпас рухы тәуел­сіз­дігіміздің берік негізі болып қалады». Сіздерге тартымы мен тағылымы ерекше еңбекті ұсына отырып: «өт­кен уақыт – мықты тамыр, одан бү­гін және болашақ туады» дегенді айт­қым келеді. Лежак Шандор – Мажарстанның көрнекті қайраткері, саясаткер, жазушы, драматург, ақын Лакителектің бүгінгі келбеті Мажарстанның көр­некті қайраткері, ақын, драматург Лежак Шандордың қыз­метімен тікелей байланысты. Ол әлемдегі ең үлкен этно­фестиваль санатындағы «Тұран Құрылтайы» өтіп тұра­тын Бугац елді мекеніне және Бач-Кишкун айма­ғының орталығы Кечкемет қаласына жақын орналасқан. Лакителек атты ауылда еңбек жолын бастаған Лежак Шандор әдеби, мәдени өмірдің қайнаған ортасында шың­далумен қатар шығармашылығын бір сәт те толас­татпаған қаламгер. Қызыл жүйенің қысымына қарсы әдеби, мәдени қауымның басын біріктірген ортада Лежакты қазаққа етене жақын Мандоки Қоңыр, Келемен Андраш сынды жүздеген мықтылармен тоғыстырды. Өткен жылы 70 жасқа толу құрметінде қай­раткерді құттықтауында мажар үкімет басшысы Орбан Виктор, жаңа кезеңдегі саяси ұйымның негізін қалау Лежак үйінің ауласында жүрілгенін атап өтті. Яки, 1987 жылы Мадияр Демократиялық форумы атты саяси ұйымды құрушылардың бірі болған... Сан алуан жанрда қалам тербейтін Лежак қаламынан тарихи тақырыптардағы туын­дылары – рок опера, драмалары, өлеңдері жоғары бағаланды. Әсіресе, «Аттила – Құдайдың қамшысы», «Аттила ұлы Чаба патшазада» сынды туындыларының бол­мысы өзгеше, кесек еңбектер. Мажар парламентаризмнің жаңа тарихында елеулі орны бар Лежак Шандор мыр­за Парламенттің вице-спикері қызметін атқарумен қатар, Лакителекте қор құрып, ағартушылықты мықтап қолға алған. Онда Халық институты атты білім беру ор­талығы мажарлар мен шығыс халықтарымен арадағы сан қырлы туыстықты на­сихаттау, әдебиетін таныту ісімен дендеп айналысады. Жыл сайын қазақ тілінің жаз­дық университеті жұмыс істейді. Елдегі алуан түрлі білім беру, әдеби, мәдени шара­лардың басы-қасында Лежак Шандор мырза ұйытқы. Лакителекте бой көтерген Хунгарикум паркі – жасампаз істердің ордасы. Ол мәдени, сәулет, білім беру, сауықтыру орталықтарын қамтитын бірегей, өзгеден одағай ірі кешен. Әйгілі мажар сәулетшісі Маковец стилінде бой көтерген сәулетті кешендерге қоса киіз үй қалашығынан, сан ондаған мүсіндерден құралған ашық аспан астындағы интерак­тивті мұражай іспетті. Аумақта ғалым, өнеркәсіп, аграр, руханият саласының таңдаулы мажар қайраткерлерінің мүсіндері бой көтерген. Оның бір тобы бауырлас халық­тардың көрнекті ойшылдарына арналған. Оның қатарына биыл ұлы Абай ескерт­кіші қосылды. Бұл Мажарстандағы Абайға арналған екінші ескерткіш, біріншісі Буда­пешт қаласының орталық саябағында Астана көшесіне жақын жерде.

Лежак ШАНДОР,

жазушы, Мажарстан парламентінің вице-спикері

Лежак Шандордың туындылары: Жыр жинақтары: «Тымық түн» (1983), «Қара бұлт, шөпшай» (1988), «Құтқарушыны көруге кеткен серіктер» (2015), «Миси, мылтық және кебенек» (2018) Драмалары: «Аттила ұлы Чаба патшазада» (2017), «Сексен шелек ауа» (1988) Рокопера: Сөреньи Левентемен бірге «Аттила – Құдайдың қылышы» (1993) Саяси публицистикалары: «Саясаттағы мектеп» (2007), «Әнұран сыртынан және ішінен» (2012, Петер Спангелмен сұхбат), «Тот басқан пышақтарға қарсы» (2018) Музыкалық өлеңдер: «Жүзжылдыққа ән» (2016, Әншілер ансамблі) Балаларға арналған жырлары: «Түс мектебі» (2016, Мартон Летайдың сурет­терімен)