Өлеңнің обалы бар, зауалы да

Өлеңнің обалы бар, зауалы да

Өлеңнің обалы бар, зауалы да
ашық дереккөзі
Қай нәрсенің де түбіне құрметтемеу жетеді. Қадірліңді қадірсізге айналдыру оңай, керісінше ‒ қиын. Бірақ соны жұрт түсінбейді деп тағы айта алмайсың. Ендеше білмей істегеннің күнәсінен біліп істегеннің күнәсі қашанда ауыр... Жалғанда есепсіз нәрсе жоқ, қазақтың «Судың да сұрауы бар» дейтіні сол. Ал Құдай Тағала адамға шексіз сыйлай салғандай көрінетін сөздің ше, сөз төресі – өлеңнің ше, сұрауы жоқ па?.. АБАЙ НЕ ДЕП ЕДІ? Қай заманда да ақындар аз, өлең­ші­лер көп болған ғой. Алайда шын ақын мен алдамшы ақынсымақты әркім-ақ айыра бере ме, содан болар, бір-екі сөздің ба­сын қосып ұйқастырып «айта салғышты» жұрт­тың көбі ақын деп таниды, «паһ шір­кін, айтқыш-ау» деп таңдайын тақыл­да­та­ды. Одан әрі... «Жындыны жынды десең, тел­пегі қара қазандай болады» емес пе, жұрт «ақын», «айтқыш» атандырған әуле­кі­ңіз аз күннің ішінде астамсып, өзіне ұна­майтын кез келгенді сөзбен жасқауға кө­шеді. Айтқанын жүре тыңдағанның не­месе «осының өзі не, сөзі не» дегеннің на­мы­сына тиер сөзді «өлеңдетіп» айтып, жеке ба­сының қадір-қасиетіне тиерлік әрекетке кө­шеді. Өйткені ол «ақын», «айтқыш». Сөй­тіп «Бір теңге беріп айтқызып, мың теңге беріп қойғыза алмай», халық төбеге өзі кө­терген адамын өзі түсіре алмай әлек бо­лады... Бұл қолдан «ақын» жасаудың зардабы десек, ол індет қазір де бар. Бірақ қаз­­балай берсең ізі шұбалып кететін пай­да­сы кем әңгімені осы арадан үзіп, негізгі сө­зімізге көшейік. «Шайтан адамға еріп ақиретке де бара­ды» демекші, басқасы басқа, Абайдай алып ақын өмір сүрген заманда да қазақта өлең­шілер өріп жүрген сыңайлы. Ол турасында Абай­ға қатысты әңгімелерде көп айтылады. Кей­бірін Абай көңіл көтеру үшін тыңдаса (мәселен, Қиясбайдың «ақ өлеңдерін»), кей­бірінің өлең қадірін кетіріп жүргеніне на­лыған («Сөз айттым Әзірет Әлі, айдаһар­сыз, мұнда жоқ алтын иек сарыала қыз»...). Өз кезінде айналасындағы ақындар – өзі­мен тетелес Көкбай, Мұқа, інілері Шәкәрім, Кәкі­тай, балалары Ақылбай, Мағауияларға өлең қадірі, өнер киесі туралы айтып, олар­дың шығармаларына әрдайым сын көзімен қараған Абайдың мақсаты – қазақ жыры­ның жай жел сөз емес, Құдайдан келген қа­сиетті бағалау керегін ұғындыру бола­тын. Бұған ерекше мән берген ұлы ақын 1887 жылы 43 жасында «Өлең ‒– сөздің пат­шасы» дейтін атақты өлеңін жазып, он­да ақынға, өлеңге қойылатын талапты көр­сетті. Ең алдымен: Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы. ‒ – деп өлең көркемдігінің қандай болуы керегін байқатса, содан соң: Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол – ақынның білімсіз бишарасы. Айтушы мен тыңдаушы көбі надан, Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы. Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы. Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын Қазақтың келістірер қай баласы? – ‒ деп өлеңді шығарушының осалдығы мен қабылдаушының талғамына сын айтты. Ақыр-соңында Құдайдың берген қабілеті­нің қадіріне жетпей қор қылушылардың да өзге жұртқа зардабы аз болмайтынын: Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап, Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап. Ақындары ақылсыз, надан келіп, Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап. Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап. Әр елден өлеңменен қайыр тілеп, Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап, – деп ескертті. Бұл, шын мәнінде, әдебиет ғы­­­лымы жоқ дәуірде тұтас халықтың өлең өнерімен айналысушыларына бағдар бо­ла­тын ой-темірқазығы еді. Ал одан әрірек­ке ой жүгіртсек, Абайдың бүгінгі қазақ әде­биеттану ғылымына іргетас болған ғы­лыми-философиялық шығармаларының бірі осы өлең деуге болады. Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы­ның 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш» атты қазақ әдебиет ғылы­мын­дағы тұңғыш ғылыми-теориялық еңбегінде Абай­дың көптеген өлеңдерін жай мысал емес, теориялық тұжырым ретінде көрсетуі жо­ғарыдағы сөзіміздің дәлелі болса керек. Бір қызығы, содан кейінгі дәуірлерде Абай­ды қазақ әдебиеті классигі ре­тінде шәк­сіз мойындасақ та, ұлы ақын­ның өнерге, өлеңге қойған талабымен санасуы­мыз аз . Оған бір ғасырдан бергі әдебиеті­міз­дің, дәлірегі – поэзиямыздың барлық ке­­­зеңінен мыңдап, миллиондап мысал табу­ға болады... ҚЫЗЫЛ САЯСАТТЫҢ СОЙЫЛЫН СОҚҚАН АҚЫНДЫҚ Анау, арғы әдебиетімізде «жыраулық поэ­зия дәуірі» деп аталатын кезеңде Асан Қай­ғы, Қазтуған, Ақтамберді, Шалкиіз секілді елді ерлікке, елдікке үндеген алмас қы­­­лыштай өткір жыраулардан бергі дауыл­паз Махамбетке дейінгі ақындарға дейінгі ара­лықта әр сөзі қорғасындай салмақты, ал­тындай асыл қасиетке ие болған поэ­зиямыздан кейін қазақ жыры Абайға келіп тұңғиықта маржан теріп тереңдесе, одан кейінгі дәуірде қазақтың әр аймағынан не­бір бойына сөз киесі қонған ақындар ұлт­тық әдебиетіміздің тынысын кеңейтіп, алуан түрлі өнегелі үлгілер жасады. Қа­зақ­тың шығысы мен батысында, оңтүстігі мен солтүстігінде ғұмыр кешкен небір айтулы ақын­дардың шығармашылығы бұған дә­лел. Тек сол тұста әлемдік өркениеттен шет­теу қалған қазақ қоғамы бір кеңістікте, бір ұлттық дүниетанымда өмір сүрсе де бірі­нің сөзін біріне жеткізетін зор мүм­кін­дік – ұлттық баспасөзіне ие болмай, жалпы ха­­­лық өз аймағындағы ақындарының шы­ғарған өлеңдерін естумен қанағаттанды. ХХ ғасырдың бас кезінде жарық көрген «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы секілді бірлі-жарым газет-журналдарымыз күллі қа­зақты қамти алмады. Сөйтіп, қазақ да­ласында кеңес өкіметі құрылып, ана тілі­мізде баспасөзіміз пайда болып, ел жаппай сауаттанып, ойдағы-қырдағы қазақ бір-бірінің тұрмыс-тіршілігімен, әдебиет пен мәдениетімен хабардар бола бастағанмен оның желкесінде тұрған кеңестік больше­вик­тік саясат басқа салалармен бірге ұлт­тық әдебиетімізді де шектен тыс саясат­тан­дырып, асыл сөздің әрін кетірді. Солай­ша ендігі ақындар кеңестік құрылыстың артықшылығын, қазан төңкерісінің жеңісін, кеңес үкіметі мен больщевиктер партиясының «данышпандыққа толы шешімдерін» жырлауға мәжбүр болды жә­не ол қолына қалам ұстаған барлық адамға мін­деттелді. Бұл үдеріс КСРО-ны И.Сталин (1924-1953), Н.Хрущев (1953-1964), Л.Брежнев (1964-1982) және Ю.Андров (1982-1984), К.Черненко (1984-1985) билеген дәуірлерде 60 жылдан аса уақытқа созылды. Дегенмен, кеңестік кезеңнің алғашқы ширек ғасырында Мағжан, Жұмабаевтың өлеңдері мен поэмалары Ілияс Жансүгіровтің дастандары қазақ жырының еңсесін көтерсе, одан кейінгі дәуірде Қасым Аманжолов, Әбділдә Тәжі­баев, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәу­ленов, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бек­хожин, Жұбан Молдағалиев секілді ақын­дардың шығармашылығы кеңестік идео­логиядан толық тазармаса да қазақтың тари­хын, ұлттық болмысын дәріптеуге ұмтылды. Содан өткен ғасырдың 60-жыл­дарын­да басталған қазақ әдебиетінің рене­сан­сы кезеңі басталып, поэзиямыздағы өр­леу басталды. Бұл дәуірде Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Ай­бергенов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Өмірзақ Қожамұратов, Жүсіп Қы­дыров, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғар­сынова секілді ақындар адамның жан дү­ниесінің психологиялық иірімдерін сурет­теп, рух, ой азаттығын алдыңғы қатарға шы­ғарды. Дегенмен бұл ақындардың шы­ғармашылығында да «советтік дәуірдің шын­дығын жырлау» үрдісі болды. Тіпті, ол түгілі бұл жағдай әдебиетімізге 70-80-жыл­дар­да келген ақындарда да болды. Тек КСРО мемлекетінің құлар алдындағы «де­мократиялық жаңғыру» кезеңі басталғанда қазақ жырының томағасы сыпырылып, поэзиямыз еркін тыныстай бастады. Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіз мемле­кет­ке айналардан сәл бұрын ғана біз өткеніміз туралы ашық айтып, әдебиеттің, оның ішінде поэзияның кеңестік дәуірде тұм­шаланғаны жайында еркін пікір біл­діре бастадық. Сөйтіп 70 жылдай уақытта өлеңнің не себепті қадірі қашқанына көз жеткіздік. Бұл арылу үдерісі бізге кеңестік дәуірде жасалған поэзиямыздың көп бө­лі­гінің заман талабына жауап бермейтін ке­зеңдік дүниелер екенін танытты. Еріксіз қызыл саясаттың сойылын соққан ақындық өлеңге көп зиянын ти­гізді. Соның кесірінен сол дәуірде шық­қан қаншама жыр кітаптарын қазір біз оқи ал­маймыз. Бұл түсінген адамға өлеңді еш­бір саясаттың қолжаулығы қылуға бол­майтынын, өйтпеген күнде оның зардабы ауыр боларын байқатқандай еді. Бірақ содан біз сабақ алдық па?.. БҰЛ КҮНДЕ «ӨЛЕҢ ДЕГЕН БІР ҚАДІРСІЗ»... Ел тәуелсіздігі барлық салаға еркіндік сыйлады, сөз өнеріне екібастан. Енді әр ақын не туралы жазса да өзі біледі. Бұрын­ғыдай кітап тек санаулы баспалардан ғана шықпайды, баспа көп. Оның үстіне ав­торға кітапты өз ақшасына шығаруға рұқ­сат берілгеннен бастап баяғыдай қол­жаз­баның редактордың қатал сүзгісінен өтуі, кітапты редактордың ескертпелерімен ав­тордың өңдеуі деген жағдайлар жойыл­ды. Өйткені баспалар пайда көруі керек, сон­дықтан клиенттерінің (өлең жаза­тын­дар) құқығы бірінші орында. Солардың айт­қаны болуы керек. Әрине, кітап жазатындарға еркіндік берген дұрыс, бірақ тек солардың құ­қығын қорғаймыз деп әдебиетке обал жа­сап жатқан жоқпыз ба? Бұрын әдебиет тек шығарма жазатын авторлардан ғана тұр­майтын. Баспа, редактор, рецензент де­гендер бар еді, оның үстіне шыққан кітап­тардың жетістігі мен кемшілігін сара­лап отыратын әдеби сын­шы­лардың сөзінде салмақ бола­тын. Міне, осылардың бәрі (автордан өзгесі) жойыл­ғаннан кейін өлең­ге деген жауапкершілік те құрыды. Бүгін­де шығып жатқан кітап­тарда аты-жө­ні жазылатын рецензент, редактор де­ген­дердің түгелге жуығы жай ғана жазылып қоя­ды. Кітаптың көркемдігі мен сапасына олар мүлде жауап бермейді. Ешкім керек ет­пеген соң әдеби сын да мүлде өшіп тын­ды. Бұл – әдеби орта, әдеби үдеріс­ке қатыс­ты әңгіме. Ал одан тысқары жердегі өлең­нің күні мүлде күн емес деуге бола­ды... Бұрынғы кезде нағыз өлеңді әде­биет­те жүрген ақындар жазады, нағыз шы­ғарма солар шығарған кітаптарда деп са­­­налатын. Әдебиеттен сыртта жүргендер тіпті «өлең жазамын» деуге ұялатын. Ал қа­зір екі ауыз сөзді ұйқастырғанның бәрі ақын. Содан келіп өлеңнің жүрмейтін жері жоқ... Өткен ғасырдың соңғы онжыл­ды­ғын­да газет-журналдар мен радио-те­леарна ақылы жарнама бере бастады. Мі­не, сол кезде жақын-жуығын туған кү­нін­де баспасөз беттерінде құттықтау үрдісі пай­да болып, өлеңнің жарнама қызметін ат­қаруы басталды. Туған күндер мен үй­ле­ну тойлары, мерейтойлар арнау өлеңдерсіз өт­пейтін болды. Ас-жиындарда ақындар жа­рысып мақтау-мадақтау өлеңдерін оқи­тын болды. Қыл аяғы мектептерде өтетін түр­лі іс-шараларда оқушылардың «өзін таныстыруы» да өлеңмен «өрнектелетін» болды. Тіпті, біреу қайтыс болғанда оның жа­назасы шығатын жерде қарамен қор­шал­ған үлкен портретінің астына өлең жа­зы­лып қоятын, тіпті марқұмдар қабірі асына қойылатын құлыптастарда өлең жол­дары қашалып қойылады. Айта берсең көп енді. Осылайша қаладан молаға дейінгі ара­лықта қазақ өлеңінің «қызмет» етпеген жері қалмады және сол үрдіс әлі жалғасып келеді... Қазақ «Арыңды жасыңнан сақта» дей­ді ғой, ал біз соны өз қолымыз­бен құртып жатқан секілдіміз. Бір ғана мысал: қазір оқушылар қатысатын түрлі ақы­­лы байқаулар көп. Соған қатыса­тын­дар­ға қойылатын талаптың бірі «өз өлеңін оқу». Әрине, бұл ақындық қабілеті бар ба­ла­ларға арналған талап шығар, бірақ «өз өлеңін оқығандарға» бал берілетіндіктен бар­лық бала ол мүмкіндіктен айырылғысы кел­мейді. Оған ең бірінші баланы жарысқа дайын­дайтын ұстазы мүдделі. Себебі бүгін­де мұғалімнің кәсіби біліктілігінің баға­лануы олардың оқушыларының жетісті­гі­мен тікелей байланысты. Сосын мұғалімдер ары-бері жүгіріп таныс іздеп, тапса ақысын төлеп қаптаған ақындардың біріне өлең жаз­дырып алады да оқушысына оқытып қоя­ды. Сөйтіп бір жарысқа бес жүз бала қа­тысса, бес жүзі де «ақын» болып шыға ке­леді. Ал бұл нағыз ақындығы бар, өлеңді өзі жаза алатын талантты балаларға обал жа­сап қана қоймайды, өлең деген қасиетті өнер­дің қадірін түсіріп жатыр... Қызыл тілін жалдап – өлеңдетіп қу тамағын асыраған, бай көрсе мақ­тап, жағымпазданып абырой-атаққа қол жеткізген ақындар бұрын да болған. Қазір де бар. Ондайларды Абай да сынаған, басқа да сынаған, бірақ сол жарамсыз әдет тоқ­таса кәне... Керісінше, үдеп бара жатқандай. Қазір әлеуметтік желіде екінің бірі ақын. Кіл қойыртпақ шумақтар­мен «әнге сөз жазғыштар» қаптап жүр. Га­зет-журналдарда да халтураның не түрі ба­сылып жатыр. Бірақ оған тоқтау салар еш құдірет жоқ. Дегенмен ештен кеш жақсы демекші, кез келген жерде өлең­дете беруді доғаруды қазірден бастасақ та жа­ман болмас еді. Қазақты «ақын ха­лық» атан­дырған өлеңнің обалы бар ғой, обалға көз салмасақ зауалына ұшыра­май­мыз ба?.. Кейде ойлаймын, өлең көп жазылмаса және оны кім көрінген жазбаса ғой деп. Шыққан өлең кітаптары тек керемет өлеңдерден тұрса, әр ақыннан ары кетсе екі-үш том тамаша поэзиялық туындылар қалса. Сонда өлеңнің қадірі арта түсер ме еді... Ұлы ақын Абайдың артында қалған мұрасы бір томнан аспайды. Көзі тірісінде бірнеше мың жол өлеңін отқа жағып жіберген ғажайып талант иесі Төлеген Айбергеновтің артында қалған кітабы – бір-ақ том. Мұқағали Ма­қатаевтың өзі жарияламай кеткен өлеңдерін қоспағанда ең жақсы жыр­лары – қалың бір кітап. Жұматай Жақыпбаевтың бар жазғаны бір кітап­қа сыйып тұр. Күні кеше арамыздан кеткен Есенғали Раушановтың өзі «бар жазғаным 18 баспа табақтан аспайды» дейтін. Бірақ осылардың қайсысы 5-10 том өлең жазғандардан абыройсыз? Демек, ақындық құдіреті көлеммен емес, сапалы өлеңмен өлшенетіні көрініп тұр емес пе? Мұның бәрі өлеңді құрметтеу мен оның қадір-қасиетін сақтауды парыз санаудан ту­ған ізгі әрекет шығар. Сондықтан бүгінгі қазақ барлық жерде «өлең­де­туден» аулақ болып, жыр қадірін кетірмеуді ойласа дейміз.