Олимпиада айшықтары

17 ақпан, 2022 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
ашық дереккөзі
Олимпиада айшықтары Спорт тарихында әрі жазғы, әрі қысқы Олимпиадада бақ сынаған спортшылар жетерлік. Дегенмен екі түрлі спортты жанына серік еткен спортшылардың арасында жеңіс тұғырына көтерілгендер некен-саяқ. Ал екеуінде де чемпион атанған біреу-ақ. Америкалық атлет Эдди Иган 1920 жылы Атнверпенде өткен жазғы Олимпиадада бокстан алтын медаль алса, ал 1932 жылы Лейк-Плэсидте өткен қысқы Олимпиадада бобслейшілер арасында чемпион атанды. Эддидің бұл жетістігін қай­талағысы келетін­дер­дің қатарында кішкене күнінен скейтборд пен сноубордты қатар алып жүрген жапондық Хирано Аюму бар. Хирано алты ай бұ­рын отаны Жапонияда өткен жаз­ғы Олимпиадада ойын бағ­дар­ламасына бірінші рет кірік­тіріл­ген скейтбординг сайысына қа­тысқан болатын. Ал алты күн бұ­рын ол Бейжіңде өтіп жатқан қыс­­қы Олимпиадада сноу­борд­шы­­лар арасындағы сында оза шауып, алтын жүлде иеленді. Осы­­лайша, ол аталған спорт бойын­ша Азиядан шыққан тұң­ғыш Олимпиада чемпионы атан­­­­­ды. 15 жасында 2014 жылы Со­чиде өткен қысқы Олим­пиа­дада күміс жүлде, 2018 жылы Пхенчханда өткен қысқы Олим­пиадада да күміс медаль алған ол бір жыл бұрын берген бір сұх­ба­тында алтын алмайынша көңілі тыншымайтынын айтқан еді. Бір қызығы, Хираноның туған інісі Кайсу да Бейжің Олимпиа­да­сын­да Жапония намысын қорғап, тартысқа толы өткен сноубор­динг сайысында ағасымен бәсе­ке­лесті. Бейжің Олимпиадасында бір-бірімен бәсекелесіп, өзара кім мықтыны анықтап жүр­ген бауырлар Хирано мен Кай­су ғана емес. Кейінгі он жыл­да биатлоннан Норвегия на­мы­сын қорғап жүрген Йоханнес Бё Бейжіңде спринт сайысында чем­пион атанса, оның туған аға­сы Тарьей қола жүлдені еншіледі. Осы­лайша олар Олимпиада тари­хында бір сайыста жеңіс тұғырына көтерілген тұңғыш ағайындылар атанды. Одан бөлек, ағайынды Бё Бейжіңде әйел­дер мен ерлер сайысатын ара­лас эстафетада Норвегия қор­жынына алтын жүлде салса, екі күннен соң ерлер арасындағы эста­фетада екінші алтын жүл­де­ні жеңіп алды. Содан соң Йохан­нес 20 шақырымға жүгіру сайы­сында қола жүлдені қанжы­ға­ласа, Тарьей 12,5 шақырымға із кесу сайысында күміс жүлдені қа­нағат тұтты. Бейжіңде Олимпиададағы «тұң­ғыштар» сериясына енген ағайынды Бёлар ғана емес. Австриялық тау шаңғышысы Йо­ханнес Штрольц Бейжің Олим­­­пиадасында комбинация жарысында алтын медаль иелен­ді. Бір қызығы, оның әкесі Ху­берт Штрольц 1988 жылы Кал­гариде өткен қысқы Олимпиада ойындарында дәл осы сайыста оқ бойы озып, алтын медаль ал­ған болатын. Осылайша, Олим­пиа­да тарихында тұңғыш рет әке­сі мен баласы бір жарыста чем­пион атанды. Бұл күндері спортсүйер қауым туыс спортшы­лар­дың жоғары кәсібилігіне сүй­сі­ніп қана қоймай, америкалық фристайлшы Колби Стивенсон­ның ерлігіне де тәнті болды. Кол­би алты жыл бұрын жергілік­ті жарыста аяғы сынған досын басқа штатқа апару үшін жолға шы­ғып, ақыр соңында 12 сағатқа жалғасқан ұзақ жолда қалғып ке­тіп, апатқа ұшыраған ол 13 күн комада, 5 ай бойы депрессия­да болды. Бас сүйегі 30 жер­ден сынған Колби кәсіби спорт­қа енді қайтып оралмайтындай болып көрініп еді. Ал бес күн бұ­рын Бейжіңдегі қысқы Олим­пиа­дада өлім аузынан аман қал­ған Колби күміс жүлдегер атан­ды. Осы ретте Колбиден бөлек, көп­шілікті таңғалдырған швей­цариялық тау шаңғышысы Вен­ди Холденерді де атап өтпеу мүм­кін емес. 2018 жылы Пхёнч­хан­да өткен қысқы Олимпиада ойындарында тау шаңғысы спор­­тының үш түрінен алтын, кү­­міс және қола жүлде алған ол бір жыл бұрын жаттығу кезінде екі қолын сындырып, өз бабын жоғалтып алған еді. Ал өткен ап­тада Бейжің Олимпиадасында сла­лом сайысында бақ сынасып, ақы­рында қола жүлдені місе тұт­ты. Олимпиададағы «тұң­ғыш­тар» сериясына енген ат­леттер туралы жалғастырсақ. Жуыр­да 29 жастағы Эрин Джек­сон (Америка Құрама Штаттары) ал­ты жыл бұрын ғана ролигін ко­нькиге айырбастап, мұз ай­дын­ға «тәй-тәйлеп» шыққан сә­тін әлеуметтік желідегі парақ­ша­сына жүктеген еді. Ал төрт күн бұрын ол Бейжіңде 500 метрге конькимен жүгіруде алдына жан салмай, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Сөйтті де осы спорттан Америка тарихында Олим­пиа­даның алтын жүлдесін иеленген тұң­ғыш қара нәсілді атлет атан­ды. 23 жасында бейтаныс спорт әле­міне «бас сұғып», бәрін нөл­ден бастаған Эриннің бұл жетіс­ті­гі «Енді бәрі тым кеш» деп қо­лын бір сілтеп, сүйікті ісімен ай­налысуды қойып кеткен көп­ші­лікті рухтандыратыны сөзсіз. Әзірше Бейжіңде еш­қан­дай жүлде алмаса да, көп­шілікті жүрек тебірентерлік хи­каясымен таңғалдырған 17 жас­тағы Уильям Флаэрти туралы әлем­дік БАҚ жарыса жазып жа­тыр. Америкада туған, кейіннен ата-анасының жұмыс бабымен Пуэрто-Рикоға көшіп келген Уильямға дәрігерлер 3 жасында ге­­мофагоцитарлық лимфо­гис­тио­цитоз ауру диагнозын қойып, аман қалуы екіталай екенін айт­қ­ан. Жілік майын трансп­лан­тациялаудан басқа амалы қал­ма­ғанын ата-анасына түсіндірген дәрігерлер Уильямнің 7 жастағы ағасы Чарльздің анализі 100 пайыз сәйкес келетінін, тиісінше оның інісіне донор бола алаты­нын айтқан. Үш сағатқа жалғас­қан отаның салдары Чарльзға әсер етпесе де, Уильям біраз қи­нал­ғанын айтады. «Қалпыма келу үшін ұзақ уақыт кетірдім. Хи­миотерапияның салдары да ауыр тиді. Жаңылыспасам, дәрі­герлер 22 тісімді жұлуға мәжбүр бол­ды» дейді ол шетелдік телеар­наға берген сұхбатында. Денсау­лы­ғын шыңдау үшін жастайынан спортқа баулыған әкесінің қол­дауы­мен Чарльз кәсіби спортқа ара­ласып, нәтижесінде 2018 жыл­ғы Пхёнчханда өткен қыс­қы Олимпиада ойындарына жолдама ұтып алып, тіпті ашылу салтанатында Пуэрто-Рико туын көтеріп шығады. Осылайша, ол тропикалық климатымен әлемді тамсантқан Пуэрто-Рико атынан Ақ Олимпиадаға қатысқан тұң­ғыш спортшы атанды. Ал аға­сы­ның ізін басқан Уильям 2018 жы­лы қайтыс болған әкесіне бер­ген уәдесін орындау үшін ты­ры­сып-тырмысып, нәтижесінде Олимпиада жолдамасын қал­та­сына басып, араға төрт жыл өт­кен соң Бейжің Олимпиа­да­сы­ның ашылу салтанатында ағасы секілді Пуэрто-Рико туын ұстап шығу мәртебесіне ие болды. Уи­льям кәсіби спортпен айналысса да, денсаулығы әлі сыр беретінін айтады. 17 жаста болса да Бейжің Олимпиадасынан кейін кәсіби спортпен қош айтысатынын мәлімдеген ол 2-3 айдан соң ая­ғына ота жасалу керегін, ондағы сүйектің бір бөлігін алып жақ сүйегіне жалғайтынын айтады. Баласының кішкене күнінен бас­тап химиотерапиядан көз аш­пағанына налыған анасы Энн «Біздің өміріміз трагедиялық сәттерден құралған мозайка іс­петті, десе де оның ішінде мақ­та­ныш пен үмітке орын бар», – дейді. Осы Олимпиадада бүкіл әлем көз тігіп, құлақ тү­ріп отырған басты мәселе бар: қар­­­сылас шақ келтірмей, қатыс­қан барлық сайысында жеңіске же­тіп жүрген 15 жастағы ресей­лік мәнерлеп сырғанаушы Олим­­пиаданың төртінші күні до­пинг дауына қалды. Олимпиа­даның алғашқы күні командалар сайысында Ресей құрамасын алға сүйреп, алтын медаль алуы­на септігін тигізген Камила­ның сынамасынан келесі күні тек­серіс кезінде спортшыға тыйым са­лынған триметазидин препа­рат табылғаны белгілі болды. Осылайша, Ресей құрамасы ко­мандалық сында жеңіп алған алтын жүлдесінен айырылу, ал Камиланың жарыстан шет­те­тіліп, Ресейге қайтарылу ықти­мал­дығы жоғары еді. Бастапқыда Халықаралық Олимпиада ко­митеті үнемі допингпен ұста­ла­тын ресейліктердің бұл қателікті қашан, неліктен жібергенін майшаммен қарап, Камиланы тіпті жаттығуға қатыстырмай қойған еді. Алайда қыздар ара­сында жекелей сайыс бас­тала­тын бір күн бұрын 7 сағатқа жал­ғасқан жиналыста жауапты ор­гандар Камилаға жарысты жал­ғастыруға рұқсат берді. Де­ген­мен тергеу-тексеру жұмыс­тары аяқталмайынша Камила­ның қатысуымен өткен коман­далық сайыста алтын жүлде ие­ленген Ресей құрамасына алтын медальдарды салтанатты түрде табыстамау туралы шешім шы­ғарды. Сондай-ақ Камила же­ке­лей сайыста үздік үштікке енген жағ­дайда марапаттау рәсімі өт­кізіл­мейтін болды.