Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ: Біздің құмыққан үнімізді кім құлағына іледі?

Балалар әдебиеті – ұлттың болашағын тәрбиелейтін әдебиет. Бірақ бүгінде оның жасалуы да, насихатталуы да кемшін. Дегенмен соңғы кезде бұл салада біраз қозғалыс бар деуге болады. Мәселен, өткен 2021 жылды мемлекетіміз «Балалар әдебиеті» жылы деп белгіледі. Сондай-ақ соңғы жылдарда балаларға арналған кітаптардың саны көбейіп келеді. Солай да болса әдебиеттің бұл саласында әлі күнге шешімін таппаған мәселелер бар. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғаймен әңгімеміз балалар әдебиетінің бүгінгі жағдайы мен болашағы жайында өрбіді.
– Байбота Серікбайұлы, сіздің қазақ балалар әдебиетінде үлкен орныңыз бар, бұрын балалар әдебиеті үшін тер төгіп, түрлі жастағы бүлдіршіндерге арнап көптеген кітап жазып жарияласаңыз, соңғы жылдары республикалық «Балдырған» журналында қызмет еттіңіз, яғни журналдың жас оқырмандар көңілінен шығатын басылым болуына сіңірген еңбегіңіз зор.
Бүгінде балаларға арнап жазатын авторлар азайып кетті деп жатады, журнал шығару барысында сол проблеманы қалай шешесіздер?
– Қазақ балалар әдебиетінің өсіп-өркендеуі «Балдырған» журналының дүниеге келуімен тікелей байланысты. Әрине, әдебиет үздіксіз жүретін үдеріс қой, балалар әдебиеті оған дейін де жасалып жатты. ХХ ғасырда балаларға арналған санаулы ғана мерзімді басылымдар бар еді. «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен»), «Білім және еңбек» (кейіннен «Зерде» аталды) журналдары, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті тәрізді басылым беттерінде көркемдігі жоғары деңгейдегі жап-жақсы туындылар жарияланып жататын-ды. 70-жылдардың екінші жартысында «Жалын» баспасы құрылып, балалардың жас ерекшелігін ескеріп кітаптар шығаратын «Жауқазын», «Жеткіншек», «Көкжиек», «Өркен» редакциялары пайда болды. Әлем ақын-жазушыларының балаларға арналған тұшымды дүниелері қазақ тіліне аударылып, әдебиетіміздің көкжиегі кеңейе түсті.
Дегенмен балабақша балалары мен бастауыш сынып оқушыларына арналған шығармалар ол тұста да кемшін еді. «Балдырған» журналының алғашқы бас редакторы Мұзағаң – Мұзафар Әлімбай жиырма бес жыл тапжылмай отырып қазақ балалар әдебиетін өркендетуге, оны әлемдік деңгейге көтеруге айрықша еңбек сіңірген қаламгер-тін. Ақынның өзі сол жылдары балаларға арнап өндіріп жазды. Балалар әдебиетінде жемісті еңбек еткен ақын-жазушылардың талантты шоғырын дайындап, олардың шығармашылығына кең жол ашты. Қазақ балалар әдебиетінің Жақан Смақов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Бердібек Соқпақбаев, Қадыр Мырза Әли, Ермек Өтетілеуов, Сұлтан Қалиев, Ескен Елубаев секілді көптеген өкілдері «Балдырған» журналы арқылы елге танымал болды.
Мұзағаң балаларға арнап жазуға бейімі бар барлық қаламгерді журналдың авторлығына тартып, ынталандырып отырды. Балаларға арналған алғашқы туындыларымды оқыған соң менің өзіме де арнайы тапсырыс беріп өлеңдер мен тақпақтар жаздырған кездері бар-тын. Кейде көкейкесті тақырыпты да өзі ұсынатын еді марқұм. Мұзағаңның орнын басқан келесі бас редакторлар сол дәстүрді лайықты жалғастырып келді десек те ақиқаттан алыс емес. Біз де Мұзағаңның жолын жалғастырдық деп ойлаймын. Әлбетте алдыңғы толқын – ағалардың орнын кейінгі толқын – інілер басты. «Балдырғанның» авторлар құрамы көп өзгерді. Бірақ журналға тұрақты түрде атсалысып отыратын белсенді авторлар шоғырын қалыптастырдық. Қандай мерзімді басылым болса да, оны жеке тұлға ғана емес, ұйымшыл редакция ұжымы мен тұрақты авторлардың ынтымағы ілгері бастыратыны ақиқат. Балалар әдебиетінің жанры сан алуан. «Балдырғанның» беттерінен соның бәрі де көрініс тапты.
– Өзіңіз айтып отырғандай, балаларға арнап жазатын ақын-жазушылар аз да болса бар. Солардың жазғандары сіздерден алдыңғы буын мен сіздердің қатарластарыңызбен салыстырғанда қандай айырмашылығы бар, қандай жас дәрежесіндегі балаларға арнап жазу кемшін?
– Әдебиет ұдайы өсу үстіндегі үдеріс деп отырмын ғой. Қазақ балалар әдебиетінің алғашқы өкілдері ұлттық фольклорымыздың уызын еміп өскенін аңғаруға болады. Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ әдебиетінің қай-қай саласында болса да, орыс әдебиеті арқылы әлем әдебиетінің озық үлгілерінен тәлім алған оқымысты ақын-жазушылар бой көрсетті. Олардың өздерінен кейінгі буынға қандай ықпалы мен игі әсері болғанын поэзия, проза жанрларында дүниеге келген туындылардан айқын аңғаруға болады. Мұндай үдеріс пен үрдіс балалар әдебиетінен де байқалады. Бір ғана Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым – Қожа» хикаятын еске түсіріп көрелік. Хикаяттағы оқиға қиян шеттегі қазақ ауылында өткенмен, оның сюжетінен, кейіпкерлерінің іс-әрекетінен, тұлғаларды сомдауынан Марк Твеннің «Том Сойердің таңғажайып істері», «Гекклбери Финнің басынан кешкендері» атты шығармаларымен үндесетін тұстарын аңғаруға болады ғой. Яғни, қазақ жазушылары орыс әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінің озық үлгілерінен үйреніп отырғанын осындай мысалдармен көрсете аламыз. Әрине, әр туынды жайында осылай мысал келтіріп отырсақ, әңгімеміз ұзарып кетеді.
Тек қана балаларға арнап жазатын жазушылар қай кезде де, қай халықта да болсын аз екені рас. Бірақ қазақ қаламгерлерінің арасында балаларға арнап жазатын ақын-жазушылар аз дей беруге болмайды. Елдің болашағын ойлайтын, ұрпақ жалғастығына мән беретін ақын-жазушыларымыздың дені балалар әдебиетіне атсалысуға мүмкіндік тауып жатады. Балалар әдебиеті – сырт көзге қарапайым ғана көрінгенімен, өз ерекшелігі бар күрделі сала. Ал балалар жазушысы тек қана көркем сөздің шебері емес, белгілі бір мөлшерде психолог, педагог, тәрбиеші болуы керек. Шығармаларыңнан балажандық қасиет байқалмайтын болса, біздің алғашқы оқырмандарымыздың көңілі қалады. Көркем шығармаға қызығушылығы оянбай, бір рет көңілі қалған бала ондай туындыларға да, оның авторларына да мойын бұрмай кетуі мүмкін. Сондықтан кішкентай оқырмандарымызды арзанқол халтурамен алдарқатуға да, балалар әдебиетіне немқұрайлы қарауға да болмайды.
– Кітап дүкендерін аралап көргенде «Аруна» секілді баспалардан шыққан кітаптар көзімізге түседі, бірақ олардың кітаптары қатты мұқабамен жасалған, сапалы десек те, сатып алуға қымбатқа түседі. Балалар кітаптары қолжетімді болуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Жалғыз «Аруна» ғана емес, басқа да бірқатар баспалардың балаларға арналған кітаптар шығарып жатқанын білеміз. Бірақ балалар әдебиеті, баспаларды қайдам, ақын-жазушылар үшін табыс көзі болып табылмайды. Сондықтан еліміздің ертеңі бар деп білсек, балаларға арналған кітаптарды шығаруға негізінен мемлекет мүдделі болуға тиіс. Ал нарықтың өз заңы бар. Шыққан шығынның орнын толтырып, үстінен пайда көрмесе, мұндай шаруамен кім айналысады?
Балаларға арналған кітаптар оқырмандарының жас ерекшелігі ескеріліп шығарылады. Балабақша бүлдіршіндерінің өзі бірнеше топқа бөлінеді. Тілі шығып келе жатқан балалар ата-анасы мен тәрбиешілердің көмегі арқылы суретті кітапшаларды (книжка-картинка), ойыншық-кітаптарды (книжки-игрушки), жапсырмалы кітапшаларды (книжки с наклейками), боямақтарды (книжки-раскраски) пайдалана алады. Дайындық тобына жеткенше бірер шумақ өлеңдер мен тақпақтарды, санамақтарды, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды жаттауға үйренеді. Бірте-бірте шағын әңгімелер мен ертегілерді тыңдап өседі. Ал бүлдіршіндерге арналған кітаптар өз оқырмандарының сұранысын өтеу үшін түрлі түсті бояумен салынған иллюстрациялармен безендіріліп шығарылуға тиіс. Баспалар ересектерге арналған кітаптарға қарағанда бұған едәуір шығынданатыны ақиқат. Мектеп жасындағы балалардың да жас ерекшеліктерін ескеруімізге тура келеді. Бастауыш сынып оқушыларына арналған кітаптардың да сапалы қағазға басылып, көркем безендірілгені жөн. Әрине, балалар есейген сайын суретсіз-ақ мәтіндерді оқуға бейімделіп кетеді.
Оның үстіне қазір қаламгерлерге де, суретшілерге де жарытымды қаламақы төленбейді. Әсіресе, суретшілердің орнын дизайнерлер басты, ал график суретшілердің барлығы дерлік басқа салаларға ауысып кетті. Бұл кітап безендіру ісінде үлкен олқылықтардың болуына әкеліп соқты.
– Сіздің 5-7 жастағы балаларға арналған «Әліппе» кітабыңыз бірнеше рет қайта басылып шықты, былайша айтқанда, қазіргідей мектеп оқулықтарының сапасына сын жиі айтылатын заманда балаларының білімді болуын мақсат тұтатын ата-аналар тарапынан жақсы сұранысқа ие.
Қазіргі бастауыш сыныпта ә дегеннен оқытыла бастайтын, бірақ балалар ұғымына ауырлау тиетін мәтіндерге толы қазіргі «Әліппе» оқулығының келесі басылымдарына автор болуға қызықпайсыз ба?
– Енді қызыға қоймайтын шығармын… «Әліппе» авторларының бірі маған қосалқы автор болуға қалай қарайсыз деп ұсыныс айтқан. Мен келісім бергенмен, ұсыныс сол ұсыныс күйінде ғана қалды… Негізі оқулықтың қосалқы авторларының бірі педагог не әдіскер болса, бірі қаламгер болғанын дұрыс деп есептеймін. Кез келген педагог не әдіскер оқулыққа енгізілген шығарманың көркемдігіне жауап бере алмайды.
Кезінде Ресейде, Беларусьте, Украинада, Қазақстанда жарық көрген көптеген әліппелерді салыстырып зерттеген едім. Өзге елдерде балабақшаларға арналған оқулықтар мен хрестоматиялардың түрлі нұсқалары жасалып жатқанына да көз жеткіздім. 8&8 ЖШС-мен келісіп, тәрбиешілердің көмегімен балабақша бүлдіршіндерінің сауатын ашуға көмектесетін «Сауат ашу, оқу және жазу» атты оқу құралын жазып жарияладым. Кітаптың дизайнын баспа қызметкері Светлана Трофимова жасаған. «Сауат ашу, оқу және жазу» сол кісі екеуіміздің қосалқы авторлығымызбен жарық көрді. Екі бөлімнен тұратын оқу құралының балабақша тәрбиешілеріне де, бастауыш сынып мұғалімдеріне де, балақайлардың өздеріне де көп көмек көрсете алатын тиімді дүние болғанына көз жеткіздім. Бұл оқу құралы 2007 жылдан бері жыл сайын жарық көріп келеді.
Ал педагогика ғылымдарының кандидаты Надежда Жукованың әдістемесін негізге алып жазылған «Әліппем» мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді дұрыс оқуға үйрететін оқу құралы болатын. Бұл кітап та бірнеше басылым көрді. Әлбетте, балабақша тәрбиеленушілеріне арналған оқу құралдары бұлармен шектеліп қалмайды. Болашақта осындай игілікті жұмыспен айналысқысы келетін жастарға жол көрсетіп, ізашар жасап отырмын деп түсінемін.
– Жақында сіздің құрастыруыңызбен 10 томдық «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» жарық көрді. Мұндай аса құнды кітаптар топтамасын шығарудың көп уақыт пен орасан еңбекті талап ететіні белгілі. Осы кітап жайында айтып берсеңіз, бұл істі қолға алуды қашан бастадыңыз және кітаптарды құрастыру барысында қандай ұстанымды басшылыққа алдыңыз?
– Антологияны құрастыруға өте көп уақыт кетті… Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, елдің кәдесіне жарар бірдеңе істегің келеді ғой. «Жығылсаң нардан жығыл» деп, екінің бірінің қолынан келмейтін ауыр міндетті мойынға аласың. Оның үстіне жасаған жұмысыңа әлдекім кедергі жасап, қадамыңды аштырмай, ісіңді ілгері бастырмай, жүйкеңді тоздырып, сан соқтырады. Дегенмен еңбегіңнің жанғанына не жетсін!
Қазақ та елінің ертеңін, балаларының болашағын ойлайтын халық. Бірақ «Қазақ балалар әдебиеті жоқ» деген «кесімді» пікірді талай жерде естідім. Мұндай әңгіме тіпті 2018 жылы астанамызда өткен «Балалар әлемі: Кітаптан мәңгілік мұратқа» атты халықаралық балалар жазушыларының форумында да айтылды. Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған бұл форумға балалар әдебиетіне атсалысып жүрген белгілі ақын-жазушылар, республикамыздың көптеген кітапханаларының қызметкерлері, Ұлыбритания, Ресей, Қырғызстан, Беларусьте, Аустрия сияқты шет елдерден келген қонақтар, баспасөз өкілдері қатысқан-ды. Сол жылы қыркүйек айының 20-сы – 21-і күндері астанада өткен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты үлкен Еуразиялық әдеби форумда аузы дуалы орыстілді бір ақынымыз тіпті «қазақ әдебиеті нөл» деген сөзді де айтқан-ды. Сондай негізсіз әңгімелерді жоққа шығару үшін «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясын» құрастыруды көптен қолға алып жүр едім.
Мұндай кітаптар Ресейде «Антология русской детской литературы», «Антология мировой детской литературы» деген атпен әлденеше рет басылып шықты. Қазақ балалар әдебиеті де өзге елдердің балалар әдебиетінен сорлы емес. Оған оқырман назарына ұсынылып отырған осы он томдық «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» дәлел бола алады. Бұл антологияны қазақ әдебиетінің балалар әдебиеті деген саласының бір дәмді бөлігі деп қарастырса қате емес.
Он томдық «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясына» бай ауыз әдебиетіміздегі балаларға арналған шығармалар, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлынан бастап Әдина Жүсіп, Елдос Тоқтарбай, Еділбек Дүйсеновке дейінгі балалар әдебиетіне үлкенді-кішілі олжа салған ақын-жазушылардың өлеңдері, тақпақтары, санамақтары, мазақтамалары, жұмбақтары, жаңылтпаштары, әңгімелері, мысалдары, ертегілері, хикаяттары тәрізді әр алуан жанрдағы туындылары енген. Антологияда авторлардың шығармаларымен қатар фотосуреттері, қысқаша өмірбаяны қоса берілген. Кітапты «Әдебиет» баспа үйі жарыққа шығарды. Қазақ кітап өндірісінде тұңғыш рет жарық көріп отырған бұл антология балаларға ғана емес, әрбір ата-ана, балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері жалпы бала тәрбиесіне бейжай қарай алмайтын исі қазаққа өте қажет деп есептеймін.
– Мемлекетіміз осы жылды «Балалар жылы» деп белгіледі. Әрине, мұндай науқан арасында балалардың денсаулығына, оларды заманауи талапқа сай дамыту бойынша көп жұмыстар атқарылатыны белгілі. Соның ішінде балаларды әдебиетке қызықтыру ісі де шет қалмайтын шығар. Айтыңызшы, өз салаңыз – балалар әдебиетіне байланысты қандай жобалардың жүзеге асқанын қалар едіңіз?
– Кеңес үкіметінің кезінде де талай науқаншылықты бастан өткергенбіз. Осындай науқаншылыққа ешқашан да сенген емеспін. Былтыр да «Балалар әдебиеті жылы», «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау жылы», «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы»… деп неше алуан ат қойып бір науқан өткізілген. Мемлекеттің балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиетті бір жылдық науқанға айналдырмай, үздіксіз қолдауға тиіс екенін сол кезде де айтқанмын. Қазақ «Балапанды күзде сана» дейді. Істелген істің нәтижесін жылдың соңында бір-ақ көрерміз. Негізі науқаншылық емес, ұзақ жылдарға арналған бағдарлама жасау керек. Десек те, Абай: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» дейді.
Ал «балалар әдебиетіне байланысты қандай жобалардың жүзеге асқанын қалар едіңіз?» деген сұраққа байланысты айтсам, елімізде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар кітап сатып алмақ тұрғай, мерзімді басылымдарға да жазыла алмайтынын алдымен айтуымыз керек. Билік тарапында газет-журнал, кітап оқитын жас ұрпақты қалай қалыптастырамыз деп бас қатыратын кім бар? Неге министрліктер әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға нақты көмек көрсетіп, мектеп кітапханалары арқылы «Балдырған» журналын, «Ұлан» газетін оқыту ісін ұйымдастырмасқа?! Қазақстандағы әр мектептің кітапханасына «Балдырған» мен «Ұланның» бір-бір данасы барса да, балалар басылымдарының таралымы қаншаға өсетінін санау үшін калькулятор түгіл есепшоттың да керегі жоқ қой. Алматы мен астанамызда жарық көріп жатқан кітаптардың таралымы мүлдем көңіл көншітерлік емес. Жарық көрген кітаптар ауыл балаларының қолына жетпейді. Тіпті, сенатордың аузымен айтылған сөз де желге ұшып кетіп жатқанда, біздің құмыққан үнімізді кім құлағына іледі?..
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ