Жаңалықтар

Елордада дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған кабинет ашылды

ашық дереккөзі

Елордада дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған кабинет ашылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы №92 мектеп-лицейде дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан, Қазақстандағы «Tooba» халықаралық қайырымдылық платформасының негізін қалаушылардың бірі Мадияр Төлеуғали, мамандар мен ата-аналар қатысты. Бұл «Болашақ» қорының «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аясында 2015 жылдан бастап елордада ашқан 11-кабинеті. Қор демеушілік қаражаттың арқасында Қазақстан бойынша мектептер мен балабақшаларда 46 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. 2021 жылғы қаңтар-қараша аралығында краудфандинг алаңына айналған «Tooba» платформасының 507 пайдаланушысы Нұр-Сұлтанда инклюзияны қолдау кабинетін ашуға 1 млн 55 мың теңге жинады. Айта кетсек, БҒМ ресми деректері бойынша, Нұр-Сұлтанда ерекше білім беру қажеттілігі бар 13 597 бала тұрады. Оның ішінде 2 256-сында аутизм бар. Жалпы, бейресми деректер бойынша, Қазақстанда аутизм бар 30 мыңнан астам бала бар. «Болашақ» корпоративтік қорының «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру моделін әзірлеуге және Қазақстанның жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда енгізуге бағытталған. Қор 2015 жылдан бері Қазақстанның 17 аймағында 46 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Аутизм және басқа даму ерекшеліктері бар 600-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды. Балаларында ерекше білім алу қажеттіліктері бар 3500-ден астам отбасына консультация берілді. 3500-ден астам маман инклюзивті білім беру және қолданбалы мінез-құлықты талдау бойынша оқудан өтті, 420 жұмыс орны құрылды, 58 кабинет бүкіл Қазақстан бойынша қор мамандарының курациясымен жұмыс істейді.