Олимпиада қызықтары

Олимпиада қызықтары

Олимпиада қызықтары
ашық дереккөзі
Олимпиада – төртжылдықтың басты бәсекесі ғана емес, атлеттер мен спорт жанкүйерлерінің асыға күтетін мерекесі. Ал мереке болған жерде қызық та күлкілі оқиғалар, жүректі елжіретіп, көңілдің мұзын ерітер сәттер де болады. Сондай-ақ рекордтан рекорд жаңартып, әлем жұртшылығын таң-тамаша еткен спортшылардың осы межеге дейін жүріп өткен жолына таңғалып, «осыншалық жанкешті тағдыр, өршіл жүрек иесі болар ма ең?!» деп тамсанасың. Олимпиада басталысымен әлемдік БАҚ өкілдері канадалық сноу­борд­шы Макс Парро туралы жарыса жазды. Макс 2018 жылы Пхенчханда өткен Қысқы Олим­пиада ойындарында күміс жүлдегер атан­ған соң бірнеше күннен кейін қатерлі ісік­ке шалдыққанын біліп, спортпен қош ай­тысқандай болып еді. Бірақ бір жыл ішінде 12 рет химиотерапиядан өтіп, са­лауат­ты өмір салтына дағдыланған ол ақыры аты жаман ауруды жеңіп, былтыр спорт­қа қайта оралғанын мәлімдеген бола­тын. Ал үш күн бұрын слоупстайл жат­тығуы бойынша финалға өтіп, ақыр соңын­да Бейжің Олимпиадасының чемпионы атан­ды. Ғажап-ақ! Макстан бөлек, әлем на­­­зарын өзіне аудартқан тағы бір мықты бар. Неміс конькишісі Клаудиа Пехштайн – Бейжің Олимпиадасына қатысып жатқан жасы ең үлкен спортшы. Оған дейін 7 Олим­пиадаға қатысып, 5 алтын, 2 күміс жә­не 2 қола медаль иеленген атлеттің жасы 49-да. Кеше шетелдік БАҚ-қа берген бір сұх­батында 2026 жылы Италияның Милан қаласында өтетін кезекті Олимпиадаға қа­тысуға ниетті екенін айтады. 5-ақпан күні Бейжіңдегі мұз аренада Клаудиамен бірге 3000 метрге жүгірген, бірақ үздіктер қатарына ене алмаған қытайлық атлет Ақнар Ардақ та журналистер көзіне ілікті. Ақнар – осы Олимпиадада Қытай құрамасы атынан сынға түсіп жатқан қазақ қызы. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде дү­ниеге келген 23 жастағы спортшы 2016 жылы Қытай құрамасына шақырту алған. Ен­дігі кезекте ол Бейжіңде 1 500 метрге және 1 000 метрге жүгіру сайысында бақ сы­найды. Ақнардан бөлек, Бейжіңде Қытай намысын қорғап жүрген тағы 2 этникалық қазақ бар. 1999 жылы Алтай аймағындағы Зимунай қаласында дүниеге келген Баян Жалынқызы шаңғы спортынан Қытай құра­масының сапына қабылданған. Қытай­лықтармен бірге жанталаса бақ сынап жүр­ген екінші шаңғышы қазақ – Қадыс Бедел­хан. 1999 жылы Қытайдың Фукаң қала­сында туған Қадыс Қытайдың ішкі бірін­шіліктерінде үнемі топ жарып жүрген соң, Олимпиада құрамасына шақырылған. Осы Олимпиадада өзге ел атынан сын­ға түсіп жатқан ұлты қазақ ат­леттер бұл үшеуі ғана емес. Биатлоннан үш дүркін Олимпиада чемпионы Дарья Дом­рачева спорттан қол үзген соң бе­ларусь­тер қазақ қызы Динара Әлімбековаға үлкен үміт артып отыр. Қарағанды облы­сына қарасты Абай қаласында дүниеге кел­ген Динараны ата-анасы үш жасында Бе­ларуське көшіріп алып келген. Биат­лоннан әлемдік ірі бәсекелерде топ жарып жүрген Динара 2018 жылы Пхенчханда өт­кен Олимпиаданың эстафета сайысында жеңімпаз атанды. Бірақ Бейжіңде қатысқан екі сайыста бесінші орыннан ары аса алмай жүрген Динара кеше журналистерге берген бір сұхбатында бар әлеуетін көрсете алмай жүргеніне қынжылатынын айтады. Ендігі кезекте ол 11 ақпан күні спринтерлік сайыс­та бақ сынайды. Ақ Олимпиадада Абайдың «Айттым сә­лем Қаламқас» әні шырқалды. Латвиялық мә­нерлеп сырғанаушы Денис Васильев бір­неше әуеннен құрастырылған қысқа бағ­дарламасының бірінші бөлігіне Абай Құнан­байұлының осы әнін таңдап алған. Қашан да қызыққа толы мәнерлеп сырға­нау спортының сайыстары бұл жолы басқа­ша сипат алды. Америкалық мәнерлеп сыр­­­­ғанаушы Винсент Чжоу командалар сайы­сында өнер көрсетіп, АҚШ құрамасына күміс жүлде иеленуге көмектескен еді. Ал ертесі коронавирус жұқтырып, бүрсігүні бас­талатын жекелей сайысқа қатыса ал­май­тын болды. Төрт жыл бойы Олим­пиа­даға тыңғылықты дайындалып, басты до­даның төртінші күні-ақ жарыстан шет­те­тілген америкалықты барлық әлем жұ­бат­­қандай болды. Америкада туып-өскен 19 жастағы мә­нерлеп сырғанаушы Беверли Чжу былтыр АҚШ азаматтығынан бас тартып, тарихи Отаны Қытайға қоныс аударған болатын. Қытай Олимпиадасының құрамасына қа­былданған ол командалар сайысында сәт­сіз өнер көрсеткен соң қытайлықтар тур­нир кестесінің ең соңғы орнына жайғасты. Бұған наразы болған қытайлық жан­күйер­лер қаршадай қызға қысым көрсетіп, буллиң жасап жатыр. Weibo желісінде #ZhuYiFellOver хэштегі 200 млн, #ZhuYiMessedUp 80 млн қаралым жинаған. Сондағы бар гәп: «Олимпиадаға Америкада емес, Қытайда туып-өскен қытайлық атлетті қатыстыру керек еді». Командалар сайысында қытайлықтарға жоғары ұпай жинауға көмектесе алмаған Беверли 15 ақпан күні жекелей сында бақ сынамақ. Мәнерлеп сырғанаудан екі дүркін Олимпиада чемпионы жапондық Юдзуру Ханюдың үшінші алтын аламын деген үміті «қиылып» түсті. Кеше қысқа бағдарламада бір элементті жасай алмаған ол бірінші жарыс күнінің нәтижесі бойын­ша 8-орынға табан тіреді. Ізінше сұхбат берген ол мұз аренасында шұңқырға аяғы кіріп кеткен соң, секіре алмағанын айтады. Бірақ Ханюды мәнерлеп сырғанаудың Құдайы санайтын жанкүйерлер оның бұлай сәтсіз өнер көрсетуіне ресейлік Анд­рей Мозалёв кінәлі деп тапты. Андрей же­ре­бе бойынша Ханюдің алдында сырғанап, бір құлап, бір шатқаяқтап, өз максимумын көрсете алмаған еді. Үшінші алтын жүлде иеленбесе де тарихта есімі қалатын жапон­дықтың жанкүйерлері Ханю Андрей құ­лағаннан пайда болған шұңқырдың ке­сірінен секіре алмағанын, тіпті жаттығу ке­зінде ресейліктің әдейі кедергі келтір­генін жазып, түрлі әлеуметтік желі мен ресейліктің жеке парақшасына жағымсыз пікірлер жазуда. Қысқы Олимпиадада тек нәтиже ғана емес, сондай-ақ атлеттердің үстіне киген спорттық киімі де үлкен рөл ат­қарады. Төрешілер тіпті жарыс аяқталған соң киімнен ілік табуы ықтимал. Мысалы, олар өткен аптада Бейжіңде шаңғымен трамплиннен секіруден өткен аралас сайыс­та басты фаворит саналған Германия мен Норвегия, сондай-ақ Жапония, Австрия құрамаларының нәтижесін есепке алмай қойды. Спортшыларға «үстіне киген комби­незондардың өлшемі дұрыс емес» деп сөгіс айтқан. Сөйтіп, жеңіс тұғырына Словения, Ресей және Канада атлеттері көтерілді. Хоккейден Канада әйелдер құрамасы ресейліктер ПТР тест тапсыр­майын­ша ойынға шықпайтынын айтып, кез­десуді бір сағат кеш бастады. Ақылдаса ке­ле, екі команда ойынға маска тағып шығуға мәжбүр болды. Десе де ойын орта­сында тест нәтижелері белгілі болған соң, ресейліктер маскасын шешіп ойнағанмен, ойын соңына дейін маскасын шешпей шы­дап баққан канадалықтар ақыры айқын басымдықпен жеңіске жетті. Кеше Финлян­дия командасы Ресей құрамасына қарсы ойынға маска тағып шығып, соңында ре­сей­ліктер тағы да ойсырай ұтылды. Шлем іші­нен маска тағып ойнау ойыншы­ларға кедергі келтіреме десек, керісінше көмек­тесетін секілді.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ