Тегераннан «Қорқыт ата» кітабының үшінші нұсқасын тапқан ғалым
Тегераннан «Қорқыт ата» кітабының үшінші нұсқасын тапқан ғалым
Маңғыстауда XIX ғасырда өмір сүрген, халық арасында Хатам шайыр атымен танылған ақын, діни ағартушы Хатам (Сейіт) Қожа Ғабдолқожаұлының тікелей ұрпағы – Уәли Мұхаммед Қожа қазір Иранда тұрады. Көп жыл бойы инженер болып жұмыс істеген ол зейнетке шыққан соң 3 ғасыр бұрын Қазақстаннан Иранға көшуге мәжбүр болған қазақтарға қатысты құнды кітаптар мен заттай деректерді зерттеумен айналысып жүр. Екі жыл бұрын ол «Қорқыт ата кітабының» жаңа қолжазбасын ел астанасы Тегераннан кездейсоқ тауып, Қазақстанға алып келіп табыстаған болатын. Жуырда тағы бір ақынның туындысын тапқан ғалымға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Көп жыл бойы Иранда инженер болып жұмыс істеген екенсіз. Ал қолжазбалар мен сирек кітаптар жинау ісін зейнетке шыққаннан кейін қолға алдыңыз ба? Әлде түркі халықтарының әдебиетіне оған дейін қызықтыңыз ба?
– Биыл 70 жасқа толамын. Ал түркі елінің әдебиетін зерттеп жүргеніме 50 жылдан астам уақыт болды. Мен – Маңғыстауда есімі елге белгілі шайыр ақын Хатам ишанның төртінші ұрпағымын. Кітап оқуға ынта-ықыласымның оянуына атам себепші болғаны айтпасам да түсінікті шығар. Әкемнің әкесі Маңғыстауда тұрған кезде орыстардың солақай саясатына көнгісі келмей Иранға қоныс аударған. Қазір мен Иранның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Гомбеде-Кавус қаласында тұрып жатырмын. Германияда инженер мамандығы бойынша білім алдым. Иранда түрлі фабрикаларда инженер болып жұмыс істедім. Дегенмен әдебиетке деген қызығушылық «маза бермей», ақырында бұл осы сала бойынша ізденісімді бастауға түрткі болды. Осындайда қазақтар «тамыр тартпай қоймайды» деуші ме еді?! Оның үстіне, атам «Қазақстан – ғылым мен білімнің қайнаған ортасы, ғылым да, ғалымдар да сол жақтан шығады. Қазақстан әдебиетіне ден қой» деп үнемі айтатын. Сосын зейнетке шыққаннан кейін бос уақытым көп болған соң, бұл іске шындап кірістім. Оған қоса, қазақ көп шоғырланған аймақта өсіп-өнгендіктен, қазақ тілін жастайымнан үйреніп алдым.
– Сізді біздегі көпшілік «Қорқыт ата кітабының» жаңа нұсқасын тапқан соң ғана тани бастады. Бірақ сіз оған дейін де Қазақстан музейлеріне құнды кітаптар мен бұйымдар тапсырған екенсіз.
– «Қорқыт ата кітабының» жаңа нұсқасын тапқан соң Қазақстанда танылғаным рас. Бірде атамның «Қорқыт атаның мазарына барып, зиярат ете алмадым. Мүмкіндік болып жатса, сен бар да зиярат етіп қайт» деп өсиет айтқаны бар. Сол кезден бастап Қорқыт атаның шығармаларын зерттей бастадым. Жалпы, «Қорқыт ата кітабының» Германия (Дрезден) және Италия (Ватикан) елдерінде екі қолжазбасы сақтаулы тұр. Бірінші нұсқада 12, ал екіншісінде 6 дастан жазылғаны мәлім. Ал мен тапқан қолжазба – сол кітаптың үшінші, жаңа жазбасы. Онда Қорқыт атаның 14 дастаны, 8 өлеңі қамтылған. Бұл қолжазбаны осында бір кісі сақтап жүрген екен. Кезінде Түркістанда тұрған оның атасы елден қашуға мәжбүр болып, бірнеше кітапты өзімен бірге осында ала келген екен. Сол кітапты ғалымдар мақұлдаған соң елге апарып өткізуді құп көрдік. Ал оған дейін Қожа Ахмет Ясауи мен оның шәкірті болған Сүлеймен Бақырғани туралы және тағы басқа қызық та құнды кітаптарды апарып табыстағанмын. Негізі, Қазақстанға құр қол бармаймын, үнемі бірнеше кітап апарамын. Тапқанымды дереу арада Қазақстандағы әдебиетсүйер қауымға таныстыруға асығамын. мен Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түркия, Түркменстан әдебиетін де зерттеймін, ондағы ғалымдар түрлі семинарларға жиі шақырады, сол кезде тығыз байланыс орнатып, оларға іздегенін табуға көмектесуге тырысамын. Дегенмен бәрібір қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қатысты кітаптарға басымдық беремін. Мен тапқан шығармалардың көбі араб, шағатай тілдерінде жазылған. Жуырда бір қазақ ақынның қолжазбасын тауып алдым. Ендігі мақсат – осы туындыны қазақшалап, кириллица қарпіне аудару.
– Құпия болмаса қай ақынның туындысы?
– Әзірше кімнің өлеңі екенін айта алмаймын. Алдымен Қазақстанда араб тілін жетік меңгерген ғалымдар мәтінді зерттеуі қажет. Консулмен ақылдасу керек. Жалпы, бұл – ұзаққа жалғасатын процесс. Консул демекші, көп кітапты Қазақстанның Ирандағы бас консулы болған Айтжан Айдашевтың көмегімен жинадық. Оның көмегі көп тиді, екеуіміз көп іс атқардық. Қазір жалғыз жинауға мәжбүрмін, себебі ол биылдан бастап зейнетке шығып, Қазақстанға қайта оралды. Десе де ол үнемі хабарласып, зерттеу барысын сұрап, әркез көмектесуге әзір екенін айтады.
– Қазақстан музейлеріне қанша кітап әкеп тапсырдыңыз?
– Сөздің шыны керек, қанша кітап тапсырғанымды есептеп көрмеппін. Қазаққа қатысты кітап қолыма түссе болғаны, тез арада салып жіберемін. Негізі, осы уақытқа дейін түркі халықтарының әдебиетіне қатысы бар 180-ге жуық қолжазба таптым. Ал кейбірі жеке кітапханамда бұрыннан сақталған. Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болған атам жинаған кітаптарын таудың бөктеріне тығып, бірте-бірте бері қарай тасыса керек. Жалпы, Ираннан табылған заттардың басым бөлігі – Маңғыстау, Түркістаннан бері «жылжыған», қалың көшпен бірге ауған тарихи қолжазбалар мен заттай деректер. Өлместен бұрын атам «Сол кітаптарды Қазақстанның кітапханасына апарып тапсыру керек. Мына жерде сақталса, жоғалып кетеді. Беттері бүлініп кетуі де ықтимал. Ал да, Қазақстанға салып жібер, олар әдемілеп сақтайды» деп өсиет айтқан болатын. Зейнетке шыққан соң осы іспен айналыстым. Одан бөлек, көп құнды кітапты дүкендерден тауып сатып алдым. Жалпы, мен бүгінге дейін Қазақстанға төрт рет бардым. Біріншісінде Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында орналасқан атам Хатам ишанның кесенесіне барып, зиярат еттім. Екіншісінде, Ақтауға барып, студенттермен кездестім. Одан бөлек Хатам Ишанның шапанын, қылыштарын музейге өткіздім. Кейіннен Қазақстан Үкіметі Шымкентке шақырды, ары қарай Қызылордадағы Қорқыт Ата кесенесіне, сосын Түркістандағы Ясауи кесенесіне бардым. Ал соңғы рет Нұр-Сұлтан қаласына шақырылдым. Кітапханамда беретін кітабым көп, сондықтан Қазақстанға әлі көп рет барамын деп ойлаймын. Құдай маған ұзақ ғұмыр берсе, Қазақстан, қазақ әдебиеті мен мәдениеті туралы тың деректерді іздестіре беремін, іздестіре беремін.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ