Тегераннан «Қорқыт ата» кітабының үшінші нұсқасын тапқан ғалым

Тегераннан «Қорқыт ата» кітабының үшінші нұсқасын тапқан ғалым

Тегераннан «Қорқыт ата» кітабының үшінші нұсқасын тапқан ғалым
ашық дереккөзі
Маңғыстауда XIX ғасырда өмір сүрген, халық арасында Хатам шайыр аты­мен танылған ақын, діни ағарту­шы Хатам (Сейіт) Қожа Ғаб­дол­қожаұлының тікелей ұрпағы – Уәли Мұхаммед Қожа қазір Иранда тұрады. Көп жыл бойы инженер болып жұмыс істе­ген ол зейнетке шыққан соң 3 ғасыр бұрын Қазақстаннан Иранға көшуге мәж­­бүр болған қазақтарға қатысты құнды кітаптар мен заттай деректерді зерттеумен ай­налысып жүр. Екі жыл бұрын ол «Қор­қыт ата кітабының» жаңа қолжазбасын ел аста­насы Тегераннан кездейсоқ тауып, Қа­зақ­станға алып келіп табыстаған бола­тын. Жуыр­да тағы бір ақынның туын­ды­сын тап­қан ғалымға хабарласып, әңгімеге тарт­қан едік. – Көп жыл бойы Иранда инженер бо­лып жұмыс істеген екенсіз. Ал қол­жазбалар мен сирек кітаптар жинау ісін зейнетке шыққаннан кейін қолға алдыңыз ба? Әлде түркі халықтарының әдебиетіне оған дейін қызықтыңыз ба? – Биыл 70 жасқа толамын. Ал түркі елі­нің әдебиетін зерттеп жүргеніме 50 жыл­дан астам уақыт болды. Мен – Маң­ғыс­тауда есімі елге белгілі шайыр ақын Хатам ишан­ның төртінші ұрпағымын. Кітап оқу­ға ынта-ықыласымның оянуына атам се­беп­ші болғаны айтпасам да түсінікті шы­ғар. Әкемнің әкесі Маңғыстауда тұрған кезде орыстардың солақай саясатына көн­гісі келмей Иранға қоныс аударған. Қа­зір мен Иранның солтүстік-шығыс бө­лігінде орналасқан Гомбеде-Кавус қа­ла­сында тұрып жатырмын. Германияда ин­же­нер мамандығы бойынша білім алдым. Иран­да түрлі фабрикаларда инженер бо­лып жұмыс істедім. Дегенмен әдебиетке деген қызығушылық «маза бермей», ақы­рын­да бұл осы сала бойынша ізденісімді бас­тауға түрткі болды. Осындайда қазақтар «та­мыр тартпай қоймайды» деуші ме еді?! Оның үстіне, атам «Қазақстан – ғылым мен білімнің қайнаған ортасы, ғылым да, ға­лымдар да сол жақтан шығады. Қазақстан әде­биетіне ден қой» деп үнемі айтатын. Со­сын зейнетке шыққаннан кейін бос уақытым көп болған соң, бұл іске шындап кіріс­тім. Оған қоса, қазақ көп шоғырланған ай­мақта өсіп-өнгендіктен, қазақ тілін жас­тайымнан үйреніп алдым. – Сізді біздегі көпшілік «Қорқыт ата кіта­бының» жаңа нұсқасын тапқан соң ғана тани бастады. Бірақ сіз оған дейін де Қазақстан музейлеріне құнды кітап­тар мен бұйымдар тапсырған екен­сіз. – «Қорқыт ата кітабының» жаңа нұс­қа­сын тапқан соң Қазақстанда танылғаным рас. Бірде атамның «Қорқыт атаның ма­за­рына барып, зиярат ете алмадым. Мүмкін­дік болып жатса, сен бар да зиярат етіп қайт» деп өсиет айтқаны бар. Сол кезден бас­тап Қорқыт атаның шығармаларын зерттей бастадым. Жалпы, «Қорқыт ата кіта­бының» Германия (Дрезден) және Ита­лия (Ватикан) елдерінде екі қолжазбасы сақ­таулы тұр. Бірінші нұсқада 12, ал екін­шісінде 6 дастан жазылғаны мәлім. Ал мен тапқан қолжазба – сол кітаптың үшінші, жаңа жазбасы. Онда Қорқыт атаның 14 дас­таны, 8 өлеңі қамтылған. Бұл қолжаз­баны осында бір кісі сақтап жүрген екен. Кезінде Түркістанда тұрған оның атасы елден қашуға мәжбүр болып, бірнеше кітап­ты өзімен бірге осында ала келген екен. Сол кітапты ғалымдар мақұлдаған соң елге апарып өткізуді құп көрдік. Ал оған дейін Қожа Ахмет Ясауи мен оның шә­кірті болған Сүлеймен Бақырғани тура­лы және тағы басқа қызық та құнды кітап­тарды апарып табыстағанмын. Негізі, Қа­зақстанға құр қол бармаймын, үнемі бір­не­ше кітап апарамын. Тапқанымды дереу арада Қазақстандағы әдебиетсүйер қауым­ға таныстыруға асығамын. мен Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түркия, Түркменстан әдебиетін де зерттеймін, ондағы ғалымдар түрлі семинарларға жиі ша­қырады, сол кезде тығыз байланыс орна­тып, оларға іздегенін табуға көмектесуге тыры­самын. Дегенмен бәрібір қазақ әде­биеті мен мәдениетіне қатысты кітаптарға ба­сымдық беремін. Мен тапқан шығар­ма­лардың көбі араб, шағатай тілдерінде жа­зыл­­ған. Жуырда бір қазақ ақынның қол­жаз­басын тауып алдым. Ендігі мақсат – осы туын­дыны қазақшалап, кириллица қарпіне аудару. – Құпия болмаса қай ақынның туын­дысы? – Әзірше кімнің өлеңі екенін айта ал­май­мын. Алдымен Қазақстанда араб тілін же­тік меңгерген ғалымдар мәтінді зерттеуі қа­жет. Консулмен ақылдасу керек. Жалпы, бұл – ұзаққа жалғасатын процесс. Консул де­мекші, көп кітапты Қазақстанның Иран­да­ғы бас консулы болған Айтжан Айдашев­тың көмегімен жинадық. Оның көмегі көп тиді, екеуіміз көп іс атқардық. Қазір жалғыз жинауға мәжбүрмін, себебі ол биылдан бастап зейнетке шығып, Қазақстанға қайта орал­ды. Десе де ол үнемі хабарласып, зерт­теу барысын сұрап, әркез көмектесуге әзір екенін айтады. – Қазақстан музейлеріне қанша кі­тап әкеп тапсырдыңыз? – Сөздің шыны керек, қанша кітап тап­сырғанымды есептеп көрмеппін. Қазаққа қа­тысты кітап қолыма түссе болғаны, тез ара­да салып жіберемін. Негізі, осы уақытқа дейін түркі халықтарының әдебиетіне қа­ты­сы бар 180-ге жуық қолжазба таптым. Ал кей­бірі жеке кітапханамда бұрыннан сақ­тал­ған. Қазақстанға қоныс аударуға мәж­бүр болған атам жинаған кітаптарын тау­дың бөктеріне тығып, бірте-бірте бері қарай тасыса керек. Жалпы, Ираннан та­был­ған заттардың басым бөлігі – Маң­ғыс­тау, Түркістаннан бері «жылжыған», қалың көш­пен бірге ауған тарихи қолжазбалар мен заттай деректер. Өлместен бұрын атам «Сол кітаптарды Қазақстанның кітап­ха­на­сына апарып тапсыру керек. Мына жерде сақ­талса, жоғалып кетеді. Беттері бүлініп ке­туі де ықтимал. Ал да, Қазақстанға салып жі­бер, олар әдемілеп сақтайды» деп өсиет айт­қан болатын. Зейнетке шыққан соң осы іспен айналыстым. Одан бөлек, көп құнды кітап­ты дүкендерден тауып сатып алдым. Жал­пы, мен бүгінге дейін Қазақстанға төрт рет бардым. Біріншісінде Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында орналасқан атам Ха­там ишанның кесенесіне барып, зиярат еттім. Екіншісінде, Ақтауға барып, студент­тер­мен кездестім. Одан бөлек Хатам Ишан­ның шапанын, қылыштарын музейге өт­кіз­дім. Кейіннен Қазақстан Үкіметі Шым­кентке шақырды, ары қарай Қызылор­да­дағы Қорқыт Ата кесенесіне, сосын Түр­кі­стандағы Ясауи кесенесіне бардым. Ал соң­ғы рет Нұр-Сұлтан қаласына шақырыл­дым. Кітапханамда беретін кітабым көп, сон­дықтан Қазақстанға әлі көп рет бара­мын деп ойлаймын. Құдай маған ұзақ ғұ­мыр берсе, Қазақстан, қазақ әдебиеті мен мә­дениеті туралы тың деректерді іздестіре бере­мін, іздестіре беремін.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ