Қалың қалай, қазақ оқулығы?
Қалың қалай, қазақ оқулығы?
Қазақстандағы білім беру жүйесінде аз-кем реформалар жүргізілді. Сол реформалардың мақсаты оқушы мен педагогтің байланысын арттырып, оқытудағы тың әдістер мен бағыттарға жол сілтеу еді. Барлық шараны жоққа шығаруға болмас, бірақ мұғалімдер осы өзгерістен көптеген оңтайлы тұсты іздегенін жасыра алмаймыз. Тек мұғалім ғана емес, бүкіл білім саласының мамандары, сондай-ақ бүлдіршіндер де бір үміт күтті.
2015-2016 оқу жылында «Жаңартылған білім беру бағдарламасы» республика көлемінде 30 пилоттық мектепте және бірнеше шалғай ауылдарда сынақтан өтті. Содан бері осы бағдарламаға 2016 жылдан 2019 жылға дейін 1-11 сыныптар біртіндеп көшкенін білеміз. Бұл процесс әлі де жалғасуда. Осы жаңа мазмұн негізінде жаңа кітаптар даярланып, оқушыларға таратылды. Мұғалімдер тың әдіс-тәсілдерді үйрену үшін курстардан өтті, балалар машықтанды.
«Жаңартылған білім беру мазмұнының» жалпы бағытына, яки сипаттамасына келетін болсақ, мұнда бұрынғыдай алдымен ереже берілмейді, керісінше мысал алға шығып, одан кейін ереже түсіндіріледі. Мәселен, 9 сыныпқа арналған қазақ тілі кітабының 20-бетін ашсаңыз, («Мектеп» баспасы) онда алдымен «Жаһандану және ел тағдыры» деген тақырып тұр. Одан кейін келесі бетте «Көркем әдебиет стилінің» ережесі берілген. Әрине, жаһандық мәселелерді балалардың оқығаны, білгені дұрыс. Дегенмен оның көркем әдебиет стилімен ешқандай байланысы жоқ. Көркем әдебиет стилін ұғындыру үшін поэтикалық немесе көркем-эстетикалық құндылықтарға байланысты тақырып қолданылғаны дұрыс еді. Мәселен, «Қаламгерлер аллеясы», яки «Қаламгерлер туралы қызықты деректер» деген тақырып болғанда, тақырып-ереже-тапсырма үштігінің арасында қандай да бір үйлесім мен қисын пайда болып, оқушы білімді тез қабылдайды.
Яғни, бүгінгі оқулықтарда қисын аз. Қисыны жоқ кез келген іс көңілге қонымсыз, түсініксіз әрі қызықсыз болмақ. Біз бір ғана оқулықтың ішіндегі олқылықтарды айта отырып (9 сынып, Қазақ тілі), басқа оқулықтардың да сондай хәлде екенін аңғартқымыз келеді.
Біріншіден, кітаптағы көптеген ереже бала санасына ауыр қабылданады. Бүгінгі оқушылар – қостілді, яғни қоссаналы ұрпақ. Қазақ және орыс тілдерінде қатар сөйлегендіктен, олар мәтін құрауға, ауызша пікір алмасуға бейім емес. Ал осындай оқушының алдындағы кітап ең алдымен түсінікті, қарапайым тілде жазылуы керек. Кітаптың 33-бетінде «Құрмалас сөйлемнің қалыптасып, дамуы» деген тақырып және астында сол туралы ереже берілген. Онда: «Күрделі ой мен күрделі пікірді білдіру үшін қызмет ететін құрмалас сөйлемдер көне жазба ескерткіштер тілінде, көркем әдебиеттерде, ғылыми және саяси еңбектерде жиі кездеседі. Құрмалас сөйлемдер – жай сөйлемдердің негізінде қалыптасқан кейінгілік құбылыс. Қазіргі әдеби тіліміздің барлық жанрында қолданылатын құрмалас сөйлемнің қалыптасып, дамуы – бір күннің жемісі емес», – делінген. Шыны керек, мұндағы мәтін мазмұны жеңіл қабылданбайды, бала түгіл ересек адам екі қайтара оқымаса, дұрыс түсіне алмайды. Одан кейін қазақ тілінде көп кездеспейтін «кейінгілік» сөзі қаншалықты орынды қолданылғанын сараптай беріңіз. «Кейін пайда болған құбылыс» делінсе, бәлкім ұғынықты болар ма еді?
Ереженің бастапқы сөйлемдері анық, дәл және жаңа білімге сілтеуші рөлді атқару керек. Жоғарыда аталған ережені: «Құрмалас сөйлем – екі немесе бірнеше жай сөйлемнен құралып, күрделі ойды білдіретін, мағыналық жағынан өзара байланысты біртұтас сөйлем» деп жазса, тақырып бірден ашылып, ереже мазмұнын жүйелейді. Ендеше, көп сөзден дөп сөз маңыздырақ.
«Бала тілі» ұғымы – білім берудің бастапқы сатысында тұруы тиіс. Олай болмағанда, білім беруші педагог те, білім алушы оқушы да дел-сал күйге түседі. Бала тілі – ересек тілі емес. Ол тіл – жеңілдігімен, қызықтығымен құнды. Мейлі, 9 сынып оқушысы болса да, ережелер мен тапсырмалар оның санасына бірден «құйылып», бір қазыққа байланып, қисынмен үйлестірілуі керек. Қолдан жасалған «күрделілік» ойды таяздатпаса, тереңдетпейді.
Шынтуайтына келгенде, «Жаңартылған білім беру мазмұнында» ережеге аса көп назар аударылмайды. Бұл бағытта көбінесе білім алушының жан-жақты ойлауы, басқа салаларды түсінуі, өмір сүруге икемді болуға жол ашатын түрлі шарттарды білуі маңызды. Ал ереже қосымша білім ретінде ұсынылған. Яғни, мұның астарында: бала ережені жіті түсінбесе де, өмірлік дағдыларды білгені дұрыс деген пайым жатыр.
Тағы бір айтатын жайт – ереже мен тапсырманың ой алшақтығы. Мағынаның үзілуі – түйіні шешілген моншақтай жерге шашылып, барлық «қасиетті» жоғалтары анық. Қазақ тілі кітабының 55-бетінде «Түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлемнің» ережесі берілген. Бірақ сол ережеден кейінгі тапсырмада түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлем туралы мысал кездеспейді. Тек қана атауы жоқ, халық саны туралы мәтін берілген. Негізінде, ереже өткеннен кейін мысал берілгені дұрыс. Оқушы сол мысалды мәтін ішінен тауып, білімін толықтырады.
Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Қазақстандағы білім беру жүйесінің ұлттық моделі қалыптасты. Ұлттық рух, ұлттық идеология, ұлттық таным мәселелері ескеріліп, бірізділікпен қарастырылғанын білеміз. Бүгінгі жас өркендердің санасында ұлттық танымнан өрбіген ұлттық тәрбие бар. Сондықтан сөз парқын жете түсінген халық үшін мәдени-әлеуметтік проблемалар қалыпты деңгейде шешіліп, қоғамдық күй жақсы жаққа ауысқан. Бірақ уақыт көрсеткендей, адам ортаға тәуелді. Яғни, сондағы өзгерістерге тікелей ықпал ете алмай, ағысымен жылжиды.
Біз талдап отырған оқулықтағы кейбір мәтіндер қайта қарастыруды, өңдеуді талап етеді. Өйткені бір кітап – мыңдаған оқушының рухани азығы. Сол оқушылардың тағдыры мен көзқарасы одан да көп адамға әсер етуі мүмкін. Біз осы сөзімізбен кітап кемшілігін іздеп отырғанымыз жоқ, керісінше кітаптың мейлінше сапалы болғанын қалаймыз. Яғни, ұсыныс жасау арқылы олқылықтың орнын толтырсақ, келесі кітаптың мазмұны мен мәтіндері әлдеқайда жақсара түседі.
Ережелерді талдау барысында авторлар кітапта: «Ұлым мынадай өтініш жасады: несіне асығамыз, мәйітті және бір күн түнетейік (Д.Досжан)», «Жаны шығып кете жаздады, өйткені оның қолына түскен ыдыс сау қайтқан емес (Б.Майлин)», «Қадырдың киімі жұқа әрі денсаулығы да мықты емес (С.Мұқанов)»– деген секілді бірнеше мысалдар қолданған. Бұл мысалдар – оқушының көңіл-күйін түсіріп, күңгірт детальдарға назар аударуына итермелейді. Сөйлемде «жаны шыққан», «мәйітті түнету», «жұқа киім», «денсаулықтың сыр бергені» сынды мағынадағы тіркестерді, ойларды қолдану қисынсыз. Оның орнына әкесін сыйлаған ұл, әке мен ұлдың арасындағы рухани әңгіме болса, Қадырдың киімі жұқа емес, киімі бүтін, бойы еңселі, абыройлы болса, нұр үстіне нұр болар еді. Ендеше, сөйлем-мысалдың ең алдымен мағыналық жағы дұрыс болуы қажет.
Оқушы психологиясын қалыптастыруда жағымды, пайдалы мәтіндердің көп болғаны жөн. Бір мысалды оқып, көңіл күйі түскен оқушыдан сабақ тапсырмасын сұраудың өзі ыңғайсыздық тудырады. Өмір сүруге деген құштарлық, өнерге жақындық, беделді адамның әрекеті балаға талпыныс дарытады, рухын оятады.
Қорытындылай келе, қазіргі қазақ оқулығының ұтымды тұстары да, кемшін тұстары да жеткілікті. Осы бағыттарды жан-жақты саралап, сұрыптаудан өткізу – ұлт жанашыры ретіндегі басты міндетіміз. Оқулықтағы олқылықтар – мұғалімнің немесе оқушының ғана мәселесі емес, жалпы қоғамның өзекті проблемасы. Сондықтан оқулық жазу барысында ұлттық таным мен сапалы сөз, мәйекті мәтіндер жіті қарастырылса деген ниеттеміз.
Біржан АХМЕР