Қазанға түскен қапқа қайтып түсе ме?

Қазанға түскен қапқа қайтып түсе ме?

Қазанға түскен қапқа қайтып түсе ме?
ашық дереккөзі
Өткен аптада Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов Қаржы мониторингі агенттігіне депутаттық сауал жодап, шетелге аударылған қомақты қаражат туралы толық ақпаратты жария етуді сұраған болатын. Ал Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында заңсыз шетелге шығарылған миллиардтаған қаражатты қайтарудың ұсынысын әзірлеуді тапсырды. Оған екі ай уақыт берді. Шетелге заңсыз шығарылған қаражат, оффшор алаңдардағы ақша мәселесі бұған дейін де талай мәрте көтерілген болатын. Қаржы ми­нистрлігі де елден шыққан ақшаға бақылауды күшейтуге ниетті екенін білдірген де еді. Бірақ бұл бастамалар нәтиже бермеді. Жалпы, оффшор алаңы деген не? Оған қара­жат қалай шығады? Заңсыз шетел асы­рыл­­ған ақшаны қайтару мүмкін бе? Ол үшін не іс­телуі керек? 25 жылда – 140-160 миллиард доллар Мәжіліс депутаты Мақсат Раман­құ­лов Қаржы мо­­­ниторингі агенттігі­нен қаңтардағы қайғылы оқи­ға кезінде Қа­зақстаннан шет елге ірі көлемде қаржы ау­дарылғаны туралы ақпаратты жария етуді сұрап, де­пу­таттық сауал жолдады. Агенттік әзірге жауап берген жоқ. Мақсат Раманқұлов депутаттар 10 жыл бойы «Па­на­ма тізімі», «Пара­дис досье» сияқты Швейца­рия банктеріндегі қа­зақстандық есепшоттарға қатысты бір­не­ше рет сұрақтар қойғанын да атап өтті. Де­путат Tax Justice Network халықаралық ұйы­мының мәлі­метін дереккөз ретінде алға тар­тып, соңғы 25 жылда елімізден шетелдік оф­фшорларға шамамен 140-160 млрд дол­лар шығарылғанын айтты. Бұл бүкіл елдің жыл­дық ішкі жалпы өнімі мен оның сырт­қы қарызына тең екен. Tax Justice Network халықаралық ұйы­мының 2020 жылғы дерек­терін­де де Қазақстаннан тек оффшорлық аймақ­тарға жылыстаған капитал шамамен 140 миллиард доллар екені айтылған. Ал еліміздің құқық қорғау органдары соң­ғы 5 жылда шет елге капиталды заңсыз шы­ғару фактілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған. Алайда бұл жұмыстың нақты нә­ти­желері туралы ештеңе белгісіз екенін айт­қан депутат «Қаңтар оқиғасы» кезінде оли­гархтардың Қазақстаннан жеке ұшақ­тарымен кетіп қана қоймай, қыруар қар­жы­ны шет елдегі есепшоттарға шұғыл түрде ауда­рып алғаны қызу талқыланып жатқ­а­нын қосып өтті. Осыған байланысты депутат Қаржы мониторингі агентті­гінен агенттік құрыл­ғаннан бері Қа­зақстан экономика­сы­на офф­шор­лық аймақтардан нақты қанша қара­жат қайтарылғаны туралы ақпарат беру­ді, «Қаңтар оқиғасы» кезінде Қа­зақ­стан­нан шет елдерге ірі ақша аударымдары, сон­дай-ақ мұндай операцияларды жөнелту­ші­лер, жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ со­малар алынған шетелдік шоттардың ие­лері туралы ақпарат беруді сұрады. Сондай-ақ ол ел үшін қиын сәтте өмі­рін Қазақ­стан­мен байланыс­тыр­ма­ған­дар көлеңкелі капиталды алып кетті де­ген болжамын да айтты. Бұдан бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оффшор алаңындағы шот­тарды «бір күнде емес, мың күнде жары­латын минаға» теңеп, ақшаны елде ұстау керек екенін айт­қаны да есте. Ал 8 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтіл­ген отыры­сында Президент осы мәселені көтеріп, Үкіметке нақты тап­сырма берді. Яғни Үкімет алдағы екі ай ішінде Қазақ­стан­нан шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару жөнінде ұсыныс әзірлеуі керек. Экономист Асылбек Күздеубаевтың пі­кірінше, оффшор алаңына заңсыз шығарылған ақшаларды қайтаруға мүмкін­дік бар. Бірақ сарапшы бұл мәселемен Үкі­мет айналыспағаны жөн екенін айтады. Асылбек КҮЗДЕУБАЕВ, экономист: Белгілі бір өкілеті мен құзыреті бар комиссия қажет
– «Қаңтар оқиғасынан» кейін елімізде бір­­шама өзгеріс бол­ды. Соның ішінде Пре­зи­дент­тің бастамасымен шетелге заңсыз асырылған қаражатты елге қайтару бойын­ша тапсырма берді. Бірақ бұл тап­сырманы қа­зіргі Үкіметке екі ай ішінде қайтарудың ме­ханизмін әзірлеуге тапсырма беруі қан­шалықты тиімді нәти­же береді, қаншалықты орын­далады, олар оны қай­таруға мүдделі бола ма деген үлкен сұрақ бар. Менің ойым­ша, шетел асырылған қаражаттарды елге қайтару бойынша жұмысты қазіргі Үкіметке емес, арнайы, бөлек тәуелсіз, белгілі бір өкіл­еті мен құзыреті бар комиссия немесе жұ­мыс тобы сияқты команда құрып, солар­ға тапсыру керек. Сәйкесінше құрам қара­жат­ты қайтара алатындай күшке ие, білімді аза­маттардан құралуға тиіс. Бұл жұмысты Үкі­метке тапсыру қателік деп есептеймін. Заңсыз шетел асырылған қаржының барлығы қай­тарылады деген күмәнді дүние. Оның 10 пайызы, жақсы, жан салып жұмыс істеді деген күннің өзінде, 50 пайызы ел қазынасына қайтарылатын болса, бұл мем­лекет үшін үлкен пайда болар еді. Біздің әлсіреп тұрған са­лаларымызға инвестиция ретінде салуға мүмкіндік туар еді. Ел ішінде заңсыз жинаған қаражатын заң­сыз түрде шетел асыра отырып, бел­­гілі бір қаржылық тәуел­сіз, яғни тексеру­сіз, бақылаусыз аймаққа жинақтау деген сөз. Оффшор аймаққа түскен қаржының сұрауы болмай­ды. Ол кімнен келіп түсті, қай­да келіп түсті, не үшін түсті деген сияқ­т­ы негіздемелік талап болмайды. Бұл қаражатты елге қайтаруға болады, яғни мүм­кіндік бар. Әлемдік тәжіри­белерді де алып қарас­тыру­ға болады. Бірақ бұл процесс өте ұзаққа созылады. Мұның сот­­тасуы бар, мұның қылмыстық құрамы тек­­­серілуі керек, ол қайдан келді, елден қан­­дай жағдайда шы­ғып кетті және оффшор алаңындағы қандай компа­ниялар­дың шотына түсті деген сияқты үлкен зерт­теу жұмысын талап етеді. Бүгін айтылды екен деп, ертең мем­лекетке барлығы қай­тары­лады деген сөз емес. Одан бөлек, оффшор аймақтарына қара­жатын аудар­ған адамдар, сол дү­ниені жасай алып отырған адамдар да осал емес екені екібастан белгілі ғой. Олар да бос жатпайды. Қарапайым тілмен айт­қан­­да, өз қалтасындағы қаражат үшін күре­седі. Яғни «Міне, мынау біздікі, алып кетеміз, қай­тар» деген емес, үлкен еңбек, көп күш жұм­­салады.
Қарызға батқандар мен кедейлер көбейіп барады Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент соңғы кезде жұрттың та­бысы экономикалық өсім­нің емес, әлеу­меттік трансферттің есебінен көбей­генін, соң­ғы 5 жылда халықтың жалпы табы­сын­дағы еңбек кірісінің үлесі 80 пайыздан 67 пайызға дейін қыс­қарып кеткенін алға тарт­ты. Ал әлеуметтік трансферттер 17-ден 29 пайызға дейін ұлғайған. – Бұдан азаматтардың кірісі алатын жа­­­лақысына емес бюджет шығысына тәуел­ді екенін байқауға болады. Бұл аз десеңіз жұмыс берушілердің пайдасымен және на­рық­тағы бағаның көтерілуімен салыс­тыр­ғанда еңбекақы әлде қайда баяу өсуде. Со­ның салдарынан қарызға батқан аза­мат­тар мен кедей адамдар көбейіп барады, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Экономист Мақсат Халық шетелге шы­ғарылған қаражаттың жартысы­ның өзі елді гүлдендіруге жеткілікті болар еді деген пікір айтады. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Ел экономикасының жаңа моделін қалыптастыруға жартысы да жеткілікті болар еді
– Оффшор дегеніміз шетелдік компа­ния­лар үшін бизнес жүргізуге арналған ерек­ше шарттар ұсынатын территория я бол­маса аймақ деп айтуға болады. Кор­пора­тивтік табыс салығы нөл пайыз, яғни салық бойынша жеңілдіктер қарастырылады. Біз­дің өзімізде оның мөлшері 20 пайыз, ал әлем­­де 30 пайыз, тіпті одан да жоғары са­лық салынады. Яғни оларды төлегеннен гөрі оффшорлық аймақтарда тіркеген тиім­дірек болады. Оған қоса компанияның қо­жайынын жасыруға мүмкіндік бар. Ал бізде оффшорлық аймақтарға көбінесе ірі ка­питалистер, олигархтар ақшаларын шы­ғарған, бұл процесс күні бүгінге дейін жү­зеге асырылып келген. 140-160 миллиард дол­лар деген елдің сыртқы қарызымен, ЖІӨ-мен пара-пар ақша. Біздің Ұлттық қор­дың өзінде 55 миллиард доллар бар, яғни сыртқа заңсыз кеткен ақша үш Ұлттық қор­ды біріктіре алатындай көлемдегі қара­жат. Егер бұл ақша ел экономикасының игі­лігіне жұмсалатын болса, онда одан келе­тін пайда орасан деп айтуға негіз бар. 50 пайызын қайтара алатын болсақ, ел эко­номикасының жаңа моделін қалып­тас­тыру­ға жеткілікті. Қазір айтып жатқан «Жасыл экономика» моделі, экономиканың шикі­зат­­тық секторынан кету мәселесі осы қара­жат­тың негізінде жүзеге асыруға болар еді. Қаражатты қайтаруға болады, бірақ ең алдымен Үкімет кеткен ақшаның заңсыз шығарылғанын ең алдымен дәлелдеуі керек. Одан кейін ғана шығарған азаматтардың кінә­сін анықтап, жазалау арқылы ғана қай­таруға мүмкіндік бар. Ал олар басқа елдің азаматтығын алған болса, оларды жазалау да екіталай болады. Және Швейцария банк­тері сияқты ірі банктерде кодталған шот деген ұғым бар. Ондай шоттардан қаражат шығару мүлде мүмкін емес. Егер коды жоғал­са, иесінің өзі де ақшаны шешіп ала ал­майды. Бір ғана мысал айтайын: 2012 жы­лы Швейцария банкі ресейлік мил­лиар­дер Морозов салған ақшаны өз еншімізге өткіземіз деп мәлімдеген болатын. Морозов 1912 жылы салған 1 миллиард доллар бір ғасыр өткеннен кейін банкке өтті. Менің ойымша бұл мәселенің төңіре­гінде біраз жұмыс істелуі керек. 2021 жылдың өзінде 1 триллион теңгедей қара­­жат сыртқа шығарылған, әлі де шы­ғары­лып жатыр. Сондықтан қазір қара­жат­ты сыртқа кетірмеудің амалын ойластыру керек. Шекара, кеден мәселесі, сыбайлас жем­қорлыққа байланысты мәліметтер ашық болмайынша, қатаң талап болмайын­ша бәрі осы күйінше қала беретін түрі бар.
«Қазына» аралдары Қазақстанда байлықтың 55 пайызы бар болғаны 162 адамға тиесілі деген ақпарат тек біздің елде ғана емес, әлем бойынша талқыға түсті. Ұлыбритания парламентінде Қазақстандағы жемқорлыққа арналған пікірталас та өтті. Ұлыбритания парламен­тіне 1994 жылдан бері мүше Маргарет Ходж санкция салынуы тиіс 28 адамның атын атады. Депутат біздің еліміздегі жемқор­лық­тың етек алуына Ұлыбританияның да үлесі бар екенін, заңсыз ақша осы елден де табы­латынын айтқан болатын. Tax Justice network халықаралық тәуел­сіз желісінің мәліметтерінде, әлемде оффшорлық аймақ мәртебесіне ие 80-ге жуық юрисдикция бар екені айтылады. Оффшордың негізгі аймақтарына Кариб теңізі (Виргин аралдары, Па­нама, Багам аралдары, Кайман аралдары, Бе­лиз, Барбадос, Антигуа, Бермуд) және Ба­тыс Еуропа (Кипр, Люксембург, Мальта, Ирландия, Гибралтар, Джерси және Гернси аралдары) саналады. Әлемде оффшорлар туралы мәлі­мет­тің ашық дереккөздерге шығып ке­туі­­н­е байланысты бірнеше үлкен жанжал­дар болған. Мысалы, 2016 жылғы «Пана­ма­гейт­ті» айтып өтуге болады. Зерттеуші жур­­налистердің халықаралық консорциу­мы (ICIJ) оффшорларда жалған фирмалар мен құрылымдар құрған панамалық Mossack Fonseca компаниясының қызметі тура­лы 11,5 миллион құжат жариялады. Құжат­тар­да саясаткерлер, бизнесмендер және атақ­ты адамдардың есімдері болған еді. Елімізден заңсыз шығарылған ақша­лар­дың бар екені, ол қаражаттың аз емес екені де бұрыннан белгілі. Олардың елге қайтадан қай­тарылуы мүмкін екеніне де сенетіндер аз сияқты. Ал сарапшылар бұған үлкен еңбек, мол қажыр-қайрат керек екенін айтады. Үкімет нендей ұсыныстар айтады, қандай бастама көтереді, оны уақыт көрсетеді.