Қаңтар оқиғасы: тергеу әлі жалғасып жатыр
Қаңтар оқиғасы: тергеу әлі жалғасып жатыр
7 қаңтар күні Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі «Қаңтар оқиғасы» және одан кейінгі ахуалға байланысты ОКҚ алаңындағы брифингте көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.
«Стоптерроризм»
сайтына 1 672 файл жүктелген
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров ведомствоаралық жедел-тергеу тобы терроризм актісі мен жаппай тәртіпсіздіктерді тергеуді жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Жұмыстар 8 өңірде: Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарында жүргізіліп жатыр.
– Себебі дәл осы аймақтарда адам өлімі болған, мемлекеттік және жеке нысандар қиратылып, өртелген. Бір айдың ішінде ауқымды көлемде тергеу әрекеттері атқарылды. Жауаптар алынып жатыр, бейнематериалдар зерделеніп, сараптамалар тағайындалып жатыр, эксгумациялар, мәйіттерді идентификациялау жүргізілуде және олардың қайтыс болу себептерін анықтап жатырмыз, – деді Ризабек Ожаров.
Ризабек Ожаров азаматтардың дәлел жинауға белсенді түрде көмектесіп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше «Стоптерроризм» сайтына 1 672 файл жүктелген.
467 адам қамауға алынды
Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен оған қатысу және терроризм актісін жасауға қатысты 467 адам қамауға алынды. Ризабек Ожаровтың айтуынша, олардың жеке басы, отбасылық жағдайы, жасы, денсаулық жағдайы, қатысу дәрежесі, өз істеріне деген көзқарасы және басқа да сипаттайтын деректер мұқият зерттеліп жатыр. Сонымен қатар орган өкілі тергеу изоляторында кездейсоқ адам жоқ екенін айтты.
– Осы факторларды ескере отырып, арнайы прокурорлар 76 күдіктіні тергеу изоляторларынан босатты. Қамауға алу ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, үйқамаққа және жеке кепілдікке ауыстырылды. Олардың арасында 2 әйел және 9 кәмелетке толмаған жасөспірім болған. Тергеу изоляторларында кездейсоқ қамалған адамдар жоқ екенін жауапкершілікпен мәлімдейміз. Қамауға тек ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны туралы нақты айғақтар бар адамдар ғана алынды.
Біз келтіріп отырған сан мәліметтер тек арнайы прокурорлардың тергеуіндегі істер бойынша екенін атап өткім келеді, – деді ол.
Ал Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов жаппай тәртіпсіздікте ұсталған және қамауға алынған қатысушылардың кінәсі алып қойылған заттай дәлелдемелермен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен, куәлардың айғақтарымен дәлелденетінін мәлімдеді. Қазір ішкі істер органдары тергеушілерінің қарауында 2 548 қылмыстық іс бар көрінеді. Ресми өкілдің мәліметінше, қылмыс істеді деген күдік бойынша уақытша ұстау абақтысындағы 887 адамның 789-ы қамауға алынған. Олардың 205-і бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 8-і іздеуде жүрген адамдар.
– Олардың кінәсі алынған заттай дәлелдемелермен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен, куәлардың айғақтарымен және басқалармен дәлелденуде. Мысалы, Семей қаласында әкімшілікті және әскерилерге тиесілі «ТИГР» арнайы көлік құралын басып алуға қатысушылардың бірі ұсталды. Күдіктінің кінәсі оның ұялы телефонынан табылған бейнежазбамен дәлелденеді. Ол уақытша ұстау абақтысына жабылып, сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу органдары ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған адамдарды ғана ұстайтынын тағы да атап өтемін. Ауырлығы аз қылмыстар бойынша қамауға алумен байланысты емес бұлтартпау шаралары қолданылады, – деп атап өтті полковник.
200-ден астам тергеуші жұмыс
істеп жатыр
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде қылмыскерлер мен жасыру орындарынан 828 дана қару, 18 мыңнан астам оқ-дәрі және 286 арнайы құрал тәркіленген. Сонымен қатар 65 дана қару ерікті түрде тапсырылыпты.
– Ішкі істер органдарының тергеушілері арнайы прокурорлармен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, «Қаңтар оқиғаларының» себептерін анықтау, қылмыс іздерін алу және бекіту, сондай-ақ қажетті дәлелдемелер базасын жинау бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Бұл жұмысқа барлығы 200-ден астам тергеуші тартылған. Бұрын хабарланғандай, қазір зақымданған нысандарды тексеру аяқталды. Олардың саны 1,5 мыңнан астам және 760-тан астам автокөлік. 1,7 мыңнан астам сот сараптамасы тағайындалды. Куәлар мен жәбірленушілер ретінде 10,5 мың адамнан жауап алынды, – деп қорытындылады спикер.
«Гибридті шабуылға»
қарулы деструктивті және қылмыстық топтар жұмылдырылған
«Осының барлығының артында кім тұр?», «Ұйымдастырушылар кім?» деген сияқты маңызды сұрақтарға міндетті түрде жауап беретінін айтқан Ризабек Ожаров ұйымдастырушылар өз жоспарларына деструктивті және қылмыстық топтарды тартып, оларға қару беріп, іс-әрекеттерін үйлестіріп отырғанын мәлімдеді.
– Қазір біз бейбіт митингілерді әртүрлі күштер пайдаланғанын білеміз. Әрекеттердің үйлестірілгені анық. Негізінде, біздің ел «гибридті» шабуылға да тап болды. Ұйымдастырушылар өз жоспарларына деструктивті және қылмыстық топтарды тартты, оларға қару беріп, іс-әрекеттерін үйлестіріп отырған. Бүгінде ҰҚТ-ның 18 мүшесі ұсталды, адам өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағаны үшін бұрын сотты болған 21 тұлға ұсталды. Олардың арасында лақап аты «жабайы Арман» атанған Жұмагелдиев және оның топ мүшелері бар. Бұл тұлға туралы жеке тоқталып өтейін. Оның қаруланған адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Оларды бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соққан, нәтижесінде бір адам қаза тапқан. Бұдан басқа, қарақшылар №12 қалалық ауруханада полиция қызметкерін қатты соққыға жығып, қызметтік қаруын тартып алған. Осы фактілер бойынша біз қылмыстық істерді тергеудеміз. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Жұмагелдиев босатылды немесе оны белгісіз бағытта алып кетті деген түрлі болжамдар мен жалған ақпараттар таратылуда. Егер басында бұл азаматты полиция атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін ұстаса, қазір оған қатысты жаппай тәртіпсіздіктер бойынша іс тергеліп жатқанын ресми түрде хабарлаймын. Қазір арнайы прокурорлар екі қылмыстық істі біріктіріп, өз тергеуіне алды. Ал Жұмагелдиев ҰҚК тергеу изоляторына ауыстырылды. Осыдан бөлек, «Қаңтар оқиғасы» кезінде басқа да топтар белсенділік танытқан. Жақында ғана Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында ҰҚК қызметкерлері «Казахстанский» ҰҚТ жетекшілерін ұстады, олардан оқ-дәрімен бірге 15 атыс қаруы тәркіленді. Қазір олардың басқа да ашылмаған қылмыстарға қатысы тексерілуде, – деді спикер.
Cаяси экстремизмнің
айқын белгілері анықталды
Сонымен қатар ведомство өкілі «Қаңтар трагедиясында» саяси экстремизмнің айқын белгілері анықталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір «қоғам» және «азаматтық белсенділер» деп саналатындар да наразылықтардың бастапқы кезеңін пайдаланып, тізгінді өздері алуға тырысқан.
– Тыйым салынған «ҚДТ/Көше» атты экстремистік ұйымының мүшелері жаппай тәртіпсіздіктерге белсене итермелеген. Жалпы, ұсталғандар арасында 35 тыйым салынған экстремистік ағымдардың мүшелері анықталды. Мысалы, Алматыда қылмыстық бағыттағы деструктивті діни ағымның бір топ мүшесі ұсталды. Оларды ұстау кезінде қолдануға дайын болған қару-жарақ тәркіленді. Олар өз тобының әрекеттерін үйлестіріп отырған. Бұл ретте олардың бір бөлігі алаңда жүрсе, екіншісі қаланың төменгі жағында баррикадаларда болған, – деді ол.
Сонымен қатар тергеу кезінде WhatsApp және Telegram арқылы тәртіпсіздіктерге қатысушылардың жиналу орындарын, қозғалу бағыттарын үйлестірген қазақстандық чаттар анықталыпты.
– Бастапқы кезеңде наразылық білдірушілер өздерін бейбіт ұстады. Ол жерлерде қарапайым қызығушылық танытқандар, өтіп бара жатып көре салғандар көп болған. Аяғы тәртіпсіздікке айналады деп ешкім ойламаған. Алайда кейіннен олардың арасында қылмыстық элементтер мен бұзақылар қосылды, – деді Ризабек Ожаров.
Қарулы бүлікшілердің мақсаты – халық арасында үрей мен қорқыныш тудыру, елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыру болғанын айтқан ол бүлікшілердің бейбіт тұрғындар мен өтіп бара жатқан адамдарды оларға қосылуға мәжбүрлегенін де айтты.
Мысалы, 5 қаңтарда Алматыда қарақшылар көлігін бермей қойғаны үшін белгілі музыкант, продюсерді атып тастаған. Такси, ауыр көліктер мен автобус жүргізушілерін де көшелерде тосқауыл қою арқылы жабуға мәжбүрлеген.
Сонымен қатар Бас прокуратура тәртіпсіздіктердің ең қызу кезеңінде де тәртіп сақшылары өлімге әкелетін қаруды қолданбаған, тек шабуылдаушылармен күрескенін мәлімдеді.
– Кейбір саналы азаматтар тұтқынға түскен және жараланған қызметкерлер мен әскерилерге көмек көрсетіп, оларға тобырлардың тиісуіне жол бермеді. Тәртіпсіздіктердің ең қызу кезеңінде де тәртіп сақшылары өлімге әкелетін қаруды қолданбаған, тек шабуылдаушылармен күрескен. Жараланғандардың басым көпшілігі қауіпсіздік күштері арасында болуы да осыдан. Ауруханаға түрлі жарақаттармен 3 393 қызметкер жеткізілген. Олар болса, біреудің әкесі, күйеуі, ағасы немесе баласы. Олар жай ғана өздерінің қызметтік және әскери міндеттерін атқарып, құқықтық тәртіп пен тыныштығын қамтамасыз етті – деді қадағалаушы орган өкілі.
Ұрланған қару мен оқ-дәрілер
әлі де іздестіріліп жатыр
1,5 мыңнан астам қару «Қайғылы қаңтардағы» тәртіпсіздік кезінде бүлікшілер қолына түскен.
– Қызметкерлер ешқандай қарсылық көрсетпестен Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттерінің ғимараттарын қару-жарақ, оқ-дәрімен бірге тастап кеткен. Нәтижесінде бүлікшілер 1,5 мыңнан астам үлкен арсеналға ие болған. Олардың ішінде гранатомет, пулемет, автомат, тапаншалар мен гранаталар бар. Мұның барлығы аңшылық дүкендерден ұрланған қаруларды есептемегенде. Әзірге 967 дана қару табылды, қалғандарының қайда екені әлі де белгісіз, – деп атап өтті спикер.
ҰҚК департаменттерінің лауазымды тұлғалары әрекетсіздік танытқан
Ризабек Ожаров Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алу әрекеті туралы қылмыстық істерді тергеп жатқанын, ұлттық қауіпсіздік мүддесінде қылмыстық істерді тергеудің егжей-тегжейлері ашылмайтынын мәлімдеді.
– Алматы қаласының, Алматы және Қызылорда облыстарының ҰҚК департаменттерінің лауазымды тұлғалары да әрекетсіздік танытқан. Күштік құрылымдардың бірқатар басшылары құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге тиіс арнайы бөлімшелерінің іс-әрекеттеріне әдейі тосқауыл қоюы мүмкін екені жоққа шығарылмайды. Аталған фактілер бойынша арнайы прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға әрекет жасау бойынша қылмыстық істер тергелуде. Бүгінде ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы мен оның екі орынбасары қамауға алынды. Қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен ҰҚК «А» арнайы мақсаттағы қызметі директорының бірінші орынбасары және осы қызметтің орталық басшысы ұсталды. Қылмыстық іс «аса құпия» санатына жатқызылған, сондықтан ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін тергеу деректері жария етуге болмайды, – деп спикер атап өтті.
Брифинг аяғында жауапты ведомство өкілдері қазақстандықтарды жалған ақпарат пен негізсіз мәліметтерге сенбеуге шақырды.