Әдебиет алыбымен қоштасу

Әдебиет алыбымен қоштасу

Әдебиет алыбымен қоштасу
ашық дереккөзі
Осы жылдың бесінші ақпанында Алма­ты қаласында қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі ‒ Қазақстанның Халық жазу­шысы, Қазақстанның Еңбек ері Әбді­жә­міл Нұрпейісов 98 жасқа қараған шағында дүние салды. Ол ХХ ғасырдың екінші жартысында әдебиет­ке келіп, өзінің болмысы бөлек дара туындылары­мен қазақ көркемсөзінің деңгейін көтеріп, әлемге танытқан жазушы еді. Ақпанның 8-і күні Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет теат­рында өткен Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжә­міл Нұрпейісовпен қоштасу рәсіміне қаты­сып, оны ақтық сапарға шығарып салуға шаһар тұрғындары, жақындары мен ақын-жазушылар, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қызылорда облы­сы­ның әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы әкімі Ерболат Досаев және Бақытжан Сағынтаев, Қырым­бек Көшербаев, Иманғали Тасмағамбетов секіл­ді мемлекет қайраткерлері келді. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Қа­зақ­стан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту же­дел­хатын оқып, марқұмның туыстарына табыс­тады. «Аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның Ең­бек Ері, Халық жазушысы, Ұлы Отан со­ғы­сының арда­гері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұр­пейі­совтің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Әбдіжәміл Кәрім­ұлы сұра­пыл соғысты бастан кешіп, елге орал­ған соң, қа­зақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қос­ты. Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі же­місті болды. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соң­­ғы парыз» дилогиясы сияқты туын­ды­ла­ры сыншылар мен оқырмандар тарапынан жо­­ғары баға алды. Замана жүгін көтерген ро­­ман­дары әлемнің көптеген тіліне ау­дарыл­ды. Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті ба­ғындырған қазақ әдебиетін шетелге та­нытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт ру­ха­ниятының көшбасшысы болды. Әбдіжәміл Нұрпейісов адам жанын терең тү­сінетін, түрлі тағдырдың бейнесін көркем сурет­тей отырып оқырманға жеткізген ойлы, кең тынысты жазушы болатын. Өмір бойы қо­лынан қаламы түскен жоқ. Қазақ елінің ру­хани-мәдени саласын дамыту жолында өл­шеусіз қызмет атқарды. Ол – ұлт классиктерінің жолын лайықты жал­ғастырған қуатты қаламгер. Солайша, өзі де қазақ әдебиетінің патриархына айналды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңында ұрпақ­қа үлгі, ұлысқа игілік болатын шығар­ма­лары қал­ды. Елге ес, сыртқа сес болған жазушының енді екінші өмірі басталды. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қал­дырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатында. Иманғали Тасмағамбетов жүргізген қара­лы жиында жазушының қаламдас-әріптестері Қа­зақстан Жазушылар одағының басқарма төра­ғасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, жазушы Дулат Исабеков, жазу­шы Мереке Құлкенов, Смағұл Елубай, Мем­лекет қайраткері Қырымбек Көшербев, Мә­дениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қы­зылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқа­лықова сөз сөйледі. Әбдіжәміл Нұрпейісов Алматыдағы «Кеңсай – 2» зиратына жерленді. ӘБДІЖӘМІЛ КӘРІМҰЛЫ НҰРПЕЙІСОВ 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облы­сы Арал ауданы Құланды кенті Үшкөң ауы­­лында дүниеге келді. Жазушы, аудармашы. ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Қазақстан Республикасының Еңбек Ері (2019). Қазақ­стан­ның Халық жазушысы (1985), Жамбыл атын­дағы сыйлықтың (1958), КСРО Мем­ле­кет­тік сыйлығының (1985), М.Шолохов атын­дағы Халықаралық сыйлықтың (2003), «Қа­зақстан меценаттары клубының» тәуелсіз жал­пыұлттық «Тарлан» сыйлығының (2004) лауреаты. Қызылорда облысының Құрметті азаматы (2007), Алматы қаласының Құрметті азаматы (2019). 1956 жылы Мәскеудегі М.Горький атын­дағы әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жыл­дарда «Жұлдыз» журналының бас ре­дак­торы, 1992-2013 жылдар аралығында Қазақ ПЕН клубының президенті, «Таң-Шолпан» жур­налының редакторлар кеңесінің төра­ғасы болды. 1950 жылы ІІ Дүниежүзілік соғыс кезін­де­гі жағдай туралы «Курляндия» (кейін 1958 жы­лы «Күткен күн» деген атпен қайта басы­лып шықты) атты алғашқы романы жарық көрсе, 1961-1970 жылдар аралығында Азамат со­ғысы кезіндегі қазақ елінің Арал айма­ғын­да болған оқиғаларды суреттейтін әйгілі «Қан мен тер» трилогиясы басылып шықты. Кейін бұл роман қазақ-орыс тілдерінде қайта басы­лым көріп, әлемнің көптеген тіліне ау­дары­лып жарияланды. Жазушының 2000 жылы жарық көрген «Соң­ғы парыз» роман-дилогиясы да тәуелсіз Қа­зақстан тарихындағы жарқын құбылысқа ай­налып, қазақ әдебиетінің әлемге та­нылуы­на зор ықпал етті. Бұдан басқа әдеби мақа­лалары бірнеше рет кітап болып шықты. Жазушының шығармалары орыс, фран­цуз, неміс, испан, ағылшын, қытай, араб т.б. көптеген тілге аударылды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» ро­маны кейіпкерлеріне арнап Ақтөбе қала­сына, «Соңғы парыз» романы кейіпкерлеріне арнап Арал қаласына ескерткіш қойылған. Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығы жайында * * * «Әрі терең, әрі шөлдегі бір ащы сулы шыңыраудай осынау роман («Қан мен тер») қа­зіргі таңдағы әлемнің ірі туындыларымен иық тірестіре алады; мейлі ол америкалық, мейлі ол француздық болсын...» Луи АРАГОН (Франция) * * * «Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қарсылық білдірген қаламгер қарапайым тілмен үлкен шындықты айта білген. Осынау сөз саптау­дағы қатал кірпияздығының арқасында Нұр­пейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қол­таңбасы бар, заманымыздың ең терең жазу­шы­ларының бірі дәрежесіне көтерілген». Жан МОНТАЛЬБЕТТИ (Франция) * * * «Трилогия классикалық орыс прозасының дәстүрінде жазылған. Эпикалық құлаш, терең суреткерлік, қилы кейіпкерлер галереясы, көркемдік шеберлік еріксіз «Тынық Донды» еске түсіреді. Осы ретте Нұрпейісовті қазақ әдебиетінің Шолоховы деуге болады». Аугуст ВИДАЛ (Испания) * * * «Қан мен тер» туралы. «Ұлы жазушы Мұх­тар Әуезовтің «Абайынан» кейін тарихи ро­­манға құлаш сермеу – тек жүрек жұтқан­дар­дың ғана қолынан келетін тірлік. «Абай» қазақ әдебиетіндегі эталон-роман. Оқырман кез келген жаңа романды сонымен салыс­тырады». Юрий КАЗАКОВ (Ресей) * * * «Терең мұңды дүние екен, «Соңғы парыз». Оқығаныма әлденеше күн өтсе де өн бойым­ды баурап алған сенің сол ұлы мұңыңның әсеріндемін». Мұстай КӘРІМ (Башқұртстан) * * * «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты осы­нау үш кітапта алып әлем бейнесі сомдалған. Бір нәрсе анық; қазақ әдебиетіне көркемдік қуа­ты зор ұлттық эпопея келіп қосылғаны анық. Нұрпейісов романы – дала психо­ло­гия­сының энциклопедиясы. «Қан мен тер» – ұлт­тық ғарышқа тән мінездер галереясы. Лев АННИНСКИЙ (Ресей) * * * Мен Нұрпейісовтің кітаптарын бағзыдан бері оқып келемін, оның талантты да татым­ды прозасына баяғыдан бері ғашықпын. Одан көп нәрсе үйрендім, онымен сан рет сыр­лас­тым да, бірақ онымен әр кездескен сайын оны жаңа білгендей боламын да тұрамын. Шыңғыс Айтматов (Қырғыз Республикасы) * * * «Сенің романыңа арқау болған («Соңғы парыз») проблемалар – әлемдік маңызы бар проб­лемалар». Леонгард КОШУТ (Германия) «Біз, мына батыс оқырмандары, француз тіліне аударылған нағыз қазақ қаламгерлері Мұх­тар Әуезов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовті мы­салға келтіре аламыз. Әуезов жайлы айт­қан­быз, енді Нұрпейісовті атап өткім келеді. Иә, Қазақстан азаттық пен әділеттік жолында өз халқының қасіреті мен ұлылығын паш ет­кен нағыз жауһар – шедеврлер бере білген жазу­шыларымен мақтана беруіне болады. Жорж БУЙОН (Бельгия) * * * «Соңғы парыз» – сөзсіз қазақ прозасының ең елеулі табысы. Осы бір жазушы бойына біткен табиғи талант тұтастығына таңғала­мын. Егер де «Қан мен тер» қазақ тағдыры мен тұрмысындағы Қазан төңкерісіне дейінгі ке­зеңді қамтыса, «Соңғы парыз» сол ха­лық­тың кеңестік дәуірдегі тағдыр-талайын қам­тыған. Дей келгенде, Нұрпейісов трилогиясы мен дилогиясы – Отанымыздың ғасырлық тарихының айнасы». Зейнолла ҚАБДОЛОВ * * * «Сондай бір күн болған», «Сондай бір түн бол­ған» дейтін екі кітаптан тұратын дилогия – жанрлық-стильдік бітімі жағынан да, кон­цеп­циялық өзекті ойы жағынан да ұлттық про­замыздағы бүгінгі таңдағы оқшау құбы­лыс. Ол – біздің жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғыш­тай». Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ * * * «Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжә­міл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогия­сы­ның авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әде­бие­тін­дегі елеулі құбылыс дегенге саяды». Герольд БЕЛЬГЕР * * * ХХ ғасыр аяғында жазылған «Соңғы па­рыз» – айдай әлем алдында «мен», «мен» деп кө­кі­рек соққан Кеңес Одағы құрған қоғам­ның жалған бетпердесін жыртқан роман. Коммунистер орнатқан құдайсыз қоғам Құдай қаһарына ұшырап тынды. Көп ұзамай шаңы­рағы шатырлап ортасына түсті. Басқа­ша болуы мүмкін емес-ті. Сонымен «Соңғы парыз» – советтік режимге айтылған қап-қара қарғыс, оппозициялық роман дер едік. Смағұл ЕЛУБАЙ * * * «Соңғы парыз» – дәстүрлі эпикалық әң­гімелеу құрсауына сыймай орда бұзған шы­ғарма. Қаламгер көтерген проблема жалғыз ғана ұлттық емес, жалпы адамзаттық маңыз­ға ие болған. Бір нәрсе анық: қазақ жазушы­сы­ның жаңа шығармасы жалпы ғаламшарды ме­кен еткен жұмыр бастылардың жанын ті­тіркендіретін шығарма екені анық. Шерияздан ЕЛЕУКЕНОВ Әбдіжәміл Нұрпейісов ойларынан * * * Мен – ең әуелі қазақпын. Менің осынау бүт­кіл жаратылысқа, бүткіл тіршілікке деген көз­қарасым мына жарық дүниеге келген сәт­тен, былайша айтқанда, жөргегімнен ана тілім­нің әсем әуезі, боз далада бозала таңнан шы­рылдап, шырқырап ән салатын бозторғай­дың үні, садағаң кетейін қазақ даласының боз жусанының ащы иісі мен ән-күйі арқылы ғана қалыптасқан. * * * ...Сіз бен біздің бойымызда сіркедей жақ­сылық болса, соның бәрі бар-ау... өзіміздің осы­­нау кең даламызда елеусіз өмір сүріп жат­­қан қарт әкеміздің құдіреті. Ал, жаман бол­­сақ ол өзіңнен... сенің өзіңнен... өзіңнің жа­мандығың. Өйткені ата-ана қандай жаман болғанмен іштен шыққан баласын жаман­дық­қа тәрбиелемеген. Осы күні сіз бен біз өрісімізді оздырып, астанада тұрып жатсақ та, туған жерден тамырыңды біржолата үзіп кете алмай, кіндігіңнен байланғандай боп жүретініміз, міне, осылардан болар! Бір түйір ұрықтың алғаш рет тамыр жайып көктеген жері ғой, ол! * * * ...Қазіргі тірліктің қадірін білу, бағалау үшін, ара-тұра тәубеге келіп қою үшін кісі кей­де кейінгі жағына бұрылып, артта жатқан ата-баба соқпағына да көз салып қою керек. * * * Бір-бірімізді түсінуге, салиқалы ақыл-ой­мен және ең бір мейірбанды жүректен түсіну­ге тырысу қазіргі замандағы ең үлкен даныш­пандықтың өзі болар еді. * * * Мал баққан қазақ осы бидайдың әр түйі­рін қара жерге қолдан егіп шығарып жатқан ди­қандардан кем бағаламаған. Біздің ата-ба­баларымыз сүйген қызына арнаған ең бір жү­рек түбіндегі асыл теңеулерін іздегенде де осы бидай бойынан тауыпты. Хас сұлуды қа­­зақ «бидай өңді» деп немесе «ажары ақ би­дай­дай» деп ертедегі ауыз әдебиетінен бастап, ке­шегі Абай мен бүгінгі ақын-жазушылардың бар­шасының аузымен айтқызып келеді. Ха­лық­қа бауыр басып кеткен осы бір ыстық се­зімді суытып алмау керек. Астыққа, алтын дән­ге деген ағыл-тегіл ықыластың түп-та­мы­ры туған жерде лүп-лүп соғып жатыр. Ол – біз­дің атамекеніміз. Ол нелер ықылым заман­нан бері ай мен күн сәулесі астында адам ба­ла­сы мекен етіп, өсіп-өніп келе жатқан ыс­тық ұя ғана емес. Ойлап қарар болсаң, ұшан-теңіз байлықтың, бар-бар рахатпен ырзық-несібенің қайнар көзі өзіміз күнбе-күн қарыштап басып жүрген осы ‒ мына қара жердің бойында жатыр. * * * ...Жер адам баласының бүгіні ғана емес, ойлап қарар болсақ, өзіңнен кейінгі жас ұрпақ­тың да жарқын келешегі соңыра осы жер бетінде гүлдемекші. Біз бүгін астық, нан өндірген жерге ертеңгі ұрпақ егін өсіреді. Тіпті, сіз бен біздің соңырағы күні тірлік жо­лы­мызды тауысып, қоштасып кетіп бара жа­тып, артымызда ізімізді басып келе жатқан балаларымыз ‒ осы дүниенің ендігі иесіне жи­ған-терген байлығымызбен бірге мирас қып қалдыратын ең қасиетті, киелі жиһа­зымыз осы, мына қара жер.

Дайындаған Ахмет ӨМІРЗАҚ