«Балаларыңды тірідей көрмейсің»: өзбекстандық әйел Алматыда құлдықта болған (ВИДЕО)

«Балаларыңды тірідей көрмейсің»: өзбекстандық әйел Алматыда құлдықта болған (ВИДЕО)

«Балаларыңды тірідей көрмейсің»: өзбекстандық әйел Алматыда құлдықта болған (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Алматыдағы оңалту орталығының көмегіне жүгінген әйелдің тағдыры қылмыстық істің қозғалуына себеп болды. Бұл туралы орталықтың директоры айтты деп хабарлады turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап. Құлдыққа түскен Өзбекстан азаматы Алматыға жұмыс іздеп келген. Таныс арқылы жұмысқа орналасқан. Ол жерде аса ірі көлемде ақша ұрлады деген айып тағылып, қара жұмысқа жегілген.
«Алматы қаласына таныс арқылы келдім. Сол жақтағы бір кафеде еден жуушы болып істедім. Басында бәрі жақсы болған, бірақ уақыт өте келе қоқан-лоққы көрсете бастады. 2 балаңды тірідей көрмейсің деді. Телефонымды тартып алды, оған қоса құжаттарымның бәрін алып қойды. Ешкімге хабарласа да алмадым. Ірі көлемді ақша ұрладың деп айыптап, жұмыс істеуге мәжбүрледі», - дейді жәбірленуші.
Орталық директорының айтуынша, ел аумағында өзгелерге қарағанда Өзбекстан тұрғындары құлдыққа көбірек түседі екен. Олардың көпшілігі ер адамдар көрінеді.
«2020 жылы 35 адамға көмек көрсеттік. Оның 30-ы - ер адам, 5-еуі - әйел. Өзбекстан - бірінші орында, Польша, Ресей, Қырғызстан азаматтары да бар. 2021 жылы 60 адам келді, 51-і – ер, 9-ы – әйел. Өзбекстан азаматтары – 56 адам», - дейді «Родник» әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы» ҚҚ директоры Нина Балабаева.
Адам сату бойынша әлем елдерінің арасында Қазақстан 83-орында тұр. Арнайы орталық мамандары осыны айтып дабыл қақты. 2020 жылдың көрсеткіші бойынша 1891 адам осы сауданың құрбаны болған. Оның 744-і - Қазақстан азаматы. Зардап шеккендердің көпшілігі қара жұмысқа салынған. Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары жыныстық құлдықтан гөрі еңбек құлдығы басым.