Синоптиктердің болжауынша, алдағы көктем жылы болады

Синоптиктердің болжауынша, алдағы көктем жылы болады

Синоптиктердің болжауынша, алдағы көктем жылы болады
ашық дереккөзі
«Қазгидромет» РМК мамандарының болжауынша, көктемде ауа температурасының оң аномалиясы бар күндер көбірек болады деп жазды turkystan.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап. Атап айтқанда, наурызда ауаның орташа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2°С жоғары, Батыс Қазақстан облысында, Атырау облысының солтүстік-батысында нормаға жуық болады деп болжанды. Ал сәуір айында еліміздің барлық аумағында ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болмақ. Батыс Қазақстан облысында, Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығысында болса, норма шамасында. Алайда, көктемгі ауа райының тосынсыйы да болуы мүмкін. Себебі өтпелі маусымда синоптикалық процестер өте тұрақсыз келеді. Осылайша, суық ауа массасының ағыны қарлы боран тудырып, солтүстік аймақтарға әсер етуі мүмкін. Арктикалық антициклондардың кіруімен оңтүстік аймақтарда да аяз болуы ғажап емес. Мамырда еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы көпжылдық нормаға жуық болады. Дегенмен бірқатар облыстарда, әсіресе, елдің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде мамыр күндері ауа температурасы климат нормасынан 1°С төмен болады. Бұған Сібір аудандарынан келетін суық ауа әсер етпек. Синоптиктер наурызда Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынның мөлшері нормаға жуық, ал елдің солтүстік-батыс бөлігінде нормадан артық болады деп болжайды. Сәуірде жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде, еліміздің батысында, қиыр солтүстігінде, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы, тау бөктерлі аудандарында нормадан аз болады. Мамырда Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық болады. Ал Қызылорда, Түркістан, Қостанай облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды облысының батыс жартысында, Жамбыл облысының солтүстік-батыс жартысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында нормадан аз болады.