«Қазақстанға спорт саласы бойынша ғылыми-зерттеу институты керек» – Е.Қанағатов

«Қазақстанға спорт саласы бойынша ғылыми-зерттеу институты керек» – Е.Қанағатов

«Қазақстанға спорт саласы бойынша ғылыми-зерттеу институты керек» – Е.Қанағатов
ашық дереккөзі
Алдағы уақытта елімізде спорт және спорттық жетістіктер бойынша ғылыми-зерттеу институты құрылуы мүмкін. Бұл туралы Бейжіңнен тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов айтты деп жазды turkystan.kz. Елсияр Қанағатовтың айтуынша, болашақ ғылыми-зерттеу институты отандық спортқа серпін беріп, спортшылардың жетістіктерін еселей түсуге көмектеседі.
«Ұлттық Олимпиада комитеті елімізде спорттық медицинаны дамыту мәселесіне барынша көңіл бөлуде. Жер-жерде медициналық орталықтар құрылып, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Жан-жақты ғылыми топ мамандарын оқытуға тырысып жатырмыз. Бірақ бұның барлығы да жеткіліксіз. Өкінішке қарай, елімізде ғылыми-зерттеу институты жоқ. Әрине, спортта ғылымның да өз орны бар. Мен аталған мәселені бұған дейін де көтеріп келемін. Ғылыми тұрғыдан зерттеу ол кәсіби және бұқаралық спорт үшін де керек. Бүгінде аталмыш институтты құру мәселесі күн тәртібінде тұр. Институт құрылып, қысқы спорт түрі одан әрі дами түседі деген үміттемін», - деді ол.
Маманның айтуынша, спорт ғылымының дамуы отандық жаттықтырушыларға көмектесіп, спортшыларға серпін бермек. Сөйтіп, жаттықтырушылар жұмысын тиімді әрі жүйелі жүргізетін болады.
«Мәдениет және спорт министрлігінің спорт ғылыми-зерттеу институтын құру бағытындағы жұмыстарды жүргізіп жатқанын білемін. Бұл туралы Үкімет деңгейінде шешім шығарылды. Институттың құрылуына аз ғана уақыт қажет», - деді Елсияр Қанағатов.