Энергетика министрлігі заң жобасын таныстырды

ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев өз баяндамасында атап өткендей, заң жобасы Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының» 51-қадамында айқындалған міндеттерді іске асыру мақсатында әзірленген.

— Осы Заң жобасын әзірлеудегі негізгі мақсат – энергия беруші ұйымдардың санын қысқарту. Ағымдағы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, олардың саны жүз алпысты құрайды. Соның ішінде жүйелік оператор — «KEGOC» акционерлік қоғамын, 19 Өңірлік Электр желілік компанияны, 27 мемлекеттік кәсіпорынды және 113 шағын және орта энергия беруші ұйымды атап өтуге болады,- деді министр.

Қ.Бозымбаев өз баяндамасында бұл құжаттың бірқатар ерекшелігін атап өтті.

— Заң жобасында көрсетілген механизмдерді іске асыру энергия беруші ұйымдарды ірілендіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде энергия беруші ұйымдар санының азаюына, энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға, электр энергиясын беру қызметі үшін төлем енгізу бойынша тұтынушылар шығындарының азаюына, иесіз электр желілерін энергия берші ұйымдардың балансына беруге әкеледі,- деді Энергетика министрі.

Ағымдағы жылғы қазан айында Үкімет жанындағы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Заң жобасының жаңартылған Тұжырымдамасы мақұлданған болатын.

Back to top button