Алматыны қардан тазалауға қосымша 400 млн бөлінбек

Алматыны қардан тазалауға қосымша 400 млн бөлінбек

Алматыны қардан тазалауға қосымша 400 млн бөлінбек
ашық дереккөзі
Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек шаһарды қардан тазартуға жергілікті бюджеттен қосымша 400 млн теңге бөлінетінін жеткізді. Үкімет отырысында сөз алған Бауыржан Байбек: «Қарашаның 16-20-сы аралығында қалаға жауған қардың қалыңдығы 60-тан 80 сантиметрге дейін жетті. Бұл орташа айлық нормадан үш есеге артық. Осыны ескере отырып, қала көшелерін қардан тазалау жұмыстары күшейтілген режімде жүргізілуде. Толықтай алғанда, қар тазалау жұмыстарына қаланың барлық коммуналдық шаруашылықтары, Төтенше жағдайлар департаменті, Энергетика басқармасы, аудан әкімдіктері күні-түні жұмылдырылды», – деді. Оның айтуынша, күн сайын қар тазалау жұмыстарына 760-тан астам  техника мен 1600-ден астам жұмысшы жұмылдырылуда. «Бұған қоса, қосымша қала кәсіпорындарының 128 техникасы мен 5 мыңға дейін адам тартылды. Ең біріншіден, жолдарды, әлеуметтік-әкімшілік нысандарды, адамдар көп жиналатын әуежай, вокзал, сауда орталықтары, базарлар маңын қардан тазарту шаралары қолға алынуда», – деді қала әкімі. Сонымен қатар, ол қала көлемінің үлкендігіне және ірлегес жақтан елді мекендердің көптігіне байланысты қарды далаға шығару барысында қиындықтар туындап отырғандығын да атап өтті. Әкімнің сөзіне сүйенсек, Алматыға соңғы 4 тәулікте 95 мың текше метр болатын қар жауған. Бұл өткен қыста түскен қардан әлдеқайда көп.