Екібастұзда 4 бала 3 күн бойы аш-жалаңаш отырған (ВИДЕО)

Екібастұзда 4 бала 3 күн бойы аш-жалаңаш отырған (ВИДЕО)

Екібастұзда 4 бала 3 күн бойы аш-жалаңаш отырған (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Екібастұзда жалдамалы пәтерлердің бірінен 4 науқас, аш бала табылды. Олар ата-аналарымен бірге антисанитариялық жағдайда өмір сүріп келген, соңғы 3 күн нәр татпаған. Үйдегі үлкен бала 7 жаста, қалғандары – 3, 4, 5 жаста. Олар жүре алмайды, адамдардан қорқады деп хабарлады turkystan.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. Еріктілердің айтуынша, отбасының жағдайы туралы Екібастұз қаласы әкімдігінің қызметкерлері хабарлап, қоғамнан көмек сұраған.
«Бұған дейін көршілері полицияға пәтерде жанжал, шу болып жатыр деп хабарлаған. Құқық қорғаушылар пәтерге келгенде бәрі тыныш болды, бірақ ата-анасымен бірге аш, жалаңаш балалар отырған. Біздің топқа көмек туралы хабар келгенде тез арада азық-түлік, жөргек, сабын, тазартқыш құралдарына ақша жинап, қолда бар заттарды жинап, демеуші берген нәрсені отбасыға апардық», - деді жергілікті еріктілер Instagram-да.
Көпбалалы отбасының жағдайы еріктілердің зәресін ұшырды.
«Балалар лас пәтерде тұрған, барлық жерде нәжіс, зәрдің иісі, шыбын. Балалар жалаңаш, кір-қожалақ. Ешқайсысы жүре алмайды. Қыздың іші үлкейіп кеткен, ұлдардың бірі 2 күннен аса құсып жүр, 2 үлкен баланың аяғы қойырылып қалған. Олардың 3 күн нәр татпағаны белгілі болды, үйде тамақ жоқ», - дейді ерікті Людмила Былинина.
Еріктілер полицейлермен бірге жедел жәрдем шақырып, балаларды анасымен бірге шұғыл түрде ауруханаға жатқызды.
«Балалар сыртқа шықпайды, серуендемейді, адамдардан қорқады, маугли сияқты. Анасының айтуынша, олардың денсаулығы жыл сайын нашарлай берген. Ал шамамен бір жыл бұрын жүрмей қалған», - дейді еріктілер.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың бірде-бірі медициналық мекемеге тіркелмегені және дәрігерлерге қаралмағаны анықталды. Отбасы Екібастұзға 3 жыл бұрын ауылдан көшіп келген, жалдамалы пәтерде әкесінің кездейсоқ табысы мен балалардың 27 жастағы анасы алатын жәрдемақыға тұрады. Қазір балалар Павлодар облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр.
«Балаларда пневмония өршіп кеткен, жағдайы орташа ауыр, біреуінен ковид расталды. Сондай-ақ олардан рахит анықталды. Ата-анасы оларды неге емдемегені белгісіз. Кеше біз балаларға киім, ойыншықтар жинап, ауруханаға жеткіздік. Біз балаларды әлі де құтқаруға болады деп үміттенеміз, мүгедек болып қалмаса екен», - дейді Былинина.
Оның айтуынша, қазір ерлі-зайыптыны ата-ана құқығынан шектеуге құжаттар дайындалып жатыр. Ал Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев жағдайға түсінік берді.
«Біз өзіміз таңғалып отырмыз. Барып келдік, сұмдық. Олар ешқайда тіркелмеген. Енді себебін анықтап жатырмыз. ХХІ ғасырда мұндай қалай болуы мүмкін? Отбасына барлық көмек көрсетіліп жатыр», - деді ол.
Қала басшысы қабылданған шаралар туралы толығырақ ақпаратты кейінірек хабарлауға уәде берді.