Түркістан облысында 23 балабақша мемлекеттен артық қаржы алып келген

Түркістан облысында 23 балабақша мемлекеттен артық қаржы алып келген

Түркістан облысында 23 балабақша мемлекеттен артық қаржы алып келген
ашық дереккөзі
Түркістан облысында 23 жекеменшік балабақша жабық тұрса да, «жұмыс істеп жатырмыз» деген желеумен мемлекет қазынасынан қаржы алып келген, деп хабарлады turkystan.kz ernur.kz-ке сілтеме жасап. Еске сала кетсек, 2018 жылы Білім және ғылым министрі мектепке дейінгі мекемелерді қолдау мақсатында бала басына қаржы бөлуді ұсынып, ол жоба іске асырылған еді. Алайда, жекеменшік балабақша салып, мемлекеттік тапсырыспен қаржы алған кейбір «қомағай» кәсіпкерлер заңды белшесінен басқан. Бұл туралы Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеме жасады. Басқарма ақпаратына сүйенсек, облыстағы мемлекеттік тапсырыс алатын 1393 балабақша балалар санын 154 214 деп көрсеткенмен, нақты қызмет көрсетіп отырған бала саны мен төсек орындары ол мәліметке сай келмеген. Осы орайда, жүргізілген зерделеу барысында 150 811 баланың құжаты қаралып, нақты балабақшаға баратын бала саны 73 пайызды ғана құрайтыны анықталған. Нақтырақ айтқанда, балабақшалардың құрылтайшылары тізімде бар, бірақ балабақшада жоқ 3420 бала үшін мемлекеттен қаржы алып отырған. Өңір балабақшаларындағы мұндай заңбұзушылықтар пандемия басталып, тексерулер азайған кезде бастау алған. Дегенмен мемлекет балабақшалардың жұмысын тоқтатпас үшін қажетті қаржыны толық беріп отырған. Соның салдарынан қаржы тапшылығы болып, жалақысы кешеуілдеген балабақша басшылары шу шығарған. Сондай-ақ, қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының облыс бойынша филиал директоры Дильдар Қабибованың айтуынша, өңірде осы күнге дейін жан басына шаққандағы қаржыландыру ең төменгі мөлшерде төленіп келген. Мысалы, басқа өңірлерге қарасты ауылдарда әр балаға 45 мың, қалалық жерде 41 мың теңге төленсе, Түркістан облысында әр балаға 25 мың теңгеден төленген. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың сөзіне сүйенсек, кейбір балабақшаларда балалардың бір бөлмеде ойнап, тамақ ішіп, тіпті сол бөлмені әжетхана ретінде пайдаланатыны анықталған. Ал облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев бұлардың бір қарағанда-ақ көзге түскен кемшіліктер екенін алға тартып отыр. Оның айтуынша, нақты қандай құқық, қандай заң ережелері бұзылғанын құзыретті органдар анықтайтын болады. Ол үшін мониторингтік зерделеу жұмыстары барысында анықталған мәліметтер республикалық экономикалық тергеп-тексеру қызметіне жолданған. Одан бөлек, құқықбұзушылық көп орын алған 4 ауданда адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшылары қызметінен босатылды. Басқарманың аталған салаға жауапты меңгерушісі қатаң сөгіс алып, басқа да кінәлілерге тәртіптік шара қарастырылып жатыр.