«Тек бастықтардың етін сатамыз»: «Алтын Орда» базарында әлі тәртіп жоқ

«Тек бастықтардың етін сатамыз»: «Алтын Орда» базарында әлі тәртіп жоқ

«Тек бастықтардың етін сатамыз»: «Алтын Орда» базарында әлі тәртіп жоқ
ашық дереккөзі
«Алтын Орда» базарына барып, тауар бағасын бағамдап қайтқан 31 арна тілшілерінің хабарлауынша, базар кәсіпкерлері басшылық айтқан тауарды ғана сатуға мәжбүр. Ал делдалдар азық-түлік құнын шаруа қожалықтары төмендетпейінше, өз бетінше түсіре алмайтынын айтады деп хабарлады turkystan.kz. Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, Президент тапсырмасына сай, таяу күнде базарға арнайы комиссия барады. Алайда әзірге базар бағасы жоғары. Ет павильонындағы көпшілік көп тұтынатын сиыр етін сатушылар 2 160 теңгеден алып, 2,5 мың теңгеден сатып жатыр.
«Бұрын «оптовиктерден» көтерме бағамен алушы едік. Олар жеңілдік жасайтын. Өкпе-бауырды тегін беретін. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Тек бастықтардың етін сатамыз», – дейді кәсіпкер Сақыпжамал Әшімова.
Ал көтерме бағамен көкөніс сататын делдалдар шаруа қожалықтары қойған бағаға 5-10 теңге ғана қосатынын айтады.
«Қазір қаптап алатындарға пиязды 70, картопты 180, сәбізді 140, қырыққабатты 240 теңгеден беріп жатыр. Дәл осы делдалдардан өнім алған кәсіпкерлер базардағы павильонның ішінде келілеп сатады. Картоп пен сәбіз – 250, пияз – 160, қырыққабаттың келісі – 350 теңге», – дейді 31 арна тілшісі.
Алайда, делдалдардың айтқан бағасы рас болса, саудагерлер үстінен 50 теңге қойдық деген баға шықпайды. Мәселен, пиязға 90, картопқа 60, сәбіз бен қырыққабатқа 110 теңге қосылған. Бұл – сапасы едәуір жақсы деген өнімдердің құны. Ал базар әкімшісі бағаға мүлдем араласпайтынын, тек жерді жалға берумен айналысатынын айтып отыр.
«Саудагерлер бағаны өздері келіседі. Кәсіпкерлердің барлығы тіркелген. Бірақ неге түбіртек бермейтінін білмеймін, адамдар да сұрамайды ғой», – дейді ALTYN ORDA KAZTRADE ЖШС директорының орынбасары Жұмадин Патов.