Азық-түлік үшін несие алған Аir Astana қызметкерлері митингке шықпақ
Азық-түлік үшін несие алған Аir Astana қызметкерлері митингке шықпақ
Қазақстандық Air Astana әуекомпаниясының қызметкерлері жалақының өте аз мөлшерде өсуіне наразы болып, азық-түлік сатып алу үшін несие алуға мәжбүр болып жүргендерін айтты. Сол себепті, олар митингке шығуға да дайын екен, деп хабарлады turkystan.kz.
«Air Astana компаниялар тобы соңғы 2 жыл ішінде пандемияға қарамастан, қаржылық тұрақтылықты және жұмыс орындарын сақтау үшін бар күшін салып жатыр. Air Astana осы саладағы көптеген компаниялармен салыстырғанда қызметкерлердің қысқаруына жол бермеді», – деп мәлімдеді әуе компаниясы.
Сондай-ақ компания тасымалдаушы өткен жылы ойлағаннан тез қалпына келгенмен, сол кезең инфляциямен тұспа-тұс болып қалғанын мәлімдеді.
«Бұл екі фактор кейбір қызметкерлер тарапынан жалақыларына қатысты наразылыққа алып келді. Осыны ескере отырып, әуе компаниясы өткен жылдың шілдесінен бастап қызметкерлердің жалақысын қалыпқа келтіруге тырысып жатыр. Бортсеріктердің, жердегі қызмет агенттерінің және клининг қызметкерлерінің жалақысы қайта қаралды», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Қазір жолаушыларды ақпараттандыру және қызмет көрсету орталығының механиктері мен агенттерінің жалақысы қайта қаралып жатыр. Былтырғы жақсы нәтижелердің арқасында барлық қызметкерлерге 25 ақпанға дейін компания есебінен бонус төленеді.
Өз кезегінде компания барлық даулы мәселелер кәсіподақтардың қатысуымен келіссөздер арқылы шешілетінін жеткізді.