Жаңалықтар

Әділбек Жақсыбеков кәсіпкерлерге ашулы

ашық дереккөзі

Әділбек Жақсыбеков кәсіпкерлерге ашулы

«Атамекен» ұлттық палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен астаналық кәсіпкерлер Астана қаласы әкіміне түйіткілді мәселелерді жеткізу үшін биылғы жылы да дәстүрлі басқосу өткізді. Іскер топ өкілдері өтініш-шағымын арқалай келіп, бұл жолы өздері сөз естіп қайтты. Басқосу барсында сұрақ-жауап бөлімі басталмай жатып, Жақсыбеков бизнесмендерді біраз «тәртіпке» салды. Әсіресе, кей кәсіпкерлердің салақтығын беттеріне басты. Қала әкімі он тоғыз адам жаппай уланған Астанадағы мейрамхана мәселесін әлі ұмыта қоймапты. Жиын барысында Әділбек Жақсыбеков: «Қоғамдық тамақтану орындарының қожайындары заңды белден басып, қызметкерлер санитарлық кітапшаларды сатып алады»,- деп ойында жүрген дүниені айттып қалды. «Дәмхананың, сауда орнының, мейрамхананың маңы көктайғақ, батпақ. Қожайынның қолға күрек алып оны тазартуға құлқы жоқ. Бәрі «ай қарап», коммуналдық қызмет өкілдерін күтіп отырады. Ал бас қаладағы кейбір мекемелердің сыртқы атаулары кетік. «Әріптер түсіп қалған. Кешкісін шамдары жанбай, көзге қораш көрінеді», - деді әкім.

Мұндай кей жайттар сосын күлкіге айналып, «абыройсыз атаулар» жұрт арасында кең тарап кететінін Жақсыбеков жақсы біледі екен. Әкімді осы мекеме иелерінің немқұрайдылығы және таңқалдырды. Қала мейрамханаларындағы жайсыз жайттарға тоқталған Астана әкімі ашуын жасыра алмай: «3-5 күн бөліп, шын тексерістен өтіп, заңды рұқсат алу, соншалықты қиын ба? Бұл тек жауапсыздық. Бизнестің беделіне кір келтіру»,- деп кәсіпкерлердің бетін қызартты. Жақсыбеков сабасына түскен соң кәсіпкерлер өз салаларындағы шешімі табылмай отырған мәселелерге тоқталды.

Оның ішінде банктерден несие алудың қиынды мен машахаты сөз болды. Тіпті, жаңа инновациялық құрылыс материалдарын сата алмай отырғанын айтып, шағымданғандар да болды. Жақсыбеков алдымен бизнес жоспар құрып, нарықты зерттеуге, маркетологтардың көмегіне жүгініп, бастаған істің қаншалықты табысты боларын жан-жақты зерттеуге кеңес берді. Ақыл айтып болғаннан кейін өз тәжірибесін де еске алды. «Осыдан 20 жыл бұрын кәсіпкерлікті қолға алған кезімде біз де барлық тауар сатылымда болады деп сенген едік. Содан бері қаншама уақыт өтті. Бұл мәселені бірігіп шешуге кеңес беремін. Менің қабылдауыма жазылыңыздар, сосын сіздерге кәсіпкерлік саласындағы сату мәселесіне қатысты өз тәжірбиеммен бөлісемін»,- деді Әділбек Жақсыбеков.

Айта кету керек, бүгінде Астанада 60 мың шағын және орта бизнес нысандары жұмыс істейді. Оған 233 мың жұмыскер тартылған. Бизнес субъекттері өткен жылдың 9 айында 2,3 триллион теңгенің тауарын шығарды. Құрылғанына көп бола қоймаған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік өкілдері шенеуніктерден қолдау таппайтындықтарын айтып жиі шағым түсіретіндігін білеміз. Әкімдердің жеке қабылдауында болмағанымен, кісіпкерлер жылына бір немесе екі рет кездесу өткізіп тұруға ниетті. Елордасы Астана қаласының әкіміне де басқосу соңында кәсіпкерлермен жиі кездесіп тұруға ұсыныс түсті.