«Жастар кездейсоқ табыстың арқасында өмір сүріп жүр» - Бейсенбаев

«Жастар кездейсоқ табыстың арқасында өмір сүріп жүр» - Бейсенбаев

«Жастар кездейсоқ табыстың арқасында өмір сүріп жүр» - Бейсенбаев
ашық дереккөзі
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мәселесіне қатысты Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады. Өз сауалында депутат жастар арасындағы жұмыссыздыққа қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Ол енжарлықтың шырмауында кеткен жастарымызға барынша қолдау көрсетіп, оларды «еңбек - бәрін жеңбек» қағидатын ұстануға шақыру қажеттігін атап айтты. Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, жыл басында болған оқиғалар мемлекеттік саясаттың әділетті әрі ашық жүргізілуін талап етуде. Сондықтан бүгінде бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялық мәні жастардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтерумен тікелей байланысты.
«Жастар арасында адал еңбектің лайықты бағаланбауы олардың ортасында қылмыстық топтармен байланысы бар азаматтардың көлеңкелі лидерге айналуына әкеліп соқтырды. Мұндай топтар әлеуметтік желілер арқылы өздерінің патша өмірлерін көрсетіп, талай жастарымыздың санасын бұзып келеді. Тіпті, кейбірі соларға қарап бой түзейтін болды. Бұдан бөлек, көлеңкелі саудасы орасан, әділетсіз делдалдық жүйе қалыптастырған «Алтын орда» сияқты базарларды заманауи ашық бизнес орталығына айналдыру сондағы жастардың сапалы әлеуметтенуіне шынайы септігін тигізетіні сөзсіз. Президентіміздің «Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет» деген бастамасы әрбір жастың ұстанымына айналуы тиіс деп есептеймін. Неге десеңіз, Мемлекет басшысы қоғамда ұлтты жегідей жейтін кеселдердің бірі – масылдықты тілге тиек етті. Жұмыс істеудің орнына жақындарына ауыртпашылық салып, өз өміріне деген жауапкершілікті сезінбейтіндер де баршылық. Әрекетсіздік пен енжарлықтың шырмауында кеткен жастарымызға «еңбек - бәрін жеңбек» қағидатын ұстануға шақырамын. Дәл қазір елге көмекті еңбекпен көрсететін уақыттың жеткенін мойындауымыз қажет», - деді депутат.
«Nur Otan» фракциясы «Жас депутаттар» корпусының мүшесі өз сауалында еліміздегі жастардың мәселесіне байланысты қағаз жүзінде даярланатын ақпараттар мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейтініне қынжылыс білдірді. Сондықтан жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше назар аудару керектігін атап өтті. Әсіресе, NEET санатындағы жастардың көбі кездейсоқ табыстың арқасында өмір сүреді. Осы ретте 700 мың жұмыс орнын ашу іс жүзінде орындалуы керек. Ал жастарға арналған бағдарламалар жайлы ақпараттан олардың көбі хабарсыз.
«Иә, бүгінгі еліміздегі әл-ауқаттың көрсеткіштеріне көңіліміздің толмайтыны анық. Дегенмен біздің өзге Отанымыз жоқ. Сондықтан жұмыс күштері жетіспейтін өңірлерге көшу арқылы әрбір жас қазақстандық өзінің жұмысыздық мәселесін шешіп қана қоймай, ел дамуына елеулі үлес қосады. Ішкі миграция мәселесіне оң көзбен қарайтын кез келді. Солтүстік, Шығыс өңірлердегі ауылшаруашылық, қызмет көрсету, кәсіпкерлік пен тұрақты жұмыс орындары бойынша бағыттарды игеретін де жастар. Шындығында бұл бағыттағы жұмысты жүйелендіру, «балық бермей, қармақ беру» принциптеріне сай ұйымдастырылуы шарт. Бұл Үкіметке басты міндет болуы қажет», - деді Елнұр Бейсенбаев.
Сондай-ақ депутат әріптестерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты көптеген мәселені талқылап, алдымызға нақты міндеттер қойғанын еске салды. Бұл міндеттердің басым бөлігі елдің үштен бір бөлігін құрайтын жастарды (14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны – 6,2 миллион) қолдауға бағытталуы тиіс.
«Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Сондықтан еліміздің жастарына қайыспай біртұтас қауым болып, адал еңбек пен «еліме не беремін?» деген қағиданы ұстану қажет екенін айтамын», - деді Елнұр Бейсенбаев.