ШҚО-да газ баллондар тиелген көлік жарылып, өрт 1,5 сағатта әзер сөндірілді (ВИДЕО)
ШҚО-да газ баллондар тиелген көлік жарылып, өрт 1,5 сағатта әзер сөндірілді (ВИДЕО)
Шығыс Қазақстан облысында жүк көлігі отқа оранып, жол қозғалысы уақытша тоқтатылды, деп жазды turkystan.kz.
ТЖД өкілдерінің айтуынша, оқиға 9 ақпан күні сағат 21.00 кезінде болған. Ұлан ауданындағы Таврия ауылынан 20 шақырым жердегі «Өскемен-Семей» тас жолында газ баллондар тасымалдап келе жатқан «Скания» автокөлігі өртенген.
Қауіпсіздік мақсатында полиция жол қозғалысын уақытша тоқтатты. Оқиға орнына Апаттар медицинасы орталығы трассалық медициналық-құтқару пунктінің дәрігерлері келді.
«Өртті сөндіруге департаменттің жеке құрамы мен 2 арнайы техникасы жұмылдырылды. Баллондар бірінен соң бірі жарылғандықтан, өртті тез арада сөндіру мүмкін болмады. Жарылыстар тоқтаған соң өрт сөндірушілер баллондарды суыту және өртті сөндіру үшін су құйды. Сөйтіп, өрт 22.35-те ауыздықталды. Зардап шеккендер жайлы ақпарат түскен жоқ. Көлік жүргізушісі де дін аман», - делінген ведомствоның хабарламасында.